19 Наурыз, 2015

Сынақ пен сын

424 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
7-13Щучье қаласында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен президенттік сынақтарды өткізу жөнінде семинар-кеңес өтті. Оған еліміздің барлық облыс­­тарының спорт және де­­нешынықтыру істері бас­қар­маларының өкілдері, жергілікті жерде президенттік сынақты өткізуге жауапты қызметкерлер қатысты. Жиында президенттік тест­ті тапсыру, оған дайындық мә­селелері талқыланды. Онда алдымен министрліктің Спорт істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов елімізде 1996 жылдан бастау алған бұқаралық спорт түрінің мақсаты мен міндетін, оны халық арасында кеңінен насихаттау керектігін, осының өзі адамның бойына саламатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізетінін атап өтті. – Президенттік тестілердің мақсаты – балаларды, оқушыларды және ересек тұрғындарды денешынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, олардың өз денсаулығы және өмірдің әртүрлі сатыларында шынығуға дайындық деңгейін анықтауға деген сұранысын қана­ғаттандыру, саламатты өмір салтын насихаттау. Ал оның негізгі міндеттері денешынықтырудың жай-күйін бағалау және денешынықтыру жаттығулары арқылы халықты сауықтыру, жастарды оқуға, еңбек қызметіне, әскери қызметке дайындау, – деді Е.Қанағатов. Оның айтуынша, қазіргі кезде президенттік сынақтарды өткізуге барынша көңіл бөлініп жатыр. Мысалы, былтыр елімізде алғаш рет жазғы спорт түрлерінен мемлекеттік қызметкерлер ара­сында тестілер өтсе, биыл ақпан­да қысқы спорт түрлерінен сы­нақтар өткізілді. Дегенмен, ол халық арасында осынау шараны ұйымдастыруға бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегідей қарқынның болмай жатқанын да жасырмады. Оның себебі, жергілікті жерде бұқаралық спортты дамытуға жасалып жатқан жағдай көңіл көншітерлік емес. Мәселен, үл­кен қалалардың өзінде аулаларда спорт алаңқайлары тіптен аз болса, кейбір жерде халықтың спортпен айналысуына жағдай жасалмаған. Осы жерде ол Шығыс Қазақстан облысында жергілікті жерде спортты дамытуға жауапты мекемелердің бірі – аудандық спорт басқармаларының жабылып қалғанына назар аудартты. «Қазір елімізде үлкен спорт сарайлары, кешендері салынып жатыр. Осының бәрі, әрине, болашақ үшін жасалып жатқан істер. Алайда, халықтың көбі оларға бара бермейді. Кез келген адамға өз ауласында қарапайым спорт алаңы болса, сол тиімді. Біз жаңадан қолға алып, дамытуды мақсат етіп отырған президенттік сынақтарға кішкентай кезінен бастап осындай алаңдарда шыңдалып, өскен адамдар ғана лайықты нәтиже көрсете алады», деді ол. Сонымен бірге, ол болашақта президенттік сынақтарды «Қазақ­стан Барысы» сияқты үлкен жобаға айналдырып, халық арасында кеңінен насихаттауға жұмыс істеу керектігін айтты. «Елімізде осындай жобалар көп болса, халықтың бұқаралық спортпен айналысуы артады», деді Е.Қанағатов. Семинар-кеңесте осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің сынақ­тарын өткізу және оның ереже­лерін қабылдау жөніндегі жұ­мыс тобының өкілі Алексей Бе­реж­ной баяндама жасады. Ол министрліктің президенттік тес­тілер бойынша сынақтарды өткізудің тәртібі мен шарттары туралы қабылдаған бұйрықтың мәні мен маңызын, алдағы кезде осынау бұқаралық шараны дамыту мақсатында ұйымдастырылатын жұмыстар жөнінде айтып берді. Осы ретте ол министрлік ерлер және әйелдер арасында алдымен аудандық, облыстық, содан кейін республикалық чемпионатты өткізуді жоспарлап отырғанын айтты. «Бұл жарыстар төрт кезең бо­йынша өткізіледі. Облыстық сындардан сүрінбей өткендер Қазақстан чемпионатында жас шамасына қарай бақ сынасады. Онда бір командада сегіз адам болады. Олар спорттың әр түрінен жарысады», деді ол. Осыған байланысты А.Бе­режной жергілікті жерде спорт алаңдары мен құралдарының жетіспей жатқанын да жасырмады. Мәселен, пневматикалық мылтықпен атудан, суға жүзуден жарыстар өткізу алаңдатарлық жағдайда екен. Бұрын Кеңес Одағы кезінде мылтықпен атудан жарыстар көп өтетін болса, қазір оларды өткізуге екінің бірінің шамасы келмейді. Ал бассейндер көп жерде жоқ. Жиында Е.Қанағатов әріп­тесінің пікірімен келісетінін, осы мәселені шешу үшін елімізде «100 мектеп, 100 аурухана» сияқты болашақта мемлекеттік деңгейде «100 спорт алаңы, 100 стадион» бағдарламасының жасалуы қажет деген ойын білдірді. А.Бережнойдың айтуынша, осындай мемлекеттік маңызды жұмыстар істелген жағдайда ғана президенттік сынақтарды лайықты өткізуге болады. Алайда, ол бұқаралық шараның жыл са­йын қанатын кеңейтіп, дамып жатқанын, оған мысал ретінде жазғы және қысқы спорт түрлерінен мемлекеттік қызметкерлер арасында жарыстардың қызықты және тартысты өтіп жатқанын атап өтті. Семинар-кеңесте осы мәселе туралы президенттік тесттерді өткізуге жауапты мемлекеттік жаттықтырушы Мәдениет Жақы­пов та айтты. Ол бұрын министрлік адамдарды жарысқа шақыратын болса, қазір халықтың өзі сұранып, президенттік сынақтарға қатысуға ниет білдіріп жатқанын жеткізді. Сонымен бірге, ол Қазақстан чемпионатын Шымкент қаласында өткізу жоспарланып отырғанын, оған әр облыстан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар ғана қатысатынын ескертті. Президенттік тестілер туралы айтатын тағы бір нәрсе, ол алдымен жалпы білім беру мектептерінде, кәсіби-техникалық мектептерде, колледждерде, лицейлерде, жоғары оқу орындарында оқудан тыс уақытта өткізіледі. Жастар мен ересек тұрғындар үшін – денешынықтыру және сауықтыру бағытындағы жарыстар да өтеді. Президенттік тестілер нормативтерін тапсыруға дәрігердің рұқсаты бар, спортпен өз бетінше немесе ұйымдасқан түрде айналысатын барлық ынталылар жіберіледі. Президенттік тестілер нор­мативтерін орындауға дайындық оқушылар мен студенттер үшін оқу орындарында оқу сабақтары және оқудан тыс денешынықтыру-сауықтыру және спорттық жұмыс барысында, жұмыс істейтін жас­тар үшін – спорттық секцияларда, жалпы шынығуға дайындық топтарында және өз бетінше жүзеге асырылады. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы. Щучье қаласы.