19 Наурыз, 2015

Бизнесті трансформациялаудың тиімді тұстары

250 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
image6798Аптаның екінші күні «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин және The Boston Consulting Group кеңесшілерінің қатысуымен өткен отырыста «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың стратегиялық маңызды жұмыс көрсеткіштері әңгіме өзегіне айналды. Сондай-ақ, бизнесті трансформация­лау аясында компанияны тиімді басқарудың жаңа жүйесі де кеңінен талқыланды. Отырыс барысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қыз­метіндегі маңызды жұмыс­тарды мүлтіксіз атқара отырып, пайдалы жұмыс коэф­фициентін жасақтау арқылы тапсырыс иелерінің сұранысын қанағаттандыру шарасы мамандар назарында болды. Сөй­тіп, жолаушылар мен жүк жөнелтушілердің және экспе­диторларға қолайлы жағдай жасап, қозғалыс қызметінің қауіп­сіздігін жақсартып, түрлі тиімді әдістер арқылы шығын­дар­ды азайта беру мәселесі қаралды. Келелі кеңесте пайдалы жұмыс коэффициентіне негізделген тиімділікті басқарудың жаңа жүйе­сі компанияның жұмысын ортақ мақсатқа жұмылдырады деген үміт зор екендігі айтылды. Мұнымен бірге, өндірістік тиімділікті барынша жоғары деңгейде пайдалана отырып, өндірістік үдерістерді басқару мен шығындарды азайту, сондай-ақ, сұраныс иелерінің тапсырысына бейімделуді көздейтін игі шаралар алға шықты. Онда әрбір еңбеккердің пай­далы жұмыс коэффициенті ком­панияның стратегиясын тиімді атқаруға қызмет етеді. Мұндай нәтижелі көрсеткішке жеке тұлға ретінде де және ұжымдық ұйы­сумен де жету маңызды. Себебі, осы көрсеткіштердің нәтижесі ғана компанияның жаңа жүйеде табысқа жетуіне тікелей байланысты. «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасына байланысты компания Дара акцио­нерінің талаптарын орындай отырып, бизнесті жүргізудің әлемдік үздік тәжірибелерін меңгерді. Соның арқасында, Қазақ­станның тиімділігі аса жо­ғары трансұлттық корпорациясына айналуы тиіс. Ұлттық компанияның жаңа пайдалы жұмыс коэффициентіне көшуі тапсырыс иелеріне барынша сапалы қызмет көрсетуге бағытталып, тұтынушыларға барлық ыңғайлылықты жасауға үлкен маңыз беріп отыр. Нә­тижесінде, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың басқару тиімділігі жақсарады. Ал оның акционері болып табылатын «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ үшін де жаңа жүйе көп пайда әкеледі. Атап айтқанда, ірі еншілес кәсіпорнының актив құны әжептәуір көтеріледі. Сапалы, уақытында және қауіпсіз көліктік-логистикалық қызмет көрсету арқылы мемлекеттің экономикалық дамуына қолдау көрсетіледі. Алқалы жиынға қатысушылар арасында аталмыш жаңа жүйеге байланысты қызу талқылаулар ұзаққа жалғасты. Әрбір көр­сет­кіштер теміржолшылар мен сарапшылар тарапынан жан-жақты талданып, әр тұсы те­рең зерделенді. Атқарылған жұ­мыс­­­тардың қорытындысына «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ө.Шөкеев пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті А.Ма­мин кеңінен тоқталып, жаңа жүйені енгізудегі жұмыстардың орындалу барысы үнемі назарда болатындығын айтты. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».