Ананы баладан, баланы әкеден, әкені жардан, ал ағайынды бауырдан айырған сұм соғыстың салқыны шарпымаған шаңырақ, сірә да, кемде-кем шығар?! Жылдар жылжып, араға қанша уақыт салса да, қара қотырланған ескі жараның орны әлі де толық жазылып бітер емес. Өйткені, жалпы адамзат баласының басына жауар бұлттай үйірілген бұл соғыстың әкелген қайғы-қасіреті мен өлшеусіз шығыны әлі толық өтелген жоқ. Шаң басқан шындығы да әлі дерліктей ашылмаған күйінде...
Осы бір қырғынның кесірінен қанша шаңырақ қаңырап қалды. Ортасына түскен ошақ ше? Айқаспаған құшақ ше?! Бауыр ет баласын қырғынға аттандырған қанша шеше қара қағаз құшақтап аңырап қалды? Ең болмаса мауқын басар қара қағазы да келмеді ғой деп еңіреген кейуананың сағынышты зары әлі сөмбеді... Туған жерден топырақ бұйырмай жат елде жантәсілім еткен боздақ қаншама? Айта берсе, әңгіме көп. Жеңіс күні жақындаған сайын өткен-кеткеннің бәрі еске түсіп, әлсін-әлсін жадыда жаңғырып жатыр. Сондай бір сәтте ағайынды Батталовтардың майдандағы ерлігін ел-жұртқа паш еткісі келген Тойған Рахымбекқызы апайымыз да жетті редакциямызға. Көтеріп келген дүниесі де біршама қомақты...
Ентелеген жаудан елін-жерін қорғау үшін Баттал әулетінен екі бірдей боздағы жерлестерімен бірге Есіл өңірінен сұм соғысқа аттанған екен. Олар Рахымбек және Уаис Батталовтар болатын.
Алдымен Уаис әкелерінен хабарсыз кетті деген хабар жетеді. Бар сұмдықты ішіне бүккен «қара қағаз» қолға тигенде аналары мына дүниеге лағнет айтып, аңырап қала берді. «Басқа түссе, пенде біткеннің бәрі баспақшыл емес пе?! Жалғыз ол үй емес, ел-жұрт жылап-сықтап қара жамылып жатқан шақ емес пе?! Олар бір-бірін солай жұбатты. Қасіреттерін солай бөлісті. Жеңіс орнап, бастарына бейбіт күн туған соң сәл ес жиған жұбайы Күләш шешей жоқ іздеп Мәскеу жақты жағалап қайтады. Сонша дәмеленіп барса да еш дерексіз, салы суға кетіп, құр қол оралады. Ең болмаса зираты да табылмады ау деп зар жылайды. Артында қалған жалғыз қарасы Әнуарбекті оқытып-тоқытып, одан үш немере сүйіп, жарының өлі-тірісінен жарытымды хабар алмай қайтпас сапарға жүріп кетеді...
Иә, тағдыр дегенді қойсаңшы... Ұлы Отан соғысының о жақ бұ жағында, яғни 1938 жылы, бір ай үйінде демалыста болып, әскери міндетін атқарып жүрген Иванов облысының Ковров қаласына үш жастағы Әнуарбегі мен Күләшін көшіріп алмаққа ниеттенеді. «Осынысына қарағанда фин соғысына қатынасқан болуы да әбден мүмкін», дейді Тойған апай. Бірақ ол кісінің бұл жоспары мүлдем орындалмай қалады.
Сол уақыттарда (1930-1933 ж.ж.) Алматы қаласындағы Коммунистер университетінде бірге оқыған жерлесі, әрі жолдасы Жайық Бектұровтың жазуынша, Уаис ағамыз сол университетте комсомол ұжымын басқарған. 1935 жылы, еліміз өзінің 15 жылдығын атаған кезде, Уаис ағамыз Батыс Қазақстан облысынан Ақтөбеге дейінгі бағыт бойынша түйелі керуеннің комиссары болып тағайындалған. Бұл бағдардың басты мақсаты – ел арасындағы мәдени-ағартушылық жұмыс еді. Осы қызметі үшін Ақтөбе атқару комитетінің атынан ол кісінің есімі жазылған ескерткіш сағат сыйға тартылады.
Қарағандыда алғаш комсомол жетекшісі болып сайланып, кейін Оңтүстік Қазақстан облысы Талас ауданының комсомол жетекшісінің қызметіне тағайындалған. Бұл жөнінде 1986 жылғы тамыз айында Целиноград облысына қарасты Атбасар аудандық газетінде КСРО Жазушылар одағының мүшесі, облысаралық Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, партия, еңбек ардагері қарағандылық Ж.Бектұров ағамыз іздеу салған еді. Сондағы мақаласы «Ищу друзей юности» деген атпен жарияланыпты.
Соғыстан соң 66 жыл өткенде, Торғай облысы бойынша шыққан «Боздақтар естелігі» кітабында Уаис әкеміздің жерленген жері әдепкіде Мәскеудің Аргмян зираты деп жазылыпты. Хабардың ұшы шыққан соң соны іздеп туыстар жолға шығады. Ақырында ол кісінің мәңгілік дамылдаған жері Мәскеудің Ваганьков зиратынан табылды.
Ұлы атамыз Баттал әулетінің екінші соғыс ардагері – Рахымбек Батталов Есіл ауданына қарасты Игілік ауылының 1909 жылғы тумасы. Осы деректерді ұсынып отырған қызы Тойған 1941 жылы туған екен. Ол кісі былай деп әңгімелейді: «Мен қырқымнан шықпай жатып, әкемді соғысқа алып, атам Баттал шешем Алтыншаш екеумізді Далабай жерінен өзі тұратын Игілік ауылына ат шанасымен көшіріп алған екен. Соғыстан соң оралған жаралы әкемді әжем Злиханың арқасында қарсы алғаным жақсы есімде. Мұнтаздай аппақ киімді, қолтығында қос балдақ. Мен сол жылдарда шамамен төрт жастамын. Әкемнің құжаттары бойынша алғашқы алынғанда сержанттар қатарында, кейін аға сержант, ветеринарлық фельдшер мамандығымен 69 кавалерия полкінде кавалерист ветфельдшер болып қызмет етіпті. 1943 жылғы желтоқсан мен қазанына дейін полк санинструкторы болған. 1944 жылдың қазанынан кейін сол аяғынан жарақаттанған. 1945 жылдың наурызында сол жарақаты бойынша әскер қатарынан шығарылған. Артынан ерлігі бағаланып 1953 жылғы 12 маусымда КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының Ж-№216835 үкімімен №3516920 «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.
Осы тұста айтпай кетпесе болмайтын бір жайт, қан майданнан қайтпаған жерлестерінің есімін ел жадында мәңгіге қалдыру және ерлік істерін кейінгі ұрпаққа өнеге ету жолында көп еңбек сіңірген есілдік ердің бірі – Төлеш Бәйтенұлы еді. Бұл әулеттен де қос бірдей ағайынды ұл соғысқа аттаныпты. Үлкені – Елемес болатын. Жастық шағын от пен оқтың ортасына арнаған айтулы азамат та майдан даласында оққа ұшып, соғыс сапарынан қайта оралмаған.
1922 жылы туылған Төлеш есімді інісі 1941 жылдан 1945 жылға дейін аға лейтенант взвод, рота, барлаушылар командирі, 3-ші беларусь майданында, Калинин бағытында ұрысқа қатысқан. 1945 жылы 7 шілдеде жарақат алып КСАВО жарлығымен капитан шен атағын алған. 1978 жылы запастағы І дәрежелі орденді соғыс ардагері, Жоғарғы Кеңестің №2084259 жарлығымен 1985 жылғы 11 наурызда І дәрежелі Отан соғысы орденімен (№900959) және көптеген медальдармен марапатталған. Қайтқанға дейін бейбіт өмірде білім беру саласына, туған жерінде жергілікті әкімшілік билігінде қызмет етті. 1995 жылы бейбіт өмірде дүниеден озған. Соғыс даласынан қайтпаған жерлестеріне ескерткіш орнатып, екінші ерлігімен де есімі ел есінде қалды.
«Осы бір әкелеріміздің, аталарымыздың өнегелі жолы кейінгі ұрпаққа тәрбие беруде маңызы зор. Мен сол үшін де жүгіріп жүрмін. Аға-әкелеріміздің өшпес даңқы біздің есімізде мәңгілік сақталады!» дейді көңілі босаған кейуана. Ал расына келсек, бізді жұбататын да, көз жасымызды кептіретін де Жеңіс күнінің жылуы болатын...
Амангелді Қияс, «Егемен Қазақстан».