Қытайдың Хайнань аралында әлемге танымал «Намыс дода» (Большие гонки) спорттық-танымдық телешоуының түсірілімдері өтті. Аталған сынға отандық спорт және өнер жұлдыздарынан жасақталған Қазақстан командасы да қатысуда. Бұл туралы «Қазақстан» телерадио корпорациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл ойынға Қазақстаннан бөлек, Қытай, Венгрия, Франция және Алжир елінің командалары да бақ сынауда. Бұған дейін Қазақстан осы шоуға үш рет қатысты. Нақты айтсақ, 2007 жылы – 4-орын, 2008 жылы – 2-орын, ал 2012 жылы 1-орынды иеленген еді.
Әрбір қатысушы елден оның танымал тұлғалары: спорт түрлері бойынша әлем чемпиондары, эстрада жұлдыздары қатысады. Қазақстан құраманың бас жаттықтырушысы – ережесіз жекпе-жек бойынша үш дүркін әлем чемпионы, Еуропа және Азия чемпионы, ережесіз жекпе-жек бойынша әлем кубогының игері Ардақ Назаров. Одан бөлек, Қазақстанның бірқатар өнер жұлдыздары командамызды қолдау үшін Қытай еліне аттанды.
Биыл «Большие гонки» жобасының ережелері өзгерді. Енді қатысушылар ойынның әр жарысында жеңіс үшін тер төгетін болады. Бұдан бұрын «Чемпион қабырғасы» ойыны ұпайларды есептеу кезінде маңызды және шешуші болатын. Бүгінгі күні ұпай санын санау және алтын, күміс және қола медальдар әр ойын аяқталған сайын табысталып, ең соңында ойынның барлық кезеңдері бойынша жалпы ұпай есептеледі.
Шоудың телевизиялық нұсқасы «Қазақстан» телеарнасынан алдағы күзде «Намыс дода» атауымен көрсетіледі. Бұл шоу алғаш рет 1962 жылы Францияда Intervilles (қалааралық) деген атаумен пайда болды. Кейін әлемнің 30-дан астам елінде танымал болып, көптеген мемлекеттер қатысатын спорттық-танымдық телешоуға айналды. Ойындардың негізін сол жылдары Францияның президенті Шарль де Голль қалады. Оның мақсаты – халықтар достығын нығайтып, Еуропа жастарының көңілін көтеру.
Жобаның аудиториясы 2 млрд. адамды құрайды. Мұндай аудитория тек Олимпиада ойындарында жиналады. Бұл телевизия дамуындағы әлемдік барлық тенденцияларға сәйкес келетін отандық телевизиядағы ірі көлемдегі және жоғары сападағы бірден-бір шоу.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет:
«Қазақстан» телерадио корпорациясының баспасөз қызметі.