Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Парламент Мәжілісінің депутаттары Роман Ким және Әлихан Тойбаев агроөнеркәсіп саласына қолдау көрсетудегі атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндап берді.
«Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Елбасы ауыл шаруашылығы мәселелерін қозғай отырып, аграрлық секторды дамыту ісіне басымдық берген болатын. Осы тұрғыда бірқатар мәселелер талқы болған жиынның маңызын түсіндірген Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Әлихан Тойбаев «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы саласына 3 трлн. теңге бөлу жоспарланып отыр деп мәлімдеді.
Сонымен қатар, Ә.Тойбаев үстіміздегі жылдың есептік көрсеткіші бойынша ауыл шаруашылығына 177 млрд. теңге субсидия бөлініп отырғандығын хабарлады. Оның ішінде 70 млрд. теңге егін шаруашылығына бағытталған. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда екі есе көп, деген комитет мүшесі ол кездегі субсидия көлемі 87,2 млрд. теңге болғандығын еске салды. Сол жылдары ауыл шаруашылығы ішкі жалпы өнімінің 2,5-3%-ы субсидияланса, қазір ол 6-7%-ға артты деп ойлаймын, деді. Біздің мемлекетімізде 7 ірі ауылшаруашылық кешендері бар. Сондай-ақ, 184 мыңнан астам кіші ауылшаруашылық мекемелері бар. Ол жерде жұмыс істейтіндер саны 2,5 миллионнан асады, деген депутат бұл бүкіл жұмысқа жарамды адамдардың 25%-ын құрайтындығын тілге тиек етті.
Сонымен қатар, Ә.Тойбаев біздің елде ауыл шаруашылығына едәуір қолдау көрсетіліп жатқандығының арқасында бұл сала жақсы дамып келе жатқандығын атап айтты. Бұл тұрғыда мысал келтірсек, Алматы облысында «Айдарбаев» шаруа қожалығы 1990 жылдары құрылған болатын. Ол қазіргі таңда мемлекеттің қолдауының арқасында миллиардтан астам теңгеге тауар шығаратын үлкен шаруашылыққа айналды, деп атап көрсетті.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».