Астанада Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі А. Шәкіровтің БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасының Орталық Азия бойынша аумақтық өкілінің міндетін атқарушы Элизабет да Коштамен кездесуі өтті.
Кездесудің мақсаты Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекемесі мен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасының арасындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылау болды.
А. Шәкіров әріптесіне 2015 жылдың наурыз айында Женевада болған сапарының қорытындылары жөнінде, сол жерде халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ, Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасының басшыларымен болған кездесулері туралы ақпарат берді.
Осы кездесулердің барысында біздің еліміздегі адам құқықтары қамтамасыз етілуіне оң баға берілді. Жоғарыда аталған ұйымдардың пікірінше, Қазақстан көршілес елдердің құқық қорғаушы әріптестері үшін адам құқықтарын тұрақты жылжыту мен халықаралық стандарттарды енгізу жөнінде тиімді тәжірибенің көзі болып табылады.
Қазақстан уәкілінің сөзіне қарағанда, ел басшылығы тарапынан ұлттық құқық қорғау институты қызметінің барлық кезеңі бойынша сөзсіз қолдауы табысты қызметтің басты кепілі болып отыр.
– Құқық қорғау қызметінің көптеген саласындағы жинақталған тәжірибе өңірдегі елдер үшін едәуір қызығушылық тудыруы мүмкін, – деп мәлімдеді А. Шәкіров.
БҰҰ-ның Өңірлік өкілі Әмбебап кезеңдік шолудың екінші кезеңі барысында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі, сондай-ақ, БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы комитеті берген ұсыныстарды жүзеге асыру бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты.
Өз кезегінде Э. да Кошта қазақстандық уәкілдің қызметіне, оның елдегі ахуалды түсіну үшін ұсынатын ақпараттың маңыздылығына назар аударып, өзінің оң бағасын берді. БҰҰ Жоғарғы комиссарының өкілі екіжақты ынтымақтастықты жалғастырудың орындылығымен келісті.
Бұдан басқа, азаматтардың конституциялық, оның ішінде, әлеуметтік, экономикалық, еңбек, тұрғын үй, сондай-ақ, халықтың осал топтарының құқықтарын тиімді жүзеге асыру саласындағы уәкіл қызметінің мәселелері жөнінде ұтымды әңгімелесу өтті.
Қарастырылған тақырыптар бойынша бірқатар іс-шараларды (дөңгелек үстелдер, семинарлар мен тренингтер) бірлесе ұйымдастыру туралы шешім қабылданды, деп хабарлады Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының баспасөз қызметі.