19 Наурыз, 2015

Кәсіби біліктілік және заманауи технология

479 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
18-03-01 Жаңадан ашылған оңалту кешенінде сапалы қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалған Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев Президенттің Іс басқармасы Медициналық орталығының кли­никалық оңалту кешенінің ашылу рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы көпсалалы жаңа кешенді аралап көріп, ондағы ұжым мүшелерімен әңгімелесті. Өз сөзінде Нұрсұлтан Назар­баев тиісті кәсіби персоналы, жоғары сапалы құрал-жаб­дық­тары, қажетті секциялары түгел қамтылған медициналық мекеме барлық заманауи талаптарға сай екенін атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті денсаулық сақтау саласының одан әрі дамуы маңызды екеніне, бұл ел тұрғындарының денсаулық сапасына оң әсерін тигізетініне тоқталды. «Қазақстандықтар ем алу үшін шетелдерге барады. Осындай кешендердің пайда болуымен медициналық туристер легі біздің елге бағыт алатын бо­лады. Мұнда толыққанды жұ­мысқа қажетті жағдайдың бәрі жасал­ған, енді сіздерге өз мін­дет­теріңіз­ді сапалы орындап, халық денсау­лығын жақсарту керек», – деді Мем­лекет басшысы кешен ма­ман­дарымен әңгімелесу ке­зінде. Ал мекеме қызметкерлері өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаевқа денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелеріне назар аударып отырғаны үшін алғыс айтып, осындай бірегей кешенде жұмыс істеу зор құрмет екенін әрі үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Олар халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге дайын екендіктеріне Елбасын сендірді. Ерекше көңіл-күйге бөленген ақ желеңділер Мемлекет басшысына деген алғыстарын өзгеше жеткізіп, «Өмір, мен сені жақсы көремін!» деген әнді орындап берді. Клиникалық оңалту кешенінде емде­лушілерге медициналық көмек көрсетудің барлық сатысы қарастырылған екен. Мұн­дағы емдеу бөлімшелері шетелдің озық медициналық техникаларымен жабдық­талған. 13 ғимаратты қамтитын, бір ауысымда 1000 адам қабылдайтын 4 емханасы, 35 құрылымдық бөлімшесі, сондай-ақ, 200 орындық стационары бар кешеннің жалпы аумағы 84 мың шаршы метрді алып жа­тыр. 18-03-02 18-03-03 Кешен құрамына бірегей диаг­нос­тикалық блок және ядролық медицина бө­лімшесі кіреді. Ғимарат пен оның инфра­құрылымының жұмысын қамтамасыз ете­тін негізгі жүйелердің мони­то­рингі мен басқарылуы авто­мат­тандырылған. Сондай-ақ, бұл орталық жаңа заманның инновациялық жетістіктеріне сәйкес ресурс үнемдеуші технологиялармен қамтамасыз етілген. Аталған мекемеде жоғары білікті мамандар, соның ішінде медицина ғылымдарының 11 докторы мен 24 кандидаты жұмыс істейтін көрінеді. Дәрігерлердің жар­тысынан астамы жоғары санатқа ие. Әрине, емдеудің жоғары деңгейдегі стандарты әр­дайым кәсіби біліктілікті же­тілдіріп отыруды талап ететіні белгілі. Сол себепті, мекеме қызметкерлері алыс және жақын шетелдердің же­текші кли­никаларындағы маман­дармен тәжірибе алмасып қайт­қан екен. Мәселен, аталған кли­никалық оңалту кешені бас­шысының бірінші орынбасары, медицина ғылымдарының докторы Сәуле Дүйсебекқызы еңбек ұжымының осындай заманауи ғимаратта жұмыс істеуге толықтай әзір екендігін айта келе, мамандардың сақадай-сай қызмет көрсету деңгейіне жетуге біршама уақыт кеткендігін жеткізді. «Біздің дайындығымыз бір­неше жыл бұрын басталған еді. Ең үлкен жетістігіміз – ол біздің тәжірибелі мамандарымыз. Мамандарымызды 2-3 жыл бойы Қазақстанда және Израиль, Корея, Германия, Бельгия секілді шетелдерде тәжірибеден өткіздік. Тек 2014 жылы ғана 37 маман шетелдерде болып, кәсіби бі­ліктіліктерін арттырып қайтты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Сондықтан, бізде дәрігер-ма­мандардың саны жеткілікті деуімізге толықтай негіз бар. Ендігі кезекте біздің алдымызда тұрған басты мақсат – ол халыққа жоғары сапалы медициналық қызмет көрсету. Клиникалық оңалту кешенінде емханалық бөлімдер бар. Оларға күніне 1200-ге жуық адам келе алады. Стационарлық бөлімшелер де емделушілерді қабылдауға, оларға жәрдем көрсетуге дайын тұр. Яғни, бұл кешеннен тек мемлекеттік қызметкерлердің ғана емес, Қазақстан халқының кез келген ем түрлерін алуына толықтай мүмкіндігі бар. Мә­се­лен, ядролық медицина, сәуле­мен емдеу бөлімшелеріндегі ме­дициналық қызметтердің сапасы өте жоғары», деді С.Дүйсе­бекқызы. Ал осы кешендегі тағы бір білікті маман Талапбек Әженов 1-ші хирургиялық бөлімшенің меңгерушісі екен. Бұл бө­лімшеге жүктелген міндет – құлақ, мұрын, тамақ ауруларын емдеу. «Біздің бөлімше соңғы үлгідегі медициналық техникалармен жабдықталған. Мұнда квота негізінде науқастарға жоғары медициналық қызметтер тегін көрсетіледі. Мәселен, біз өте созылмалы мұрын аурулары асқынуларының алдын аламыз. Сондай-ақ, көмей ауруларын лазермен емдеу де осы бөлімшеде жүзеге асырылады. Бізге келіп түскен науқастардың жағдайын жақсарту айрықша назарда тұр. Мұндағы палаталар 1-2 орындық. Бұл емделушілердің жағдайын түзеуге әсер етіп қана қоймай, олардың өзге ауру түрлерін жұқтыру қаупін азайтады. Біздің негізгі мақсатымыз – халыққа жоғары медициналық қызмет көрсетіп, олардың жағдайын жақсарту. Алдағы уа­қытта өзімізге жүктелген міндеттерді абыроймен атқа­рамыз деп ойлаймын», деді маман. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.