07 Мамыр, 2015

Солтүстік Кипрде – жаңа басшы

364 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кипр дейтін шағын арал-мемлекетті әлемдік қаржы орталығы ретінде жұрттың бәрі біледі. Кейде дау-дамайымен де біледі. Ал сол аралдың солтүстігіндегі Солтүстік Кипр Түрік Республикасын жұрт көп біле бермейді. Саясаттың сайқалдығы сондай. Сол елде жаңа президент сайланды – Мұстафа Акынжы.

Түркі әлемінің бір пұшпағы саналатын осынау елде мемлекет басшысы сайланғанда, оның тарихы еріксіз еске оралады. Түркілік ынтымағымызды ойласақ та, бұл елді әрқашан еске алып отыруымыз қажет-ақ сияқты. Басқалар оны мо­­йындасын-мойындамасын, ал түркі әлемі оны өз қатарында санауға тиіс дерсің. Әңгіме мынада: бұл республиканы Түркия ғана таниды, әзірге басқалар танымай отыр.

Енді тарихқа зер салайық. Кипр аралының тарихы ресми түрде 9 мың жыл саналады. Оны талай империялар басып алды, жеке де мемлекет болды. Ал 1570-1878 жылдарда Осман империясы биледі. Одан Ұлыбританияның билігіне көшті. Кипрдің қолы тәуелсіздікке 1960 жылы ғана жетті. Сонда Англия және осындағы халықтың тегі саналатын Түркия және Грекия болып, грек және түрік қауымдастығының басын қосып, екі қауымнан тұратын тәуелсіз Кипр Республикасын құру жөнінде келісім жасалған.

Бірақ сыртқы күштердің ықпа­лымен саны басымдау грек қауымы түріктерге қысым көрсете бастады. Бұған, тіпті, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі араласып, елге халықаралық бітімгершілік күш те енгізілді. Сөйтсе де, түп мақсатында бұл арал-мемлекетті өздеріне қосып алу­ды ойлаған Грекиядағы күштер арандату әрекетін тоқтатпаған. Ал сол елде 1974 жылы әскери хунта билік­ке келгенде, олар Кипрдегі тү­ріктерді біржола ығыстыру әреке­­тіне барды. Сонда Түркия өз қандас­та­рына ара түсу үшін мұнда әске­рін тү­сіруге мәжбүр болды. Со­дан бері арал-мемлекеттегі грек және түрік қауымдарының іргесі бөлек.

Атап айтарлық бір жай: түрік қауымы әрқашан біріккен Кипр Республикасын құру жөнінде ұсыныс жасап жүрді. Оны БҰҰ да қолдады. Дүниеге «Кофи Аннан жоспары» деген құжат та келді. Бірақ оны киприот-гректер де, олардың Батыстағы жақтаушылары да қолдамады. Арал-мемлекетте өткен референдумда Біріккен Кипр Республикасы ретінде Еуроодаққа кіруді ондағы түріктердің 65 пайы­зы қолдаса, гректердің 76 пайы­зы қарсы болды. Сөйтіп, ақыры Еуроодақ арал-мемлекеттің тек грек жағын ғана мүшелікке қабылдап, Кипр түріктері бұл одақтан сырт қалды.

Грек жағы ымыраға келмеген соң, 1983 жылы аралдың солтүстігінде Солтүстік Кипр Түрік Республикасы (СКТР) құрылды. Оның алғашқы президенті болып Рауф Денкташ сайланған. Оның да жөні бар еді. Түрік қауымының жоқтаушысы, салиқалы дипломат ретінде өткен ғасырдың соңғы ширегінен бастап ол әлем таныған қайраткерге айналған. Оның арал-мемлекетті біріктіру, Біртұтас Кипр Республикасын құру ұсыныстарын БҰҰ үнемі қолдап отырды.

Шағын да болса, СКТР Жерорта теңізіндегі аралда өмір сүріп жатыр. Арқа сүйері – атажұрты Түр­кия. Әлемнің басқа елдерімен де осы Түркия арқылы араласады. Ешкімге масыл да болып отыр­ған жоқ. Өз ырыстарын өздері та­б­ады. Негізгі шаруасы – туризм. Осыдан он жыл бұрын осы елде болғанымызда халқының саны 214 мың еді. Ендігі өскен де шығар. Ал туризмнен түсер табысы ортаймағаны анық. Шағын мемлекетте ел басқарар азаматтары да жұрттың көз алдында. Халық қалағанын сайлап алады. Ұзақ жыл ел көсемі Рауф Денкташ президент болса, сол халықтың қалауымен орнын Мехмет Али Талатқа берген еді. Одан кейінгі президент Дервиш Ероғлу енді сайлауда 60,38 пайыз дауыс жинаған 68 жастағы Мұстафа Акынжыны жеңісімен құттықтады. Дау-дамай жоқ.

Сарапшылардың пікіріне қара­­ғанда, жаңа президент аралда бі­ріккен мемлекет болуын жақтайтын көрінеді. Сонда өз аймағының да Еуропаның игілігіне араласуы­на мүмкіндік туады, дейді ол. Бұл да қайраткерлік көрегендікті аңғартады.

Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».