19 Наурыз, 2015

«Сенің дауысың – сенің болашағың»

447 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Азаматтық парызға адалдық танытайық

Еліміздің шығармашыл және еңбек ұжымдары барша қазақстандықтарды президенттік сайлауға қатысуға шақырады

YRA_0037

Орталық коммуникациялар қызметінің Алматы бөлімшесінде жалпыреспубликалық «Сенің дауысың – сенің болашағың» атты постерлер байқауының басталғаны жөнінде брифинг өтті. Оған еліміздің абыройын асырған спортшылар, мәдениет, өнер саласының жас өкілдері, белсенді блогерлер мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты. Байқаудың негізгі мақсаты еліміздегі саяси маңызды оқиға – 2015 жылы 26 сәуірде өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға қатысушылардың белсенділігін арттыру, азаматтық қоғамның бірегей құқықтық санасын қалыптастыру болды. Аталған шараны жас журна­листердің «Қаламгер азамат» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Құрылғанына алты жыл болған қордың жетекшісі А.Қырықбай бүгінде интернет, фейсбук, истаграм, постер жастардың ұғынықты тілі екенін, сондықтан оларды, жалпы қазақстандықтарды сайлауға көптеп қатыстыру үшін осы жобаны қолға алған­дарын жеткізді. – Байқауға Қазақстанның түк­­пір-түкпірінен қатысуға ниет біл­діргендер өтінім мен дайын­даған материалын онлайн жүйе­сі арқылы жолдай алады. Жария етілген постерді интернет қол­данушылар да онлайн жүйесінде бағалап, дауыс беретін болады. Бұл бір жағынан жастарды шы­ғар­машылық жұмысқа тартып, олардың еңбегін таныту. Ал жеңімпаздар еңбектері көшедегі бан­нерлерде, қоғамдық ұйымдар мен қоғамдық жерлерде ілінеді. Сон­дықтан қазақстандық жастар­ды осы байқауға қатысуға шақы­рамыз, – деді Айдар Қырықбай. Қазылар алқасының төрағасы Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Байтұрсын Өмірбеков қазақ­стандық суретшілерді жастардың мұн­дай бастама көтеруі қуан­тып отырғанын, өйткені, бұл бай­қауда әр адам еліміздің прези­дент­тік сайлауды өткізуде өзінің шы­ғар­машылық идеясын, мүмкіндігін сынап көретінін, ең бастысы, оған тек кәсіби суретшілер ғана емес, барша өнерге бейімі бар аза­мат­тардың қатысуы арқасында топтасып, еліміздегі айтулы оқиғада өз белсенділіктерін көрсететінін жеткізді. – Бүгін бүкіл қазақ­стан­дықтарда, ел-елді, жер-жерді қамтитын үлкен бәйге басталды, – деді байқаудың қазылар мүшесі, белгілі әнші Нұрлан Албан. – Байқауда жас мөлшеріне ешқандай шек қойылмаған. Сондықтан біздің әрбір отандасымыз бен әрбір қазақстандықтың осы шараға қатысуына мүмкіндік бар. Бұл акция не үшін керек? Барлығымыз бір адамдай осы айтулы және жауапты күнге, яғни кәмелетке толған жас буыннан бастап өзін Қазақстан Республикасының толыққанды азаматы санайтындар сайлауға атсалысуымыз керек. Ол – мемлекеттің тыныштығы, ол – елдің тыныштығы. Ол – ел-жұрттың амандығы, береке-бірлігі. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өнер сапында жүрген әріптестерімді, барша халықты сайлауға тастүйін қатысуға шақырамын. Жеңімпаздарды бас жүлде мен үш жүлделі орын, бағалы сыйлықтар, ұйымдастырушылар аты­нан алғыс хат пен арнайы сертификаттар күтіп тұр. Туын­дылар 17 наурыздан 19 сәуірге дейін қабылданады. Тек бір еске­ретін жайт, белгілі бір үміткер­ге дауыс беруге үгіт-насихат­тық сипаттағы жұмыстар қабыл­данбайды. Байқауға ұсыны­латын жұмыстар 5 мегабайттан ас­пайтын JPEG, PNG, BMP пішім­деріндегі sailau2015.el.kz ар­найы парағына жүктелуі тиіс. Сондай-ақ, брифинг аясында Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды, Атырау облыстары жастарымен те­лекөпір ұйымдастырылды. Онда облыстағы жастар атал­ған бай­қауға белсене қатысатын­дық­тарын білдірді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.