Конференция жұмысын ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы — Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ашып, жүргізіп отырды. Ол өзінің сөзінде Қазақстанның ұйым елдері шеңберіндегі белсенді істерін айтып өтті. Соның ішінде әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға арналған бастамаларын, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерін өткізгенін, 29 тамызды Ядролық қарудан бүкіләлемдік бас тарту күні етіп жариялауға, 2010 жылды Мәдениеттер жақындастығы жылы деп атауға қол жеткізгенін айтты. Бүгінгі конференция да Қазақстанның әлемдегі бейбітшілікті сақтау жолындағы сол белсенді әрекеттерінің қатарында деп біліңіздер, деді ол. Бұдан кейін сөз Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді.
Нұрсұлтан Назарбаев қонақжай қазақ даласы өзінің бауырмалдылығымен бағзыдан бері бейбіт өмірдің берекелі бесігі болған, мейірімділік мәдениетінің мәйегіне, дәстүрінің діңгегіне айналған халқымыз қашанда ізгілік жолын ұстап, татулықты ту еткен, сондықтан тағдыр тоғыстырған түрлі этностар мен дін өкілдері қазақ жерінен пана тапқан, дей келіп, толеранттық тақырыбындағы осындай іргелі бас қосудың ұлтаралық келісім мен дінаралық түсіністікті бағдар еткен Қазақстанда өтуінің мәні зор деп білемін, деді. Одан әрі Президент Н.Назарбаев әлемде өткен ғасырдың соңғы және жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығында болған оқиғалар төзімділік деген ұғымның өзіне күрделі өзгерістер әкелгенін, осының салдарынан ЕҚЫҰ кеңістігіндегі саясатқа да нақты өзгерістер енгенін айтты. Этносаралық, мәдени, діндік және өркениеттік өзара іс-қимылдар жағдайына да өзгерістер енді, дей келіп, төзімділік саясатындағы мәселенің төңірегінде екі іргелі өзгерістің бар екенін айтты. Мұның алғашқысына Еуропа құрлығының тарихында халықтардың ұлы көші болған сонау замандардан кейін соңғы жылдары әлемнің басқа аймақтарынан миллиондаған тұрғындардың жаппай көшкені факторын жатқызуға болады. Бұл миллиондар жаңа жерге өздерінің мәдениетін, дінін және құндылықтарын ала барды. Осыдан жиырма шақты жыл ғана бұрын қайсыбір академиялық проблема болған бұл мәселе қазір нақтылыққа айналып отыр. Осындай жағдайда бұрыннан қалыптасқан таптаурындылық, соның ішінде саяси ұстамдылықтың ескі нормалары күл-талқан болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі еуропалық өркениеттің жетістігі болған толеранттылық пен шыдамдылық бүгінгі күні белсенді талқылаудың өзегіне айналып отыр. Біз қазіргі Еуропада саяси құндылықтарға баламалы көзқарастардың барлығын көріп отырмыз. Бұл – саяси қағидат ретінде қарастырылатын төзімділікке скептикалық көзқарас танытатын ұлтшыл және барынша оңшыл партиялардың халықтардың арасында өсіп отырғанынан көрінеді. Сондай-ақ миграциялық саясаттың осыдан жиырма жыл бұрынғымен салыстырғандағы талаптарының қатайып, кедергілерінің көбейіп, тілдік және мәдени барьерлерінің арта түскені – сайып келгенде төзімділік критерийлерін іс жүзінде қатты өзгертіп жіберді. Ең соңғысы ретінде Еуропа құрлығындағы діндік біртектіліктің іс жүзінде адамдарды, өкінішке орай, байланыстыратын емес, айыратын факторға айналып отырғанын айту керек. Сондықтан діндік төзімділік тұрмыстық қана емес, саяси мінездің факторына да айналып отыр. Біз көптеген әлеуметтік, этносаралық, аумақтық кикілжіңдер сырттай алғанда дінаралық кикілжің ретінде басталатынын көріп жүрміз. Осының бәрі Еуропа елдеріндегі төзімділік түсінігінің өзгеруіне ықпал етпей қала алмайды.
Екіншіден, деді одан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы, ЕҚЫҰ жауапкершілік аймағының еуропалық бөлігінде біз күрделілігі мен драмасы кем емес үдерістердің болып жатқанын көріп отырмыз. Ұзақ уақыттар бойы тоталитарлық басқару жүйесінің тетіктері Балтика мен Памир арасындағы орасан үлкен аумақта этносаралық және дінаралық проблемалардың жинақталуын тудырды. Сонымен бірге әділеттілік үшін айтар болсақ, қатаң бақылаулар біраз уақытқа дейін кикілжіңдердің сыртқа шығуына, соның ішінде қарулы қақтығыс түрінде атылуына мүмкіндік бермеді. Бұл “тоталитарлық төзімділік” деп атайтын құбылыс еді. Бірақ ол өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғында-ақ әлсіздігін таныта бастады. Осының кесірі мыңдаған адамдардың көз жұмуына әкеліп соқты. Бүгінгі күні мәселені шешетін ескі тетіктердің жойылуы, жаңаша реттеу жағдайындағы тәжірибенің аздығы, этностық құрамның күрделігі, азаматтық қоғамның әлсіздігі – осының бәрі ЕҚЫҰ-ның еуразиялық бөлігіндегі төзімділік мәселелерін өте өткір етіп отыр.
Осыдан әрі Президент төзімділік мәселесінде Қазақстанның қол жеткізіп отырған табыстары мен тәжірибелерін сөз етті. ЕҚЫҰ-ның кейбір елдеріне элементтері бейімделуге болатын төзімділіктің қазақстандық үлгісінің ерекшеліктері қандай еді, деп алып Елбасы біздің елдің тәжірибесін айтып берді. Біріншіден, біздің модельдің өзегіне қазақ халқының сан ғасырлық тарихында қалыптасқан төзімділік, шыдамдылық, қонақжайлылық, өзге халықтарға, мәдениеттер мен діндерге деген құрметі сияқты қасиеттері алынды. Екіншіден, тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанда төзімділік саяси мәдениеттің нормасы ғана емес, жалпы мемлекеттік саясаттың өзекті қағидаты болды. ЕҚЫҰ кеңістігінде Қазақстанда тұңғыш рет айрықша қоғамдық институт құрылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы деп аталатын бұл институт қазір түрлі этностық топтар мен діни конфессиялардың мүдделерін тоғыстыратын табысты диалог алаңына айналды. Үшіншіден, төзімділіктің қазақстандық саясаты алғашқы кезден-ақ ішкі өлшемдермен қатар сыртқы өлшемдерді де ескеріп отырады. Осындай жағдайлардың арқасында Қазақстанның төзімділік мәселесі жөніндегі саясаты айнымайтын бірізді, болжамды және “екі түрлі стандарттан” ада. Сондықтан да ЕҚЫҰ-ның көптеген елдері Қазақстанның “қиын түйінді кикілжіңдерді” шешуде араағайын болуын қалайды.
Төртіншіден, Қазақстан өркениеттер аралық үнқатысулардың белсенді жақтаушысына айналып отыр. Біздің еліміз мұсылман әлемі мен Батыстың арасындағы диалогтың дамуына жан-жақты жағдай жасайды және Өркениеттер альянсының достары тобының мүшесі. 2008 жылы біздің еліміздің бастамашылдығымен Астанада сыртқы істер министрлерінің “Ортақ әлем: көптүрлілік арқылы прогреске” атты форум өткізілді. Сондай-ақ үш рет болып өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізудің бастамашысы да Қазақстан болғанын сіздер білесіздер. Бүгінгі күні ЕҚЫҰ жауапкершілігі аумағында мәдени, өркениет және дінаралық диалогтарды өткізудің қажеттілігі өте зор, деді Президент.
Одан әрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның төрағасы болып отырған елдің басшысы ретінде ұйымның атқарған кейбір істері және төзімділікті нығайту бағытында атқаруға тиісті мәселелерге тоқталды. Біз ЕҚЫҰ-ның үшінші, гуманитарлық себеті туралы айтқанда оның сайлау үдерістерін қадағалауын ғана есепке алмай жоғарыда айтылған мәселелерді қарастыру қажеттілігін де ескеруіміз керек. ЕҚЫҰ-ның іс-әрекетінде гуманитарлық мәселелер өте маңызды және проблематиканы бір мәселенің төңірегінде ғана шектемеуіміз керек деп ойлаймыз. Сонымен бірге түрлі аймақтардағы төзімділік ісінің оң тәжірибелерін үйреніп, оны таратуды қажет деп санаймыз.
Сондай-ақ бүгінгі күні ЕҚЫҰ-ның далалық миссияларының іс-әрекеттеріне ыждаһатты тексерістер жасайтын уақыт келді деп санаймыз. Әрине, олар экологиядан бастап гендерлік саясатқа дейін көптеген бағыттарда пайдалы әрекеттер жасап келеді. Сонымен бірге олар этносаралық және дінаралық төзімділік істеріне де көңіл аударып, оларды өз әрекеттерінің өзекті мәселесіне айналдырса құба құп болар еді. Өйткені, мұндағы мәселенің бағасы қымбат, ол адам өмірінің қауіпсіздігіне қатер төндіретіні айқын. Егер ЕҚЫҰ-ның далалық миссиялары осы мәселелерді шешуде қосымша күш ретінде атсалысса, онда ол – ұйымның еуразиялық әлемде атқарған зор маңызды ісі болар еді. Сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның өзіндегі таптаурындарды да еңсеру керек. ЕҚЫҰ қатарына енетін елдердегі тілдік, миграциялық, діндік, мәдени, білім беру саясатындағы өзгерістер ұжымдық деңгейде қажетті деңгейде танылмаған. Меніңше, біз бәріміз біріге отырып, соңғы бірнеше жылдардағы төзімділік саясатында болған өзгерістерді саралап, мен шартты түрде атаған: “ЕҚЫҰ: Жаңа онжылдықтағы төзімділік” атты ортақ құжат қабылдауымыз керек. Біз осы мәселені ЕҚЫҰ-ның алдымызда болатын саммитінің күн тәртібіне енгізуді ұсынамыз. Сөзінің соңында Елбасы Н.Назарбаев төзімділікті нығайту бағытында екі түрлі институционалдық ұсыныс жасады. Біріншіден, деді ол, біз ЕҚЫҰ-ның төзімділік пен кемсітушілікке қарсылық мәселелері бойынша Орталығын құруымыз қажет. Орталық Азия – бұл тұрғындары күрделі этностық картина болып табылатын аймақ. Мұнда ғасырлар бойы әртүрлі халықтар тұрып келе жатыр. Қырғызстанда болған кикілжіңдердің ең үлкен зардабы сол, ол аймақта тұратын халықтардың арасына бір-біріне деген сенімсіздіктің дәнін сеуіп кетті. Бұл аймақтағы тұрақтылыққа қарсы зиянды әрекет, ол ЕҚЫҰ-ға мүше барлық елдерге де қатерін тигізуі мүмкін.
Екіншіден, ЕҚЫҰ-ның этносаралық және дінаралық төзімділік проблематикасы жөніндегі рөлін күшейту мәселелерін қарастыру керек. Мен түрлі этностар мен діни бірлестіктердің арасындағы үнқатысулардың жан-жақты дамуына, кикілжіңдердің алдын алуға, жаңадан пайда болған шиеленістерді шешуге мұндай институттың қабілеті әбден жететініне сенемін.
Әлемдегі барлық халықтарда да өшпенділікті өшпенділікпен емес, өшпенділікті өшірумен ғана тоқтатуға болады деген даналық бар, дей келіп, Президент конференция жұмысына табыстар тілеумен сөзін аяқтады.
Оның сөзі үлкен ыждаһатпен тыңдалып, жиналғандар бірнеше рет қол соқты.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтан кейінгі алғашқы сөз БҰҰ-ның Өркениеттер альянсы жөніндегі жоғарғы өкілі Жорже Сампайоға берілді. Ол өзінің сөзінде төзімділік мәселесінің Қазақстан сияқты елде болып отырғанына қанағат білдіретінін жеткізді. Өйткені, Қазақстан қазір оның үлгісін әлемге көрсетіп отыр, деді ол. Одан кейін Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясының президенті Мевлут Чавушоглу құттықтау сөз сөйледі. Ол Қазақстан тарапына көптеген жылы сөздер айтып, төзімділікті әлем Қазақстан тәжірибесінен үйренгенін қалайтынын жеткізді. Одан әрі ЕҚЫҰ Ұлттық азшылық жөніндегі Жоғарғы комиссары Кнут Воллебек, ДИАҚБ/ЕҚЫҰ директоры Янез Ленарчичтер құттықтау сөздер айтты. Одан әрі конференцияның негізгі жұмысы басталды.
Конференция жұмысының шеңберінде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы — Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бірнеше мәртебелі қонақтармен екіжақты кездесулер өткізді. Соның ішінде Қ.Саудабаев БҰҰ-ның Өркениет альянсы жөніндегі жоғарғы өкілі Ж.Сампайомен, ЕКПА Президенті М.Чавушоглумен, ЕҚЫҰ БАҚ бостандығы жөніндегі Арнайы өкілі Д.Миятовичпен, ДИАҚБ/ЕҚЫҰ директоры Я.Ленарчичпен кездесулер өткізіп, маңызды мәселелер бойынша пікір алмасты. Я.Ленарчичпен болған кездесуде тараптар Қырғызстандағы референдумның өткізілуі мемлекеттегі тұрақтылықтың қайта орнауындағы маңызды қадам болып табылады деген пікірге тоқталды. Сонымен бірге Іс басындағы төраға ЕҚЫҰ-ның Ұлттық азшылық жөніндегі Жоғарғы комиссары Кнут Воллебекпен де кездесіп, оның Қырғызстан мен Өзбекстанға жасайтын сапарларының барысын талқылады.
Конференция жұмысы шеңберінде ЕҚЫҰ-ның төзімділік тақырыбына жариялаған фотоконкурсының қорытындысы да жарияланды. 35 елден қатысқан 100 фотографтың жұмыстары арасынан нидерландтық Э.Гурланның, германиялық Р.Кауфманның, беларуссиялық А.Ленкевичтің, украиналық В.Овсянниковтың және бельгиялық И.Розенбаумның еңбектері жеңімпаз деп танылды.
Жақсыбай САМРАТ.
----------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.