Азаматтық парызға адалдық танытайық
Еліміздің шығармашыл және еңбек ұжымдары барша қазақстандықтарды президенттік сайлауға қатысуға шақырады
Орталық коммуникациялар қызметінің Алматы бөлімшесінде жалпыреспубликалық «Сенің дауысың – сенің болашағың» атты постерлер байқауының басталғаны жөнінде брифинг өтті. Оған еліміздің абыройын асырған спортшылар, мәдениет, өнер саласының жас өкілдері, белсенді блогерлер мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты. Байқаудың негізгі мақсаты еліміздегі саяси маңызды оқиға – 2015 жылы 26 сәуірде өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға қатысушылардың белсенділігін арттыру, азаматтық қоғамның бірегей құқықтық санасын қалыптастыру болды. Аталған шараны жас журналистердің «Қаламгер азамат» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Құрылғанына алты жыл болған қордың жетекшісі А.Қырықбай бүгінде интернет, фейсбук, истаграм, постер жастардың ұғынықты тілі екенін, сондықтан оларды, жалпы қазақстандықтарды сайлауға көптеп қатыстыру үшін осы жобаны қолға алғандарын жеткізді. – Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен қатысуға ниет білдіргендер өтінім мен дайындаған материалын онлайн жүйесі арқылы жолдай алады. Жария етілген постерді интернет қолданушылар да онлайн жүйесінде бағалап, дауыс беретін болады. Бұл бір жағынан жастарды шығармашылық жұмысқа тартып, олардың еңбегін таныту. Ал жеңімпаздар еңбектері көшедегі баннерлерде, қоғамдық ұйымдар мен қоғамдық жерлерде ілінеді. Сондықтан қазақстандық жастарды осы байқауға қатысуға шақырамыз, – деді Айдар Қырықбай. Қазылар алқасының төрағасы Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Байтұрсын Өмірбеков қазақстандық суретшілерді жастардың мұндай бастама көтеруі қуантып отырғанын, өйткені, бұл байқауда әр адам еліміздің президенттік сайлауды өткізуде өзінің шығармашылық идеясын, мүмкіндігін сынап көретінін, ең бастысы, оған тек кәсіби суретшілер ғана емес, барша өнерге бейімі бар азаматтардың қатысуы арқасында топтасып, еліміздегі айтулы оқиғада өз белсенділіктерін көрсететінін жеткізді. – Бүгін бүкіл қазақстандықтарда, ел-елді, жер-жерді қамтитын үлкен бәйге басталды, – деді байқаудың қазылар мүшесі, белгілі әнші Нұрлан Албан. – Байқауда жас мөлшеріне ешқандай шек қойылмаған. Сондықтан біздің әрбір отандасымыз бен әрбір қазақстандықтың осы шараға қатысуына мүмкіндік бар. Бұл акция не үшін керек? Барлығымыз бір адамдай осы айтулы және жауапты күнге, яғни кәмелетке толған жас буыннан бастап өзін Қазақстан Республикасының толыққанды азаматы санайтындар сайлауға атсалысуымыз керек. Ол – мемлекеттің тыныштығы, ол – елдің тыныштығы. Ол – ел-жұрттың амандығы, береке-бірлігі. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өнер сапында жүрген әріптестерімді, барша халықты сайлауға тастүйін қатысуға шақырамын. Жеңімпаздарды бас жүлде мен үш жүлделі орын, бағалы сыйлықтар, ұйымдастырушылар атынан алғыс хат пен арнайы сертификаттар күтіп тұр. Туындылар 17 наурыздан 19 сәуірге дейін қабылданады. Тек бір ескеретін жайт, белгілі бір үміткерге дауыс беруге үгіт-насихаттық сипаттағы жұмыстар қабылданбайды. Байқауға ұсынылатын жұмыстар 5 мегабайттан аспайтын JPEG, PNG, BMP пішімдеріндегі sailau2015.el.kz арнайы парағына жүктелуі тиіс. Сондай-ақ, брифинг аясында Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды, Атырау облыстары жастарымен телекөпір ұйымдастырылды. Онда облыстағы жастар аталған байқауға белсене қатысатындықтарын білдірді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.