Еліміздегі буырқанған индустриялық-инновациялық даму қозғалысынан уақыттан оза жүру екпіні байқалатындай. Қарап отырсақ, «Вектор» комбайн зауыты» серіктестігінің құрылғанына төрт жылға аяқ басып қалыпты. Алдымен астықты өңірде қол жетпейтіндей көрінетін комбайн шығарылады дегенге тосырқай қарайтын диқан қауым, «Векторды» өзінің шешуші өндірістік буыны санайтындай жағдай қалыптасқан қазір. Мұнда күн санап жаңа техникалар теміржол платформаларына тиеліп, Қазақстанның түкпір-түкпіріне сапар шегіп жатады. Көкшетаудың көшелерімен маң-маң басқан «дала кемелеріне» жол беріп, құрмет көрсеткен жергілікті жүргізушілерге де риза боласың. Астықты өңірдің азаматтары осылай тәрбиеленген!
Елге игілік қосқан кәсіпорынның Көкшетауда ашылуы заңдылық болмағанымен, қажеттілік екендігі айқын. Бұрнағы жылдары «Ростсельмаш» комбайн зауыты» ААҚ Қазақстан рыногына жыл сайын 200-300 комбайн жіберіп отырды. Әрине, қалта қағылатындай бағамен. Республикамыздың тиімді агроөнеркәсіптік саясаты бұл техникаларды осында құрастыру жөнінде шешім алғаны құптарлық. Нәтиже сұраныстың тез өтелгендігінде болып отыр.
Бастапқыда, 2012 жылғы астық орағы қарсаңында зауыт ұжымы 18 комбайнды сынақтан өткізіп, «ҚазАгроҚаржы» желісімен саудалай білді. Кәсіпорын мамандары науқан бойы астықты алқаптарда болып, жергілікті техниканың жүріс-тұрысын, өнімділігін жіті бақылауға алған. Жетілдірілетін тұстары да пысықталған. Осының арқасында, одан кейінгі екі жылда Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының аграршыларына 228 дана техника жөнелтілді.
– «Вектор-410 КZ» – астық жинау комбайндарының жаңа толқыны, – дейді бізбен әңгімесінде кәсіпорын директоры Юрий Башуров. – Мұнда ауылшаруашылық машина құрылысы саласындағы соңғы жетістіктердің бәрі топтастырылған. Әмбебап комбайн 6-7 және 9 метрлік шалғымен жарақтанып, кез келген алқаптағы жұмысты сапалы атқарады.
Сондай-ақ, бұл машиналарды науқан бойы пайдаланып, астық, күнбағыс, жүгері, рапс, екпе шөптерді жинауға жегуге болады. Механизаторлар үшін қажетті қолайлылықтар кеңінен қарастырылған.
Кәсіпорын озық иеялар сабақтастығына ден қояды. Бүгінгі күні мұнда «Вектор-410 КZ» астық комбайндарын толық құрастыратын кәсіпорын құрылысы» инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Интеграциялық бастама «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы мен өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген. Биыл «Ростсельмаш» ААҚ көкшетаулық әріптестеріне «Вектор» комбайндарының барлық модельдік тізбесін құрастыру және сауда айналымына шығару құқығын беріп, үлкен сенім артып отыр.
Қазір зауыттың 2,3 миллиард теңгеге бағаланған қосымша құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Үш кезеңмен атқарылатын жобаны тағы да «ҚазАгроҚаржы» қаржыландыруда.
Бүгінгі күні жетілдірілген өндірістік инфрақұрылым, байланыс, жылу, су және электр қуатымен қамтасыз ететін инженерлік жүйелер пайдалануға дайын. Бұған қоса, кәсіпорынның жеке теміржол тұйығын салу мәселесі де шешімін таппақ. Зауыт ұжымы мұны мемлекеттік қолдаудың жемісі деп біледі.
Ізденіс үстіндегі кәсіпорын, осымен бір мезетте, «Акрос» комбайндары мен «Агросоюз» пневматикалық тұқымсепкіштерін шығару ниетінде екендігінен хабардар болдық. Бұл үшін эксперименттік екі дана машина әкелініп, үлгі бойынша жұмыстар басталыпты. Сондай-ақ, жақын болашақта тіркемелі агрегаттар үшін «VERSATILE-2375» маркалы тракторларды желіге қосу жоспарланған. Мұның өзі, инвестициялық жоба толық қуатына енген тұста, Көкшетау зауыты Қазақстанның агроөнеркәсіп саласын жылына екі маркадағы 500-600 дана комбайнмен қамтамасыз етеді деген сөз.
– Өнімді өткізу мәселесі жан-жақты ойластырылған, – дейді Ю.Башуров біздің көкейдегі сұрағымызды дөп басып.
Қолдағы деректер бойынша, өткен жылғы орақ науқанына 48 мың астық жинау комбайны қатысқан, мұның 75-80 пайызы ескірген техникалар. Оның үстіне, қазіргі тәжірибедегідей, Қазақстанға шетелдік фирмалардан жыл сайын 1200-1500 дана комбайн жеткізе беру мүмкін емес. Ендеше біздің әлемдік стандарттардағы техникаларды шығаруға тырысып, ішкі-сыртқы рыноктағы бәсекелестікке қосылуымызға мүмкіндік ашылады деген ойдамыз. Конвейерлердегі жабдықтар тізбесінде қазақстандық үлестің көбеюі баға саясатына да ықпал етеді. Сондай-ақ, зауыт өнім сапасына кепілдік берумен қатар, сервистік жүйенің ауқымын кеңіте түсетін болады.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.