07 Мамыр, 2015

БІЗДІ БИІКТЕТЕТІН БАҒДАРЛАМА

273 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ләззат ТҰРЛАШОВ, Парламент Сенатының депутаты:

– Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бергі уақытта көптеген кәсіпорындар ашылып, жаңадан 400-ге жуық өнім түрлерінің шығарылуы, әрине, мақтанарлық. Соның нәтижесінде жаңадан 75 мың жұмыс орындары құрылып, бюджетімізге трил­­­лиондаған теңге құйылуда. Әрине, мұның барлығы басы-қасында Елбасы­ның өзі жүріп, нақты тапсырмалар беруі­нің арқасында жасалған шаруалар. Сондық­тан да Президентімізді ұлықтау рәсі­міне деген халықтың ықыласы да ерекше деп білемін. Оны біз кеше ғана өткен сай­лаудың нәтижесінен анық байқадық.

Сайлауға қазақстандықтардың бір кісідей атсалысуы еліміздің болашағы­на деген жауапкершілік деп түсінемін. Сондай-ақ, бұл сайлау халқымыздың ауызбіршілігі мен татулығын да көрсетті. Әрине, барлығы да бүгінгі күнмен шешіле салмайды. Алда әлі шешімін күткен талай мәселелер тұр. Әсіресе, «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен бес институттық реформа барлығымызға үлкен жауапкершілік жүктейді.

Ұласбек СӘДІБЕКОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Мен Президентті ұлықтау рәсіміне қатысқаныма қуаныштымын. Шынында да, Елбасы Қазақстанның өркендеуі үшін көп тер төкті деп білемін. Соның жарқын да басты дәлелі ретінде әлемнің өркениетті деген 50 елінің қатарына кіріп отырмыз. Алда әлі де асар асуымыз жетерлік. Бұл ретте «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен бес институттық реформаны жүзеге асыру үлкен қажыр-қайратты талап етеді.

Өз қызметіне кіріскен Президент Н.Ә.Назарбаевтың алдағыны дәл болжай алатын көреген саясаткер еке­нін ескерсек, бұл алға қойған мін­деттердің орындаларына еш­қандай күмән болмаса керек. Кеше ғана өткен сайлауда Нұрсұлтан Назар­баевқа халықтың 97,75 пайызы өз дауыс­тарын бергені – үлкен сенім артқан­дықтың белгісі деп білемін. Ендігі мәселе – алдағы бес жылда табыс­­тарымызды еселей түсу.

 Мұрат АХМАДИЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Қазақстан халқы өз басшысын сайлап алуда үлкен жауапкершілік танытып, барлығы да сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасады. Артынан сайлаушылардың 95 пайызы дауыс беруге барғандығын біліп отырмыз. Мұны мен халқымыздың бірлігі мен ұжымдаса білуімен байланыстырамын. Көреген басшысы бар елдің болашағы да жарқын. Сондықтан Елбасын жеңісімен құттықтай отырып, әрдайым Қазақстан халқының бақыты үшін аянбай еңбек етуге дайынбыз дегенді баса айтпақпын.

Президентті ұлықтау рәсіміне қатыс­қан менің бойымда мақтаныш сезім ұяласа, екіншіден, алдағы ауыр міндеттерді сезіне отырып, үлкен жауапкершілікпен іске кірісуге дайын екенімді де білдіре кеткім келеді. Біз әрқашанда Президентпен бірге болдық және де бірге көптеген міндеттерді атқарамыз деген ойдамын.

АСТАНА.