Кеше елорда төрінде ұйымдастырылған ЕҚЫҰ-ның Төзімділік және кемсітпеушілік жөніндегі жоғары деңгейдегі конференциясында төзімсіздіктің, өшпенділікке негізделген қылмыстың алдын алу, керісінше, әр алуан қоғамға өзара сыйластық пен түсіністік идеясын сіңіру мәселесі жан-жақты талқыланды.
Бұл күнгі конференцияның сессияларына құқық қорғау, заң шығару органдарының, азаматтық қоғамның төзімсіздік пен кемсітушілікке қарсы күрес жүргізу мен оның алдын алудағы қызметі, ЕҚЫҰ-ның бүгінгі күнгі міндеттемелеріне сәйкес, білімнің өзара сыйластық пен түсіністікті қамтамасыз етудегі рөлі, ЕҚЫҰ аймағындағы ұлтаралық және мәдениетаралық байланысты нығайту стратегиясын жандандыру тақырыптары өзек болды. Отырыс барысында оған қатысушылар азаматтардың қылмысқа апаратын өшпенділігін тек өзара күш біріктіру мен ортақ сенімге негізделген түсіністік арқылы ғана шешуге болатындығын алға тартты. Әсіресе, мұндай келеңсіз құбылыстарға жастардың көбірек ұрынатынын, сол себепті кейінгі ұрпақ мәселесін мықтап назарда ұстау қажеттігі атап өтілді. Бұл ретте жастарға арналған үлкен жиындар мен конференциялар ұйымдастырып, “Елдік бағдарымызды қалай түзейміз?” деген мәселе төңірегінде бірлесе ойлануымыз қажет дегенді алға тартты сала мамандары.
Келелі жиын барысында дін мен білімнің өзара сабақтастығының маңыздылығы, жасөспірімдерге рухани тәрбие беру мен олардың оқу құралдарына дін мәселесін аса сақтықпен, ыждағаттылықпен енгізу, жастардың өз құқықтарын ерте бастан қорғауға тәрбиелеу, олардың діни сауатын ашу секілді мәселелер күн тәртібіне қойылды.
Бүгінде кез келген елдегі діни ахуал уақыт сырғыған сайын күрделеніп бара жатқаны жасырын емес. Дін мәселесі – әлемдегі ең өткір мәселелердің біріне айналды. Себебі, дін қауіпсіздігі – ең алдымен ұлт қауіпсіздігі. Конференцияға қатысушылар бұл күрмеулі мәселенің түйінін шешуде дін саласын жіті назарда ұстап, дін мен елдің арасын реттейтін құзырлы органдардың қызметін реттеу, адам бойындағы қандай да болмасын ауыр қылмысқа жетелейтін өшпенділікке қарсы күрес жүргізетін құқық қорғау органдарының қызметкерлерін арнайы бағдарламамен оқыту мәселесі айрықша маңызға ие екендігін алға тартты. Мәселен, құқық қорғау органдарының мамандарын арнайы бағдарламамен оқыту әдісі ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының күшімен қолға алынған екен.
Бұл күнгі жиын барысында сырттан келіп, іштен ірітетін неше түрлі кірме діни ағымдардың қоғамға төндіріп отырған кері әсері, экстремистік тұрғыдағы әдеби кітаптардың елге ағылуы, олардың жастардың қолына еркін тиюі секілді түйткілді мәселелер әңгіме өзегіне айналды. Конференцияға қатысушылар бұл асқан төзімділік пен барлық қоғамның бірігуін қажет етеді, бұл ретте халықты діни көзқарас жағынан адасушылық пен түсініспеушіліктен сақтандыру керек деген ойларын алға тартты.
Кеше кешке Бейбітшілік және келісім сарайында ЕҚЫҰ-ның Төзімділік және кемсітушілікке қарсылық жөніндегі жоғары деңгейдегі конференциясы өзінің жұмысын аяқтады.
Оның жабылуында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев сөз сөйледі. Конференция барысында өте қызу талқылаулар мен пікіралысулар болды, деп бастады ол өзінің сөзін. Төзімділік және кемсітпеушілік жөніндегі өзекті проблемалар бойынша ашық пікір айтып, конструктивті талдау жасауға белсене қатысқандары үшін барлық қатысушыларға, баяндамашыларға және жұмысты ұтымды ұйымдастырған модераторларға, кәсіби шеберлігі үшін аудармашыларға алғыс білдіргім келеді, деді ол. Одан әрі төзімділік Қазақстан төрағалығы көтерген төрт “Т-дан” тұратын ұранның бір бөлігі екенін еске салды. Осы конференция қазақстандық төрағалық көтерген төзімділік мәселесінің ЕҚЫҰ қауымдастығы үшін өте маңызды проблема екенін көрсетіп берді. Конференция барысында мұсылмандарға, христиандарға, антисемитизмге, расизмге, ксенофобия мен кемсітушілікке төзімсіздікпен күрестің жиналған тәжірибелері мен озық тәжірибелері ортаға салынды. Осы тараптағы заңдылықтар мен құқық қорғау әрекеттерін жетілдіру мәселелері де айтылды. Өзара түсіністікке жету мен әртүрлілікті сыйлаудағы білімнің рөліне үлкен баға берілді. Төзімсіздіктің ашық көріністерін сынау мен БАҚ-та, соның ішінде интернет жүйесінде өзара түсіністік идеяларын тарату мәселелері ұсынылды. Осыдан әрі Іс басындағы төраға Қанат Саудабаев конференция жұмысының қорытындысын жария етті. Мен оны өзім: “ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының төзімділік пен кемсітпеушілік жөніндегі Астана декларациясы” деп атаған құжаттың қабылдануымен аяқталды деп айтамын және оның кейбір маңызды ережелерін атай кетейін, деді ол.
– ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының бейбітсүйгіш рухымен қанаттанып, ЕҚЫҰ аумағында төзімсіздік пен кемсітушілікке қарсы күрестің үнемі жалғасатынын еске алып және осы жиын Мәдениеттер жақындастығы жылында өтіп отырғанын атап өте отырып, діндер, мәдениеттер және өркениеттер арасындағы барлық деңгейдегі диалогтардың үздіксіз болғанын қалап, адам құқы және азаттық, демократия және заңның үстемдігі үнемі болуы – мәдениетаралық, дінаралық және этносаралық түсіністіктің қайнар көзі екенін атай отырып және осы конференцияда айтылған ұсыныстарды ескере келе ЕҚЫҰ аумағындағы мемлекеттер мен үкіметтерге төмендегі ұсыныстарды жасайды:
Расизмді, ксенофобияны, антисемитизмді, сондай-ақ мұсылмандарға, христиандарға және басқа да діндер мен нәсілдік топтарға қарсы кез келген төзімсіздік пен кемсітушіліктерді болдырмау мақсатымен ЕҚЫҰ міндеткерліктерін орындап, аталған істерге қарсы тиімді саяси шаралар әзірлеуді ұсынады. Соның ішінде заңдылықтарды жетілдіру, құқық қорғау органдарының арнайы қызметкерлерін дайындау, төзімсіздік негізінде туған қылмысты істердің мониторингін жасау, этностар мен мәдениеттер аралық диалогтар жасаудың ұлттық стратегиясы мен әрекеттер жоспарын әзірлеу және т.б. ұсынылады.
Азаматтық қоғаммен бірлесе отырып, төзімсіздікке қарсы күрес жұмыстарын ұйымдастыруды және дінаралық және этносаралық әріптестіктерді мадақтайды. Осы орайда БҰҰ-ның Өркениеттер альянсының бастамасын қолдаймыз, делінген қабылданған құжатта.
Одан әрі Қанат Саудабаев: мен ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде конференцияның қорытындысында қабылданған ұсыныстар қабылданып, төзімсіздік пен кемсітушілікке қарсы әрекеттер жасалатынынан қатты үміттенемін, дей келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жиын ашылғанда айтқан құттықтау сөзіндегі “біз болашақ саммитте Төзімділік саясатындағы маңызды ілгерілеулерді қорытатын ортақ құжат қабылдауымыз керек” деген ұсынысын еске алып, оның өте орынды екенін атап өтті. Сондай әрекеттер жасасақ қана біз жуырда Қырғызстанда болған сияқты этносаралық кикілжіңдердің орын алуына қарсы тұра аламыз, деді ол. Сөзінің соңында Қ.Саудабаев конференция жұмысына белсене қатысқан ұйым органдарының басшыларына ризашылығын білдірді.
Осыдан кейін Іс басындағы төраға Қанат Саудабаев журналистерге конференцияның қорытындысы бойынша баспасөз-мәслихатын өткізді. Бұл конференция қазіргі заманда этносаралық және дінаралық, мәдениеттер мен өркениеттер аралық төзімділіктің өте өзекті мәселесінің бірі екенін көрсетіп берді. ЕҚЫҰ жауапкершілігі аумағындағы барлық қатысушы мемлекеттер де өздерінің өкілдері арқылы талқыланған мәселеге өздерінің пікірлерін білдірді. Одан әрі төраға қорытынды құжатта айтылған ұсыныстардың бірқатарын айтып берді. Олар ЕҚЫҰ жауапкершілігі аумағындағы мемлекеттерде төзімсіздік пен кемсітушілікті болдырмау бағытындағы жұмыстарды белсендірек жүргізу мақсатын көздеп жасалған ұсыныстар еді. Соңғы уақыттарда көршіміз Қырғызстанда болған оқиғалар төзімсіздіктің өте өзекті мәселе екенін тағы бір рет дәлелдеп берді. Сондықтан бұл тарапта кикілжіңдердің әрқашанда алдын алу керек, деді ол.
Одан әрі төраға журналистерге конференцияға қатысушылардың Қазақстан туралы біліктерінің қаншалықты екендігін айтты. Біздің еліміз этносаралық және дінаралық төзімділіктің үлгісі ретінде бүгінгі күні әлемдегі өркениеттер арасындағы үнқатысулардың көшбасшысы болуға әбден лайықты екендігін конференцияға қатысушылар бірауыздан мақұлдап отырды. Әрине, олардың бәрі де бұл істегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан зор еңбегін атап өтті. Соның ішінде оның әлемдік тыныштық пен тұрақтылықты сақтау мақсатымен жасаған бастамаларының бәріне де өздерінің сөздерінде үлкен бағаларын берді. Елдің ішіндегі этносаралық және конфессияаралық бірлікті сақтау мақсатымен Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты айрықша институтты ұйымдастырғанын, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сияқты маңызды әлемдік шараларды жасап отырғанын да қатысушылар аса зор еңбек ретінде ауызға алды. Тұрақтылық пен тыныштық, өзара сенім мен сыйластық біздің экономикадағы табысымыздың да қайнар көзі болғанын да аймақтағы ахуалды өте жақсы білетін саясатшы мамандар жақсы біліп отырды, дей келіп, біз конференцияның қорытынды құжатында айтылған ұсыныстар халықтар арасындағы түсіністік пен өзара сенімге қызмет етер деген үміттеміз, деді ол сөзінің соңында.
Осыдан кейін Іс басындағы төраға журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берді. Алғашқы сұрақ ЕҚЫҰ-ның саммитіне дайындық қандай деңгейде екендігі туралы болды. Оған жауап берген Іс басындағы төраға Қ.Саудабаев дәл бүгін қазақстандық төрағалыққа тура жарты жыл болып отырғанын айтты. Біздің жұмысымызға алдын ала беріліп жатқан қорытындылар жаман емес екенін өздеріңіз білесіздер, дей келіп, екі аптадан кейін Алматыда болатын Сыртқы істер министрлерінің бейресми форумында ЕҚЫҰ саммитіне дайындық жұмысы туралы әңгіме болатынына сенім білдіретінін жеткізді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
Жақсыбай САМРАТ.