Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жүлдесі үшін Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған ХІV халық ойындары мәресіне жетті. 5 қала, 14 аудан өкілдері қатысқан ауыл спортшылары халық ойындарының оннан астам түрі бойынша жүлделерді сарапқа салды. Нәтижесінде қалалар арасында өскемендіктер 375 ұпаймен топ жарып, кубокты жеңіп алды. Екінші, үшінші орындарды тиісінше Семей мен Зырян қаласының түлектері бөлісті.
Ал аудандар арасында биыл тағы да Жарма ауданының өкілдері ағарып алдан көрінді. Көкпекті мен Тарбағатай аудандарының спортшылары екінші және үшінші орындарға табан тіреді. Биыл қыз қуу, бәйге, қазақ күресі, гір көтеру, жүгіру, басқа да жарыстарда Ұлан, Глубокое, Үржар, Шемонайха, Бесқарағай, Катонқарағай, Зайсан, Аягөз аудандары біршама тәуір нәтижелерге қол жеткізді. Алайда, кейбір аудандарда ұлттық ойындардың деңгейі төмендеп кеткен. Осы себепті, қала мен ауылдар арасында сабақтастық қалыптастыру үшін туризм басқармасы басшылары ауылдарға жиірек барып, халық ойындарының алға басуына назар аударулары тиіс.
Аламан бәйгеде топ жарған курчатовтық Н.Абсалямовтың “Бонапарт” тұлпары “Жигули” көлігін жеңіп алды. Басқа да жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шығыс Қазақстан облысы.