Жол-көлік оқиғаларынан апаттар жиілеп кетті. Айға салым уақыт бұрын Шымкентке бір асу қалғанда жолаушылар тиеген шағын автобус жанармай бекетіне бұрылған жүк машинасына соғысып 14 адам бақилық болған. Осындай оқиғаларды есепке алып Оңтүстік Қазақстан облысында республикалық «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
«Автобус» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында жол-патрульдік полиция қызметкерлерімен жолаушы автобус жүргізушілерінің тарапынан жасалған 800-ге жуық құқық бұзушылық анықталды. Олардың ішінде жолаушылар мен жүктерді тасымалдау куәлігінсіз жүргені үшін 106, бұрылу ережесін бұзған 93, көлікті жүргізу кезінде ұялы телефон қолданғаны бойынша 244, жылдамдықты асырғаны үшін 41, қарсы бағытқа шыққаны бойынша 4, жаяу жүргіншіге жол бермегені бойынша 14, автобусты техникалық байқаусыз және көлікті сақтандыру полисінсіз айдағаны бойынша 93, көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны бойынша 23 және тағы басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды.
Сонымен қатар, полицейлер мас немесе есірткі қолданған халде автокөлікті басқарған 3 құқық бұзушыны анықтады. Тәртіп сақшыларымен жолаушы тасымалы бойынша 40-қа жуық заң бұзушылық тіркеліп, 4 автобус паркінің лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс-шараға жеті жүзден астам тәртіп сақшылары мен медициналық және техникалық байқаудан өтуіне, жолаушылар тасымалдаудың белгіленген нормаларын сақтауға жауапты мамандар қатысты. Бұл бір мезеттік шаруа емес, тұрақты өтіп тұратын жұмыс. Алланың аманатқа берген жанын жүргізушілердің жауапсыздығынан қиып жіберу ауыр қылмыс. Жедел-профилактикалық іс-шаралар осындай ауыр оқиғалардың алдын алады.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.