19 Наурыз, 2015

Менің болашақ мамандығым – Отан қорғаушы

928 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Арыстан-2Мен кішкентайымнан әскери мамандықты таңдадым деп өтірік айта алмаймын. Мектепте оқып жүргенде хор үйірмесінде ән айтушы едім. Әндердің арасында «День Победы/Жеңіс күні» деген әнді айтатынбыз. Бір күні осы өлеңді ән жинақтарымның арасынан кездейсоқ кездестіріп қалдым да, қайталап тыңдай бергім келді. Ән маған айтып тауыса алмайтындай әсер қалдырды. «Отан қорғау», «Ана», «Жеңіс» деген сөздер құлағымнан кетпей қойды. Мен Отан қорғаушы боламын деп шештім. Сондықтан да «Арыстан» – нағыз офицер болуға тәрбиелейтін мектепті таңдадым. Ата-анам бұл шешіміме таңғалды, әрі шынайы қолдады. Дәл қазір мен бәрін үлкен адамдарша ойлаймын, өйткені, менің болашақ мамандығым – Отан қорғаушы... (Бексұлтан Бисенов. Әскери «Арыстан» мамандандырылған лицейінің 10-сынып оқушысының шығармасынан). Тәуелсіздік алған жылдан бас­тап Қазақстанда әскери оқу орындары көптеп ашылды. Солардың бірі – Іле Алатауы­ның бөктерінде орын тепкен заманауи білім беретін Алма­ты қаласының маңындағы «Арыстан» мамандандырылған лицейі. Мек­теп «Нұрсұлтан Назарбаев білім беру қоғамдық қорының» қол­дауымен 2011 жылы қаңтар айында ашылды. Бұл лицейдің ерек­шелігі сол, ол мемлекеттің емес, Отанымыздың дамуына үлес қосқан табысты кәсіпкерлердің жеке қаражатына салынған. Лицей – Қазақстанда баламасы жоқ заманауи оқу орны. Әскери үлгіде дәріс беретін «Арыстан» арнайы мектебі мемлекеттік органдар мен құқық қорғау саласында қызмет істейтін мамандарды даярлайды. Жаңа лицей кешені 20 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Мұнда сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Төрт мезгіл тамақ, негізгі және қосымша сабақтар, спорттық және әскери дайындық – бәрі тегін. Ал шәкірттерге қойылатын талап – білім алуға үлкен ықылас танытып, темірдей тәртіпке бағыну. Лицейдің оқу кабинеттері зертханалар, дәрісханалар, ақ­па­раттық-кітапханалық және мә­дени-демалыс орталықтарымен толықтай жабдықталған. Шәкірт­тердің физикалық тұрғыда дамуы үшін көпфункциялы спорт залы, бассейн, бокс, күрес пен зілтемір көтерумен және т.б. спорт түрлерімен айналысуға арналған үйірмелер үздіксіз жұмыс істейді. Жаздық спорт базасы футбол, гимнастика, волейбол, баскетбол алаңдарымен, теннис кортымен қамтылған. Бұл мектепте физика, математика, информатика, басқа да пәндер үш тілде тереңдетіп оқытылады. Оқуға 8-сынып оқушылары арасынан Қазақстан бойынша үміткерлер іріктеледі. Лицейге қабылдау конкурс арқылы жүр­гізіледі және психологиялық тұрғыда шыныққан, денсаулығы мықты, үздік оқушылар, рес­публикалық және халықаралық олимпиадалар жеңімпазы, нақты ғы­лымдарға жүйрік, бастысы, әскери іске құштар ер балалар ғана түседі, сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларына орын қарастырылған.Лицей түлектері еліміздің және бүкіл әлемнің ең озық уни­верситеттерінде жолдамамен оқитын болады. Төрт жарым жыл ішінде-ақ әскери тәртіптегі «Арыстан» ма­ман­дандырылған лицейін республика аумағы тегіс танып үлгерді. Мұндай құрметті иелену үшін, біріншіден, «Нұрсұлтан Назарбаев білім беру қоры» қоғамдық қоры­ның қамқоршылар кеңесі бас­шылығының нәтижелі істері себеп болды. Екіншіден, лицей басшысы, запастағы генерал-майор, педагогика ғылымдарының докторы, Әскери ғылымдар академиясының толық мүшесі Сәбит Тауланов бастаған іскер ұстаздардың сапалы білімге қол жеткізген нәтижелері мүмкіндік беріп отыр. «Арыстан» лицейі – шын мә­нінде өз болашағын әскери қыз­метке арнайтын, Қарулы Күштердің офицері болуды, елінің қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосуды армандайтын, батыл, ержүрек, патриот ұландарға арналған мектеп. Мұндай оқу орындарында болашақ көш­басшылар тәрбиеленеді», – деді 2013 жылы 27 сәуірде «Арыстан» лицейінің ант қабылдау салтанатына қатысқан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасымыз сол сапарында лицей жұмысымен танысты, орынжайларын аралап көріп, жоғары баға берді. – Еліміз «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген мін­деттерді орындау жөніндегі жаңа бағыттарды жүзеге асыруда. Бұл үшін сапалы білім алған жастар керек. Мен сіздер үшін жасалған барлық жағдаймен танысып шықтым. Сіздердің жанарларыңыздан жігер ұш­қынын, сондай-ақ, жақсы оқуға, биік мақсаттарға жетуге деген құлшыныс көрдім. Оқытушылар құрамы мен ата-аналарыңыз еліміздің нағыз азаматтары бо­луларыңыз үшін сіздерге бар­лығын жасайды деп ойлаймын. Мен сіздерге денсаулық және оқуда табыс тілеймін, – деген еді Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев лицейшілердің ант қабылдау салтанатына қатысқан кезінде. Елдің ертеңін тәрбиелі де білімді ұрпақ көркейтеді. Ал Отанымыздың қорғаныс қабілетін арттыра түсуге «Арыстан» сияқты темірдей тәртібі бар оқу орны да сүбелі үлес қосатынына сеніміміз зор. Сәулебек БІРЖАН. АЛМАТЫ.