19 Наурыз, 2015

Нар тұлғалы азамат

1085 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
МашуровБұрыннан бауырмал, ежелден емен-жарқын, қашан да қонақжай қасиетті қазақ жері тағдырдың тауқыметі салдарынан тау асып, тас басып келген талай туыс­тас халыққа төрін бергені белгілі. Жаркент жерінде де қазақ халқымен бірге осындай қырықтан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір атаның балаларындай тату-тәтті ғұмыр кешіп, еңбек етіп келе жатқаны баршаға аян. Киелі қазақ топырағынан баянды бақытын ұйғыр халқының өкілдері де тапты. Осынау еңбексүйгіш елдің ардақты перзентіАзат Машуров еді. Оның еңбек жолы да туған топырағымызда басталып, би­ік баспалдақтарға көтерілді. Қарапайым моторшы болып жүріп, Семей малдәрігерлік институтына оқуға түсті. Оны аяқтасымен туған жерінде білікті маман ретінде танылған соң қызмет бабында өсіп, ауданымыздың Шолақай, Көктал елді мекендеріндегі шаруа­шылықтарда басшы болды. Осында халық депутаттары аудандық атқару комитетін басқарды. Бола­шағы зор білікті маман, парасатты қызметкер ретінде үлкен сенімге ие болып, арнайы жолдамамен Жоғары партия мектебінде оқыды. Жаркент жерінде алған те­рең тағылым-тәрбиесін, мол тәжі­рибесін барынша іскерлікпен пайдаланған ол әсіресе, Алакөл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы кезінде айрықша даңққа бөленді. Қашан да қандай іс болсын белсене кірісетін ағамыз мұнда да зор ұйымдастырушылық қабілетімен қатар тікелей жеке басының өнегесі арқылы барлық істі өрлетуге, өркендетуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Сөйтіп, Алакөл ауданын айналасы бірнеше жылдың ішінде биікке самғатып, сол тұстағы ең мәртебелі марапат бо­­лып есептелетін Бүкіл­одақ­тық Қызыл туды жеңіп алуына қол жет­кізді. «Жақсыдан – шарапат» демекші, жерді пайдалануды үй­реніп, жанқиярлықпен жасаған жұмыстары үшін жерді емген ала­­көлдік ағайын арасында атақ-даңқ­қа бөленгендер де аз болған жоқ сол тұста. Азекеңнің еңбегі де еш кет­педі, атағына атақ қосылып, даңқы күллі республикаға жайылды. Осы кезеңдегі атқарған жемісті еңбегі жайлы Алакөл аудандық мәслихатының хатшысы Болат Сиырбаев былайша еске алады: – Араға жиырма бес жылдай уақыт салып, өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Алакөл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Азат Машуровты қи­мастықпен еске аламын деп кім ойлаған?! «Азекеңнің жет­піс бес жасқа толуына орай ұйым­дастырылатын іс-шараларға үн қосыңыз», деп ұсыныс түскенде оның жарқын бейнесі, істеген игі істері көз алдымнан тізбектеліп өте берді. 1980 жыл. Кеңестік дәуірдің түкірігі жерге түспей тұрған ке­зең. Ауданға жаңа хатшы кел­гендігі туралы хабар бүкіл өңірге тарады. Бұл кезде аз ұлттың өкіл­дерінен басшылық қызметке жо­ғарылату сирек кездесетін. Аудан активінің жиынында ұзын бойлы, еңгезердей, шашы қап-қара, қараторы өңді азамат мінбеге көтерілгенде бәріміздің сүйсіне қарағанымыз жасырын емес. Сол тұста Азекең тура қырық жаста болатын. Алакөл сияқты ірі ауданды басқару оған көрсеткен үлкен сенім еді. Ол сенімді ақтады. Тоғыз жылдың ішінде өзінен кейінгі басшыларға үлгі боларлықтай істер атқарып кетті. Өзінің іскер­лігімен, еңбекқорлығымен, та­лап­шылдығымен ауданды облыс, республиканы былай қой­ғанда, Одақ көлемінде дүркіретті. Өңірдің өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамытуға, әлеу­меттік саласын жақсартуға ерен еңбек сіңірді. Атап айтқанда, 1980 жылдан Тентек өзенінің сол жағалауынан 14 113 гектар жерді игеруді бастап, 45 шақырым магистралды канал қаздырды. Бұл өңірімізге қант қызылшасын өсіруге жаңа серпін берді. Аудан шаруашылықтарының екі-үшеуі­нен басқасы тегістей осы дақылмен айналысты. Аталмыш дақыл тек ауданның атын шығарып қана қойған жоқ, оны өсірген жандарды да құрметке бөледі. Әр шаңыраққа құт-береке әкелді. Алакөлдік қызылшашылар 1984 жылы мемлекетке 185 мың тонна тәтті түбір тапсырып, бесжылдық жоспарды төрт жылда орындап шықты. Бүкілодақтық ауыспалы Қызыл туды жеңіп алды. Сол жылдары «Үшарал» кеңшарынан Б.Иванов пен А.Кузинскийдің звенолары әр гектардан 600-700 центнерден, «Бескөл» кеңшарынан А.Смағұлов 560 центнерден, «Сарықұм» кең­шарынан М.Есімханова мен К.Ыбыраева 532-558 центнерден өнім жинады. Мал саны да өсіп, ет, сүт, жүн өндіру ұлғайды. Мәселен, «Үшарал» кеңшарының аға шопаны А.Айдарбеков әр жүз басқа шаққанда 190 қозыдан алды. «Сарықұм» кеңшарының ең­беккері Күлжария Ыбыраева Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, партияның ХХ съезінің делегаты, әрі КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Қайныш Таңатова да Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. «Бескөл» кеңшарының аға шопаны Қ. Қабидолдаев Бүкілодақтық ХХ партия конференциясына қатысты. Сегіз жыл ішінде 150-ден астам алакөлдіктер орден-медальдармен марапатталды. Дүбірлі еңбекке толы тоғыз жыл өз таңбасын қалдырмай қойған жоқ. Қалың қара шашы бурыл тартты. Дегенмен, Азекең Алакөлден кеудесін көтеріп кетті. Өйткені, оның артында ел айта жүрер іс­тері қалды. Сол жылдары мен де ша­руашылық басқарғанмын. Одан алған ақыл-кеңесім де, үйренгенім де аз болған жоқ. Сондықтан да мен оны нар тұлғалы азамат деп шын мәнінде айта аламын. Азат ағамыз өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында туған ауданындағы Калинин атын­дағы шаруашылықты басқаруға келіп, өмірінің соңғы жылдарына дейін қажырлылықпен еңбек етті. Оның іскерлігі осы кезеңде ерекше көрінді. Заманның аумалы-төкпелі аласапыран жағдайын жіті қадағалап, соған орай дұрыс қадам жасай білді. Шаруашылықтың есеп шотындағы миллиондаған сомды, яғни «өлі» ақшаны айналымға түсіріп, құнсыздануға жеткізбей ел игілігіне, халықтың әлеуметтік ахуалын көтеруге жұмсады. Сөй­тіп, ауылды ажарландырып, адам­дардың әл-ауқатын арттырды. Азекең ең алдымен халықтың әлеуметтік ахуалын, әр отбасының тұрмыс-тіршілігін, соғыс ардагер­лерінің, жалғызілікті адамдардың, көпбалалы аналардың жағдайымен танысып, толық талқыдан өткізді де оған тиісті шара қолданды. Соғыс ардагерлерінің зейнетақыларына қосымша ақы төлеуге шешім қабылдады. Жекебасты, қарайтын жанашыры жоқ адамдарға қосымша көмек көрсетті. Қайтыс болған кол­хоз мүшелерінің үйлеріне шаруа­шылық есебінен тегін көмек жасап, ақ матасына дейін алып берді. Ол ең алдымен, шаруашылық жұмыстарын жоғары ұйымдас­тырушылықпен жүргізуді қолға алды. Мамандардың алдына айқын мақсат қойды. Егін шаруашылығы мен мал шаруашылығында, тағы басқа салаларда да істейтін еңбек­керлермен түгелдей келісімшарт жасады. Яғни әркімнің өз міндеті айқындалды. Жастарды да жинап, олардың көңіл күйін білді. Пікірлерін тыңдап, өз ойымен бөлісті де, алдыларына үлкен мақсат қойды. Туған ауылын «Мынау мен туып-өскен мекен» деп мақтанышпен атайтындай деңгейде болуы керектігін түсіндіріп, іс жүзінде оны көрсете білді. Азекеңнің бас­шылығымен сол кездері ауыл­дардың жолдары түгел асфальтт­алынды. Жайлауға баратын, сүт фермаларына апаратын соқпақтар толық шағыл төселіп, жайлы жолдарға айналды. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қағиданы қаперінде ұстаған ағамыз Пенжім ауылындағы зираттардың айналасын қоршатып, көшет отырғызып, жүргіншілер жүретін жолды асфальттатты. Аудан­да тұңғыш рет соғыс арда­герлеріне арналып, ұшар басында жарқыраған жарты айы бар мұсылмандық ескерткіш орнатты. Пенжім ауылының орталық алаңы, мәдениет үйінің маңы қызылды-жасылды гүлге оранып, қалың кі­лемше құлпырды. Түнде самаладай жарқыраған жарық шамдар ауыл­дың сәулетін тіптен арттыра түсті. Осы арада айрықша бір айта кететін жайт сол, Азекең Пенжім ауылын көктей өтетін Ұлы Жібек жолының бойындағы сәнді сау­да орталығының алдына қазақ халқының ұлы ағартушы ғалымы, жиһангер саяхатшысы Шоқан Уәлихановтың көрнекті де еңселі мүсінін орнатқызды. Кезінде Қашқарияға барған сапарында бұл ұлы бабамыз осы ауылға таяу мекенде болған тарихи Ақкент шаһарына түнеген екен. Тарихи жадысы терең, зейінді де зерек ағамыздың бұл ізгілікті ісіне қалай риза болмассың?! Қазір бұл ескерт­кіш ауылдағы мәдениет үйі­нің алдындағы көрнекті жерге көшірілген. Азекеңнің бастамасымен сол тұста колхозда «Шатлиқ», «Туған жер» деп аталатын ұлт-аспаптық ансамбльдер құрылып, өнерлі өрендердің өрелі ордасына айналды. Олар тіпті, аудан, облыс көлемінен асып, республикаға да танымал болды. Шекара асып, Польша, Португалия, Қытай, Қырғыз елдерінде өнер көрсетті. Өзіне деген сенімі мықты, іскер адамның жаны да жомарт келеді емес пе? Азекеңнің де қолы ашық еді, қонақжай болатын. Қонақты асқан жомарттықпен, барынша ықыласпен күтетін. Дастарқанды мейлінше молынан жаятын. Әрқашан қазақтың салт-дәстүрлерінің қай-қайсысын да қалт жібермей қадағалай орындап, «Біз қазақ ағайындардың қонақжайлылығын салтымызға сіңіруіміз керек», деп ұдайы аузынан тастамайтын. Қандай деңгейдегі қонақ келсе де, ол кісінің пейіліне де, қабағына да, тамағына да дән риза болып қайтушы еді. «Жомарттық» дегеннен шы­ғады, оның мәрттік қасиеті туралы үзең­гілес, серіктес, ниеттес інісі, бір­талай жыл сол колхоздағы партия комитетінің хатшысы, кейіннен «Ал­матау» ұжымшарының төр­аға­сы, аудан әкімі аппаратының бас­шысы болған, бүгінде «Жаркен­т­­­­ирригация» су шаруашылығы ме­кемесінің директоры Тоқтарбай Ке­рімқұлов былай деп еске алады: – Бір күні колхоз басшылары түнгі кезекшілік кезінде шаруа­шылықтағы ең маңызды нүкте – қазандыққа бас сұқтық. От жағушы (кочегар) жігіт үлкен күрекпен құлаштап тұрып, көмірді пешке лақтырып жатыр екен. Бірден байқағанымыз: киімі жұпынылау. Аяғында – көнетоз кроссовка. Азекең жүргізушісін шақырып алды да: «Қазір бірден біздің үйге бар. Қонақ бөлменің қатарындағы шағын бөлмедегі шкафты ашсаң, бір қорапта жаңа етік тұр. Соны дереу алып кел» деді. Жүргізуші де лып етіп, шығып кетті де ұзамай-ақ әлгі затты алып келді. Азекең от жағушының аяғындағысын шештіріп тастады да, әлгі шетелдік сапалы етікті бірден аяғына кигізді. Міне, жомарт­тық, міне, қамқорлық! Тоқаң айтпақшы, Азекең­нің осындай тез шешім қабылда­ғыштығы, шалт қимылдайтыны оның тумысынан батыл болған­дығынан болу керек. Оның тұл­ғасы, сырт келбеті хас батырға қа­­лай ұқсаса, іс-әрекеті де дәл солай қа­һармандық қимылға толы болатын. Азат Машурұлының ел ал­дындағы еселі еңбегі, қоғамдық қызметі кеңестік кезеңдегі Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Октябрь революциясы ордендерімен және көптеген медальдармен атап өтілді. Ал ең басты жетістігі – ол кісінің есімін күллі аудан, тіпті, бүкіл Жетісу жерінің жұртшылығы қашан да ыстық ілтипатпен, ерекше құрметпен атайды. Ауыл шаруашылығы өндірісінің ірі ұйымдастырушысы, белгілі қоғам қайраткері ретінде емірене еске алады. Негізі, Азекеңнің халық қыз­метінде қажырлы ісімен танылуына қашан да қасында жүріп, сүйенішіне айналған зайыбы Дүрнәм тәтеміз көп үлес қосты. Тірлігінде азаматына тірек бола білген ол көзі кеткеннен кейін күйеуі туралы «Не зря прожитая жизнь» атты тағылымы мол деректі кітап жазып, салиқалы сөзден ескерткіш соқты. Ағамыздың бала-шағасы да өнегелі болып өсті. Ұлы Ділшат қазір шетелде осы заманғы озық үлгіге сай білімін жетілдіріп келіп, елімізде белсенділікпен еңбек етіп жүргені бүкіл елге белгілі. Бір қызы Мү­кәрам – дәрігер. Дилярамы да қоға­мымыздан лайықты орын тапқан. Нұрәділ БЕГІМБЕТ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Алматы облысы, Панфилов ауданы.