19 Наурыз, 2015

Комиссияның кезекті отырысы

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
55-2Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілік етуімен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Г.Әбдіқалықова комиссия жұ­мысын ашқан сөзінде үстіміздегі жыл­дың 11 наурызында өткен «Нұр Отан» партиясының XVI съе­зінде Елбасының 5 басты халықтық реформалар жасауды және олардың қатарында кәсіби авто­номиялық мемлекеттік аппаратты қа­лып­тастыруды айтқанын еске салып өтті. Мемлекеттік хатшы атал­ған ба­ғытқа   «Болашақ» бағ­дар­ламасымен оқыған жастардың әлеуе­тін барынша тиімді пайдалану және оларды мемлекеттік қыз­метке белсенді түрде тарту қажет­тігін атап көрсетті. Білім және ғылым министрлігінің мәлі­меті бойынша, бүгінгі таңда бағдар­лама түлектерінің тек 6,5%-ы (бұл «Болашақ» бағдарламасымен оқы­ған 400 студент) ғана алған білім­дерін мемлекеттік органдарда қол­дануда екен. Осы көрсеткішті ұлғайту қажеттігі туындап отыр, деді Мемлекеттік хатшы. Г.Әбдіқалықова «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық жобасын іске асыру аясында ел экономикасының басты салалары мен қазіргі мемлекеттік аппарат үшін жоғары кәсіби кадрларды даярлау жөніндегі комиссияның алдында тұрған міндеттерді де белгілеп берді. Отырыс барысында Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын одан әрі жүзеге асырудың өзекті мәселелері қаралды. Ағымдағы жылы Қазақстанның Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы үшін кадрлар даярлауға бағытталған еліміздегі жоғары оқу орындарына ғылыми кадрларды даяр­лайтын жаңа Split PhD жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Осы жылдан бастап, «Болашақ» стипендиясы иегерлерін ағылшын тілі бойынша тілдік даярлаудың жаңа үлгісі іске қосылады. Конкурсқа қатысушы үміткерлердің құжаттары 2015 жылғы 13 сәуірден бас­тап қабылданады. Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Шетелде кадр­лар даярлау жөнінде республикалық комиссияның жұмысын одан әрі ұйымдастыруға байланысты бірқатар нақты тапсырма берді. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».