14 Ақпан, 2015

Тамыры терең, тұғыры берік түсіністік

954 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
ЭМБЛЕМА ГОДААқтөбе өңірінде тоқсанға жуық ұлттың өкілдері бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүруде. 2014 жылдың 1 қаңтарына берілген статистикалық деректер бойынша облыс тұрғындарының шамамен 81 пайызын қазақтар, 12,5 пайызын орыстар, 2,9 пайызын украиндар, 1,1 пайызын татарлар және 2,5 пайызын басқа этнос өкілдері құрайды. Орыстар мен украиндардың дені облыс орталығында, Әйтеке би, Алға, Қарғалы, Қобда және Хромтау аудандарында тұрады. Татарлар Мәртөк, Хромтау және Мұғалжар аудандарында қоныстанған. Беларусьтер мен кәрістердің басым бөлігі облыс орталығына табан тіреген. Неміс ұлтының өкілдері Ақтөбе қаласы мен Мәртөк, Қарғалы аудандарында өмір сүруде. Алға ауданындағы Болгарка ауылында бұдан бір ғасырдай уақыт бұрын негізінен бірыңғай болгарлар түтін түтетіп, тіршілік кешкен. Жалпы, өңірді мекендейтін осыншама ұлт өзара араласып, ағайын-достығын нығайтты, татулықтың тамырын тереңге жіберіп, өзара құдандалы болып кеткендері де жетерлік. НуршинЖолдас НҰРШИН, Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі. Елбасы бастамасымен құрыл­ған Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық татулық пен бірліктің, өзара достықтың бұрыннан қалып­тасқан тұғырын бекіте түсті. 2015 жылды Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның жылы деп жариялауында үлкен мән бар. Мұны еліміздегі ұлт­аралық татулық пен бірлікті, достық пен ынтымақтастықты бұрынғыдан гөрі де тереңдете түсудің қадамы деп бағалауға әбден болады. Басты идея – «Менің елім – Мәңгілік Ел» қағидасы болуы да заңды. Елімізді мекендеген барлық ұлттың бас­ты ұстанымы да осы «Мәңгілік Ел» болу екені сөзсіз. Мәңгілік Ел – ақи­қатты білдіретін идея, бұл біздің нақты жоспарларды іс-жүзіне асыру арқылы үнемі алға басуға бағдаршам іспетті мағыналы мақсат. Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы ашылып, аймақтағы ұлттар мен ұлыс­тардың өкілдері өз ана тілін, салт-дәстүрі мен тарихын зерделеп, ұлттық мәдени шара­ларын өткізуге мүмкіндік алды. Бұл істі одан әрі жетілдіру мақса­тында облыстық мәдениет басқармасы жанынан «Достық үйі» ұйымдастырылды. Ал 2009 жылдың қыркүйегінде Ақтөбеде «Достық үйінің» сал­танатты ашылу рәсіміне Елбасының өзі қатысуын ақтөбеліктер әлі күнге мақтаныш сезімімен еске алады. «Достық үйіндегі» этномәдени бірлестіктердің қатары жыл­дан-жылға көбейіп келеді, олар­дың көркемөнерпаздық шығар­машылық аясы кеңейе түсуде. Мұндағы «Достық» балалар шығар­­машылығы студиясында музы­калық, театр, қолөнер, хорео­­графиялық үйірмелер жұмыс істейді және этномәдени бірлес­тіктердің шығармашылық ұжым­дары – хор, ән-би ансамбль­дері, хореографиялық топтар, драма­лық топ, фольк­лорлық-этно­графиялық ансамбльдер халық­қа қызмет етеді. Татар-башқұрт­тардың «Язгы моңнар» халық­тық ән-би ансамблі, неміс­тердің «Файлхен» халықтық хоры, украин­дардың «Оксана» халықтық хоры, «Барвинок» украин үлгілі балалар фольклорлық ансамблі, кәрістердің «Чхинсон» халықтық би ансамблі, орыстардың «Радуга-Престиж» халықтық би ансамблі және «Русская песня» халықтық хоры, қазақтардың «Достық сазы» халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамблі және «Жастық» халықтық би ұжымы қашанда мәдени шаралардың сәнін келтіріп, салтанатын арттырады. Достық қарым-қатынас орнату және тәжірибе алмасу үшін этномәдени бірлестіктер мүшелері алыс-жақын шетелдерге барып, халықаралық, респуб­ликалық фестивальдарға, конференцияларға, форумдарға, семинарларға, тренингтерге және шеберлік-сыныптарына қатысады. Мысалы, «Шекаралас аймақтар фестивалі», «Мәдениет үндестігі», «Дружба без границ», «Татар моңнары», Қазан қаласындағы «Сабантуй» дүниежүзілік татарлар конгресі, Қостанай қаласындағы украин шығармашылығы фести­валі, Орал қаласындағы Саро­чинский жәрмеңкесі, «Аймақтар аламаны», «Иртыш моңы», Көк­шетау қаласындағы «Поющая полония» байқаулары және басқа республикалық тележобалар этностар достығы мен татулығын насихаттауға ықпал етуде. Жалпы, өнер ұлтқа, халыққа бөлінбейді. Жоғары аталған өнер ұжымдарының репертуарларында қазақ әндеріне басымдық беріледі, өзге ұлттардың әндері мен билері орындалады. Өнер халықты жақындастырады. Әрине, бұл бағытта тек өнер саласындағы іс-шаралармен ғана шектеліп қалуға болмайды. Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлігіне 70 жыл толуы қарсаңында этномәдени бірлестіктер арасында «Достық әлемді сақтайды» атты облыстық фестиваль өт­кізілді. «Мемлекеттік рәміздер – теңдігімнің айғағы» тақырыбында өткізілген дөңгелек үстелдің жастарға берер тағылымдық мәні мол болды. Дөңгелек үстелде әрбір азаматтың республиканың мемлекеттік рәміздерін біліп, құрметтеуге міндетті екендігі жастардың жадына салынды. Сондай-ақ, «Экстремизм, терроризм – көпшілікке зиян» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда қазіргі таңда әлемде түбегейлі зерттелмеген өзекті проблемалардың бірі болып табылатын экстремизм туралы кеңінен талқыланды. IMG_2468 «Достық үйіндегі» 19 этно­мәдени бірлестіктің жетеуінде «Жексенбілік» мектептер жұмыс істейді. «Жексенбілік» мектеп оқушыларының тіл оқып-үйренуіне барлық жағдайлар жасалған. Мұғалімдер оқушы­ларға тіл үйретуі үшін жылма-жыл қажетті оқулықтармен қамтамасыз етіліп отырады. Оқу­шылардың рухани мүмкін­діктерін ашу, интеллектісін байыту, мемлекеттік тілге деген қызығушылықтарын, қазақ тілінің қадір-қасиетін арттыру, жеке шығармашылық қабілеттерін дамыту осы мектептер жұмысының негізгі өзегіне айналып отырғанын айту ләзім. Жастар – тәуелсіз мемлеке­тіміздің болашағы, егеменді елі­міздің ертеңі. Сондықтан, жас­тар саясаты біздің қызметіміздің маңызды буыны болып табылады. Қазақстандық патриотизм мен толеранттылықтың қозғаушы күші болып табылатын жастар саясатын жетілдіріп, олардың деңгейін көтеру мақсатында 2014 жылы жас­тармен және балалармен жұмыс бөлімі ашылды. Этносаралық келісімді нығайтуда жастардың рөлін күшейту, мемлекеттік жас­тар саясатын аймақтағы этно­мәдени бірлестіктер арасында түсіндіру мақсатында чешендердің «Синкъерам», татар-башқұрт этномәдени бірлес­тігінің «Чак чак paty», «Очпочмак paty», жас­тар кеші, кездесулер және тағы басқа шаралар өткізіліп тұрады. Қоғамдағы ұлтаралық және кон­фессияаралық келісімді нығайту патриотизмді қалыптастыру, салт-дәстүрді сақтау, біздің бай тарихымызды құрметтеуге жас ұрпақты тәрбиелеу жұмыстарына бағыт­талып ұйымдастырылатын шаралар 19 этномәдени бірлестік жұмысының алтын арқауы болып табылады. Сондай-ақ, жетім балалар мен толық емес отбасынан, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға арналған «Сен жалғыз емессің» акциясы аясында облыстық «Достық үйі» «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында» мәдени, қамқорлық шаралары да тұрақты өткізіледі. Ақсақалдар кеңесі жас­тардың рухани-мәдени тәрбиеге арналған жобаларын іске асыру жолында салт-дәстүрді, отбасылық мұраларды және белсенді өмір салтын насихаттауға ұйытқы болып келеді. Мұндай мәдени-көпшілік, тарихи-танымдық шаралар Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында бұрынғыдан да салмақты және қызғылықты ұйымдастырылатын болады. Осы орайда, алдағы уақытта ЭМБ өкілдерінің арасындағы ХVI об­лыстық «Халық достығы», «Қазақ­стан – достықтың мекені» атты І республикалық этностық мәдениет фестивальдерін өткізу көзделуде. Кеңес Одағының Батыры Ә.Мол­дағұлованың 90 жылдығына орай хор ұжым­дарының арасында «Песни военных лет» атты облыс­тық фестиваль-байқауы ұйым­дас­тырылмақ. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай «Песня без границ» атты халықаралық вокалдық байқа­уын өткізуді ойластырудамыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы мерекесі аясында Тұңғыш Президент күніне арналған ЭМБ шығармашылық ұжымдары арасында өткізілетін «Мәдениет үндестігі» атты V халықаралық фестивалі де өңірді мекендеген этностарды жақындастырып, татулық тұғырын бекіте түсетін шара болады деп ойлаймыз. Соңғы жылдары, өңір­лік ерек­шеліктерді ескере отырып­, об­лыстың этнос­ара­лық қа­тынас­­­­тары мен этноде­мо­гра­фия­лық жағ­дайлары саласына талдау жұ­мыс­тарын ұйымдастыру үшін Ақтө­бе қаласындағы жоғары оқу орындары­ базасында облыс­тық Ассам­б­лея­ның ғылыми-сараптама то­бы құ­рылды. Жыл сайын тәуел­сіз зерттеу орталықтары мен қоғам­­дық ұйымдарды, облыстық ҚХА-ның ғылы­ми-сараптама тобы мүше­лерін тарту арқылы әлеуметтік зерттеулерді ұйымдастыру бойынша жобаларды қаржыландыруға тиісті қаражат бөлініп келеді. Облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінде өңірлік деңгейдегі этносаясатты жетілді­ру және жүзеге асырудың негізгі арналары тәуелсіздікті нығайту­ға, мемлекеттілікті орнықтыру­ға, Қазақстан азаматтарының тағ­дырластығына негізделген ортақ құндылықтар жүйесін қалып­тастыруға, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеяларын дәйекті таратуға бағытталған. Жаңа қазақстандық патриотизмді, ұлттық-мемлекеттік бірегейлікті және ұлттық бірлікті нығайту, азаматтарды патриотизм, тең құқылық және жауапкершілік, толеранттылық пен ел бірлігі, мемлекетке сенім, ел үшін және оның жетістіктері үшін мақтаныш рухында тәрбиелеуге, Қазақстанның ұлттық тарихы, мәдениеті, мемлекеттілігі, Ұлы Даланың тарихи мұрасының сақталуы мен оның Еуразия тарихындағы орны мен рөлі туралы білімді тарату және этностарды қазақтың ұлттық дәстүрлерімен, ұлттық өзіндік ерекшелігін одан әрі таныстыруға арналған іс-шаралары белгіленген. Ассамблеяның 20 жылдығы бұл құрылымның мерейтойын атап өтумен ғана шектелмейді, осы кезең ішінде елімізде бей­біт­шілік пен келісімді сақтап қалу бағытында жасалған жұмыс­тардың қорытындысы шыға­рылады, алдымызға жаңа міндет­тер белгіленеді деп ойлай­мын. Қазақстан халқы Ассам­блеясы жылы біздерге үлкен жауап­кер­шілік, зор сенім жүктейді. АҚТӨБЕ.