03 Тамыз, 2015

Атырауда «АТГ-Құрылыс» серіктестігінің директоры сотталды

293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
3-8-15-Atyrau sot 01АТЫРАУ. 3 тамыз. Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «АТГ-Құрылыс» серіктестігінің бұрынғы директоры Жанболат Дүйсенбаевқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады. «Сот талқылауында анықталғандай, 2008-2011 жылдары «АТГ-Құрылыс» ЖШС-нің директоры болып жұмыс жасаған кездері Жанболат Дүйсенбаев Атырау облысының Қызылқоға, Құрманғазы аудандарының елді мекендерін газбен қамтуға бөлінген бюджеттік қаржыны талан-таражға салуға суық қолын сұққан. Сол жылдары жобаны жүзеге асыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 37,4 млрд. теңге қаржы бөлінген еді. «АТГ-Құрылыс» фирмасы заң талаптарын өрескел бұзу арқылы өткізілген тендерге қатысып, оны жеңіп шығады. Ары қарайғы жұмыс жобалық-сметалық құжаттарды көрінеу жоғары бағамен жасақтау, жалған келісім-шарттар, атқарылған құрылыс жұмыстары мен жұмсалған материалдардың бағасын анағұрлым жоғарылатып көрсету бағытында өріс алып, бюджеттен түскен қаржы қолма-қол ақшаға аударылып отырылған. Сотта сотталушы өз кінәсін мойындамай, ақтау үкімін шығаруды сұрады», – делінген Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарлама мәтінінде. Сот үкімімен Жанболат Дүйсенбаев Қылмыстық кодекстің 235-бабының 3-бөлігімен (қылмыстық ұйым құруға қатысу) және 176-бабының 4-бөлігімен (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету) кінәлі деп танылды. Оның дүние-мүлкін тәркілеп, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен бірге, оған 4 жыл мерзімге кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Жазасын қатаң режімдегі түзеу колониясында өтейтін болады. Сонымен қатар, Жанболат Дүйсенбаевтан мемлекетке келтірген шығыны үшін ортақ түрде 2,7 млрд. теңге және 27,5 млн. теңге мемлекеттік баж салығы өндіріліп алынды. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек: Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі. Сурет: 24.kz.