Алланың әділдігін көрмейсіз бе, пендем бір қалыптан жалықпасын, кейде желпініп, кейде серпіліп, сергіп, серілік құрып жүрсін деп күн мен түнді, жылдың төрт мезгілін, тынысы тарылмасын деп ауаны, шөліркегенде тілі құрғамасын деп мөлдір суды жаратыпты. Бірақ кейбір пендесі осының өзін дұрыс пайдалана алмай жан дүниесінде “...бір түрлі мастық пайда болып... ақылдың көзін байлап... күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзінен есеп алмай” (Абай) адасатыны бар. Сол адасудың ең қатерлісі – тойымсыздық көзін байлап, қылмыс жасау. Жазықсыздың жанын жаралау, тәніне дақ салу, тіпті бейкүнә өмірді қыршынынан қию. Осы қасіретке қарсы күрес толассыз жүргізіліп келеді. Дегенмен, ниеті бұзықтар тыйылар емес.
Бұл тақырып кез келгеннің қанжығасына байлана қоятын жеңіл нәрсе емес екені белгілі. Қазақ баспасөзінде қия кеткен қылмысты, заң талабын бұзатын басбұзарларды жазатындар саусақпен санарлық. Оған бару үшін сауатың мықты, заңның тарау-тармағын, бап бағытын жетік білуің, яғни бес қаруың сай болуы керек. Онсыз азуын ақситып, арланмын деп жүргендермен алыса кеткенде төтеп бере алмасың анық.
Көптен бері осы тақырыпқа қалам тартып, қарымын танытып келе жатқан әріптесіміз, Президент сыйлығының лауреаты Александр Тасболатовтың таяуда ғана жарық көрген кітабының аты – “Арылу” екен. Көлемді дүниені зерделей оқып отырғанда жоғарыда ұшқындатып айтқан ойлар бас көтерді. Кітап қазақ журналистикасының хас шебері, көрнекті жазушы Шерхан Мұртазаның алғысөзімен ашылыпты. Қаламгер: “Арылу” атты көлемді публицистикалық-жинақтың баламасы – тазарту. Ерен журналист, көсемсөздің шебері, публицист Александр Тасболатов осы жинағында қазіргі қоғамның зәру проблемаларын көтеріп, оны оңтайлы шешудің жолдарын меңзеген.
Нағыз қаламгер – қоғамның тамыршысы. Кеселден, кесапаттан сақтаушы. “Арылу” осы сипаттағы кітап. Жолы болсын!” – деп ақ батасын беріпті.
Шынында, шамаң жетіп кінәңді, күнәңді түсініп, теріс істеріңнен түңіліп, ақ жолға түсіп арыла алу – нағыз адамның ғана қолынан келсе керек. Бірақ ондай ерлік жасайтындар көп емес. Жемқорлық деген жемір құрт талайдың өзегін кеулеп, нені болса да жұта салатын күйге түсіріп жүр. Бұрын “кеңірдегі кетпеннің ұңғысындай” деген атам қазақта сөз болушы еді, қазір ондай кеңірдектер мұнай құбырынан да жуандап кеткен секілді. Өзгені өзектен тебетін өзімшілдер, өзім үшін дегенде қарақан басын, шырылдаған жанын аямай небір сұмдықтарға баратындар, сөзі бір жақта, ісі бір қияда, “аңқау елге арамза молда” әр тұстан төбе көрсетеді. Бұл үрейіңді ұшырады. Ең ауыры – құбыр – құлқынды толтырып алып, шет елге қашып, онда барған соң өзін судан таза етіп көрсетіп, атажұртындағыларды ақымақ деп білетіндер де шығып жатыр. Мұндайларды жай қашқын деуге бола ма? Жоқ. Ондай жемір қашқындарды Отанын сатқандар, опасыздық жасағандар, аз қазақтың бетіне күйе жаққандар, еліне лаң салғандар десек, қателесе қоймаспыз. Біз неге бұлай шүйлігіп отырмыз? Кітаптың бірін бірі толықтырып отыратын төрт бөліміндегі дүниелерді оқып шыққан соң, дендеп кеткен жемқорлыққа, жат қылық, жат мінез, ұлттық намысы өлгендерге күйінгендіктен осылай деуге мәжбүрміз. Бірінші бөлім “Түрмедегі дүрбелең” деп аталады. Онда қылмыс жасап, мойнына құрық түсіп, жеткен жерім осы екен-ау дегендердің оқиғасы өрілсе, екінші бөлім – “Шек пен шерде” талай тепкі бастан өтіп, бұл күйге қалай түстім деп күйінгендер, “Шындық шыңыраудан шыққанша” деген үшінші бөлімде – өкініштен тірідей өліп, ойдың азабына өртенгендер баяндалады. Соңғы бөлім – “Арылуда” жамандықтан жеріген, жақсылыққа иланатындарды көресің. Жалпы, бұл кітапта қара бастың қамын күйттегендердің, баянсыз тірліктің аз күндік ит тірлігіне исінгендердің, жаптым жала, жақтым күйе деген арсыздардың, оңай олжаға кенеліп, мұратына жетпек болған ашкөздердің қилы-қилы қылықтары суреттеледі. Қылмыстан құтылып кету екінің бірінің қолынан келмейтіні, өліп құтылмасаң, түптің түбінде адамға жасаған қиянатың алдыңнан шығып, темір торға қамалмай қоймайтыныңды әдемі көріністермен беріп отырады.
Шіркін, сол бостандықтың қадірін кейде біле бермейтініміз бар. Бостандықтан айырылу – көрер күнің көр соқыр дегенді білдіреді. Мұны кітаптағы “Түрме тәртібі” деген деректі дүниеден көруге болады. “Түрменің ішінде “көсемдері” мен “құлдары” болады. Бұлар жасырын, заңсыз әрекеттер екендігі сөзсіз. Және оған ешкім тосқауыл бола алмайды. Себебі, теңсіздік барлық жерде бар, оларға бай мен кедей, күшті мен әлсіз, шенеунік пен малай, жалгер мен жалшы деп ат беріп те қойған. Ал түрмедегілер аспаннан түскендер емес, олардың бәрі осы ортадан шыққан, қулық-сұмдықты білетін, тіпті оқыған-тоқығандары да бар, яғни күштіге әлсіз, байға кедей қызмет көрсетуге тиіс екендігін үйренген адамдар”. Мұндай ақиқат сөзге не алып, не қосасың. “Қазақ көрген қасіретте” 1986 жылы ұлттық рухы мықты қазақ жастарының қорлыққа шыдамай, зорлыққа бас имей, жұрт екенін көрсетіп, жұмған жұдырықтай болып, бір үн, бір ұранмен тепсініп тұрып теңдік сұраған сәтін айта келіп, қызметім бар, ертеңгі күнім не болады демей “...алаңға шыққан ұлтшылдар емес, сана сезімі жоғары студенттер” деп желіккендерге қарсы шығып, ұлтшыл атанған, елі үшін біраз қудалауға ұшыраған әскери қызметкер Боташ Қажымовтың ерлігінен сыр шертеді. Иә, тәуелсіздік бастауы, бостандықтың даңғыл жолы сол Желтоқсан көтерілісінің желісінде жатқаны шындық. Біз КСРО деген алып мемлекеттің құлауына негіз қалаған қазақ ұланының алдында әрқашан қарыздар екенімізді өзіміз ғана біліп қоймай, кейінгі ұрпаққа үзбей жеткізіп, Отанды, ұлтты сүюдің, оған қай уақытта да адал болудың үлгісі осы деп ұқтырып отыруымыз керек.
Түңіле қарайтын түрменің ішінде де ізгілікті жандардың бар екенін “Бір тал гүл” атты жазылымнан, басқа да мақалалардан аз кездестірмейсің. Атам қазақ “Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ” деп жатады. Бұл өмір ақиқаты. Біліп тұрып қылмысқа барғандарға, адамға бір-ақ рет берілетін өмірді көпсініп қатер төндіретіндерге, барды місе тұтпайтын міскіндерге аяушылық білдіру – артық. Ал жазатайым жаңылғандар, қосақ арасында кеткендер, озбырлардың құрбандығына шалынғандар туралы әңгіме басқа.
Әрине, адам қылмыскер болып тумайды. Адамды күн кешіп жатқан ортасы, тәрбиесі, әділетсіздік бұзады. Біз қылмыс, жемқорлық туралы айтып жатамыз. Кейде соның себебіне, тамыр тартқан “топырағына” үңілеміз бе? Болдырмаудың жолын алдын ала қарастырып көрдік пе? Әлде болып, бояуы сіңгенде ғана, әттеген-ай, деп бармағымызды шайнап, басымызды шайқап отырмыз ба?
Жалпы, бүгінгі таңда мақтану мен мақтау, кім қызметке ілінсе сенен ірі, сенен мықты адам жоқ деп жағымыз талғанша зарлайтын жағымпаздық бел алып тұрғанын жасыра алмасақ керек. Осы жерде ойымызға Жүсіп Баласағұнның: “Мемлекеттің кемелденуі төрт басқыш арқылы жүзеге асады: әділдік, бақ-дәулет, білім және қанағат” деген сөзі түсіп отыр. Біз осы сөздерді оқып қана қоймай, оған адалдық танытсақ қылмыс азаяры сөзсіз.
“Арылу” бөлімінің беташар мақаласы “Сырқат” деп аталады. Алғашында ауру туралы болар дейсің, сөйтсең ол қанағатсыздықтан туған жемқорлық деген сырқат екен.
Елбасының елдік істегі сара саясатынан, дана ойынан бастау алып ТМД мемлекеттерінің ішінде алғаш рет “Жемқорлықпен күрес туралы” заң, өзге де құжаттар қабылданғаны белгілі. Оны мүлтіксіз орындау жолында да қыруар жұмыстар атқарылуда. Соған қарамай, тәуелсіздігіне үш ғасырдан соң әрең қол жеткізген жұрттың бүкіл үкілеген үмітіне сызат түсіріп, несібесіне ортақтасып, мұнай дейсің бе, басқа дейсің бе, құбыр – құлқынға қиналмай құйып жіберетіндер аяғын тартпай отыр. Бармақ басты, көз қыстыға салынғандар да айылын жияр түрі жоқ. Ондайлар туралы қилы-қилы деректерді автор жеріне жеткізе жазып, өзінің наразылығын білдіріп, “заманың түлкі болса, тазы болып шалудың” қатер екенін алға тарды. Бір өкініштісі, халық қорғаным, қормалым, жақыным, жанашырым деп жүрген құқық қорғау саласының қызметкерлері арасынан да ардан безгендердің шығып қалатыны апыр-ай, ә, дегізбей қоймайды. Мұндай жат істі автор “Тоймаған торға түседі” деген мақаласында әшкерелейді.
Жемқорлық пен жемсауы майланғандар мен тілінгендерді әшкерелейтін “Тойымсыздық торға түсіреді” деген мақаланың соңы былайша түйінделеді. “Иә, айта берсе, мұндай жемқорлық пен мемлекеттің қазынасын талан-таражға салу тыйылмай отыр. Оған қалай, қашан, қайтіп тосқауыл қойылатындығы да белгісіз. Біреу маңдай терімен адал өмір сүргенді пір тұтады, енді біреулер қолдан келсе екі аса деп миығынан күледі. Оның бәрін жұрт уақытқа, “дүние қуған” заманға аудара салады. Бірақ бір тілім нан үшін отбасының қамын ойлаған отағасымен жоғары лауазымын сыбайлас жемқорлыққа арнағандар ісін бір таразы басына салу мүмкін емес шығар”. Бұл – ашынған соң айтылған ащы сөз.
Кітаптың бетін жауып, қылмыс әлемінің хикаяларын көз алдымыздан қайта бір өткізгенде досына адал, жауына қаһарлы, батыр, намысты деген қазақ жұрты мұндай теріс қылыққа, дүмбілез іске қалай барды деген ойға қаласың. “Арылу керек, құтылу қажет жаман әдеттен, жексұрын әрекеттен!” – деп ширығасың.
Александр Тасболатовтың “Арылу” атты кітабының айтпағы да осы.
Сүлеймен МӘМЕТ.