Елді ел ететін – еңбек
Ақтөбе жылу-электр орталығы – қаланы ыстық сумен және жылумен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір стратегиялық кәсіпорын. Мұнда жұмыс істеудің жауапкершілігі өзге кәсіпорындарға қарағанда жоғары болатыны да сондықтан. Сонау кеңестік кезеңде орталықта қадау-қадау ғана қазақтар еңбек ететін-ді. Ол кездегі саясаттың салдары болар, қазақтарды мұнда көп жолата бермейтін. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде мұнда жұмыс істейтін қазақтар қатары молая түсті. Бұл біздің өз қолымыздың өзімізге жетіп, ұлттық кадрларымыздың өскенін көрсететін жайт еді. Жақында осында әкелі-балалы Әли мен Болат Жұмекешовтер еңбек ететінін естіп, кәсіпорынның кадр бөліміндегілермен кездесу жәйін келіскенбіз. Десек те, қазір «Ақтөбе жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамы атанған кәсіпорынға кірудің өзі оңай болмай шықты. Күзет күшті, тексеріс мықты. Бұл да түсінікті, бүкіл қаланың 70-80 пайызын ыстық сумен және жылумен қамтамасыз етіп отырған орталықта осындай тәртіп болуы заңды да. Алдын ала хабарланғандықтан болар, акционерлік қоғам бас инженерінің пайдалану жөніндегі орынбасары Болат Жұмекешов бізді өз жұмыс орнында күтіп отыр екен. Келу мақсатымызды айтқан соң, отынмен қамтамасыз ету және су қыздыру қазандығы учаскесінің бастығы болып істейтін әкесі Әлиге ішкі байланыс арқылы хабарласып, уақыт бөліп, келіп кетуін сұрады. Көп кешікпей орта бойлы жігіт ағасы есіктен күлімдеп еніп келе жатты. Аман-саулықтан соң-ақ, әңгімеміз жарасып жүре берді. Кісі жатырқамайтын жайдары мінезді, қарапайым жан екендігі аңғарылады. – Мен өзім қызылордалықпын. Арал ауданының Бөген ауылында балықшының отбасында дүниеге келдім. Отбасында он бала болдық. Мен 1966 жылы осындағы орта мектепті бітірген соң Арал қаласында құрылыста екі жыл еңбек еттім. Жасымда әлжуаздау болдым. Әкемнің құрдастары «Жұмекеш сенің мына балаңнан балықшы шықпайды» деп қалжыңдайтын менің ара-тұра теңізге балық аулауға шыққандағы қимылымды көріп, дене тұрқыма қарап. 1968 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, екі жыл әскери борышымды Чехославакияда өтеп қайттым. Екі жылдай жұмыс істеген соң Шымкент энергетика техникумына оқуға түсіп, 1975 жылы жолдамамен осы Ақтөбе жылу-электр орталығына жұмысқа орналастым, содан бері бір орында тапжылмай еңбек етіп келемін, – дейді Әли ағамыз шапқан аттай шапшаң уақыттың артта қалған жылдарына ойша оралып. Жылу-электр орталығындағы еңбек жолын бу қазандығы цехында қазандық машинисінен бастаған еңбекқор жігіт көп ұзамай-ақ өзін көрсете білді. Аға машинист, ауысым бастығы, бу қазандығы цехы бастығының орынбасары бола жүріп, өзіне бекітілген өндіріс учаскесіндегі жұмыстың қыр-сырына қанықты, кәсіби біліктілігін жетілдірді. Осындағы қондырғылардың жұмыс процесін бес саусағындай жетік біліп алды. Бұл оны әріптестері арасында биік беделге көтерді, кәсіпорын басшылығының сеніміне кірді. Оны көп ұзамай бу қазандығы цехының бастығы қызметіне жоғарылатты. Әли Жұмакешов осы кәсіпорында цех бастығы болған алғашқы қазақ екен. Өзі де жұмысқа тындырымды жігіт қашанда сенім үдесінен көріну керектігін ешқашан естен шығарған емес. – Бұл кәсіпорында қазақ жұмысшылары сирек болатын. Мен өзім су қыздыру қазандығы цехын басқарған сегіз жылда осында еңбек ететін қазақтарды 80 пайызға дейін жеткізуге ықпал еттім. 2002 жылы қазір өзім басқаратын отынмен қамтамасыз ету және су қыздыру цехына ауыстым. 2012 жылы еңбек демалысына шықтым. Алайда, кәсіпорын басшылығы әлде де жасай тұрыңыз, жастарға тәлімгерлік етіңіз деген соң еңбектен қол үзбей жүрмін. Қазір өндірісте ең үлкені мен болып қалдым. Жантілеу Құрманғазин, Қадір Қайболдин сынды шәкірттерім өзіммен қоян-қолтық еңбек етеді. Жалпы, біздің цехта 23 адам бір кісінің баласындай ынтымақта жұмыс істеп жатырмыз, – дейді ол. Әли Жұмекешов еңбекқорлығымен бірге өнертапқыштығымен де өзгелерге өнеге болып жүр. Ол кәсіпорынның қондырғыларын дамытуға және жаңғыртуға елеулі үлес қосып келеді. Жаңа қуаттарды, №1, №2 және №3 стансалардың турбоагрегаттарын пайдалануға беруге тікелей қатысып, №1 және №2 газ бөлу пункттеріндегі есептегіш тораптарды қайта жарақтандырудың басы-қасында жүрді. Жоғары қысымды бу қазандығының білтелерін қайта жарақтандыруға қатысып, суды айдау бойынша электрлерді қайта жарақтандыру бойынша рационализаторлық ұсыныс жасап, оны өндіріске енгізуде де үлесі мол. Осындай қажырлы еңбегі және өзі басқаратын еңбек ұжымында өндірістік табыстар мен тәртіпті, сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін Әли Жұмекешов Қазақстан энергетика ассоциасының еңбек сіңірген энергетигі және энергетика ардагері атанды, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерейтойлық медалінің иегері. Әли аға Күнікей жеңгей екеуі үш бала өсіріп, тәрбиеледі. Үлкен ұлы Болат әке жолын лайықты жалғастырып келеді. Қызы Гүлмараш та, екінші ұлы Аман да өз өмір жолдарын тапқан. – Мен о баста экономика мамандығын игерсем бе деп жүретінмін. 1994 жылы Сазды шағын ауданындағы №4 орта мектепті бітірер қарсаңда Алматы энергетика институтының көшпелі емтихан қабылдау комиссиясы келіп, №23 орта мектепте құжат қабылдап жатқанын естідім де, тәуекел деп сонда тапсырдым. Жолым болып, сол жоғары оқу орнына түсіп кеттім. Тікелей өндірістік процестерге араласқым келді, мен энергетик мамандығын қаладым. Институтты тәмамдаған соң тура осында келіп, жұмысқа орналастым. Әке өнегесі бар, өзімнің ұмтылысым-ұстанымым бар, ортаға тез сіңісіп, мамандығымды тез меңгеріп кеттім, – дейді Болат Әлиұлы бізбен әңгімесінде. Болат та әкесі сияқты ұдайы ізденіп, жаңалыққа жақын жүреді. Еңбек жолын монтерліктен бастаған жас энергетик аға кезекші электрик-монтер, электр цехының ауысым бастығы, электр цехының пайдалану жөніндегі бастығы, осы цехтың бастығы болды. Былтырдан бастап осы жаңа қызметіне тағайындалды. Кәсіпорында желдеткіш градиринді қондыру және пайдалануға беруге, тұрақты ток щитін қайта жарақтандыруға, №3 су қыздыру қазандығын алмастыруға және іске қосуға қатысты. Жылу-электр орталығындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға тікелей атсалысып келеді. Ол Қазақстан Республикасы энергетика саласының ардагері, Индустрия және жаңа технолониялар министрлігінің Құрмет грамотасының иегері. Әли ағаның інісі Оразалы Бодықов та осы кәсіпорында қазандықтың оператор-машинисі болып еңбек етеді. ...Кәсіпорындағы ауысым аяқталып, жұмысшылар қайтып барады. Топ-топ болып шығып бара жатқан әріптестері бізбен әңгімелесіп тұрған әкелі-балалы энергетиктермен қайырылып келіп, жылы амандасып жатыр. Бұл олардың өз ортасына құрметті де сыйлы екенін көрсетсе керек. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы. Суретте: әкелі-балалы Әли және Болат Жұмекешовтeр.Сенаторлар «Келешек» жинақтау жүйесіне қатысты заңды мақұлдады
Сенат • Бүгін, 22:00
«AMANAT»-та «Ұлы дала» әдеби байқауы қорытындыланды
Руханият • Бүгін, 21:52
Деректер журналистикасы бойынша оқу курсының таныстырылымы өтті
Аймақтар • Бүгін, 21:00
Мемлекет басшысы Талдықорғандағы Үстел теннисі орталығын аралап көрді
Президент • Бүгін, 19:45
«Egemen» де, домбыра да сыйлады
Руханият • Бүгін, 19:30
Қасым-Жомарт Тоқаев «Жетісу» волейбол клубының жай-күйімен танысты
Президент • Бүгін, 19:00