17 Ақпан, 2015

Әлеуеті әлсіреген әлемдік экономика

308 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Діңкесі деміккен жаһандық экономика энергетикалық шикізат көздеріне тәуелді. Энергетикалық шикізаттың ішіндегі шешуші рөлі барымұнай. «Қара алтын» деп әспеттеген осы энергетикалық қуат көзі өткен жылдан бері теріс мінез танытып, құрметтеген құнын түсіріп алған сияқты. Өткен жылдың ­маусым айынан бастап, мұнай бағасы 50 пайыздан астам құлдырап, көпті көрген көнекөз сарапшылардың өзін тығырыққа тіреді. ОПЕК табандылығы өзін-өзі ақтады Міне, осындай алмағайып кезеңде ОПЕК өзінің ақпан айындағы кезекті баяндамасын жариялады. Ұйымның болжамы бойынша, картельге мүше мемлекеттер өндіретін мұнайға деген әлемдік сұраныс 2015 жылдың алдағы айларында артатын көрінеді. OPEC-1Биылғы жылдың қаңтар айын­дағы болжам бойынша, картель мүшелері өндіретін мұнайға деген сұраныс тәулігіне 29,2 миллион баррельге жетіп, тәулігіне өндірілетін мұнай мөлшері 400 мың баррельге дейін артатын сыңайлы. Яғни өткен жылмен салыстырғанда, ОПЕК мұнайына деген сұраныс биыл тәулігіне 100 мың баррельге дейін артпақ. Осыдан бұрын қаңтар айында жарияланған баяндамада бұл көрсеткіш тәулігіне 300 мың баррельге дейін төмендейді деп болжанған еді. Оған әлем экономикасында қалыптасқан бірқатар жағдайлар себеп болмақ. Атап айтқанда, АҚШ өндіретін мұнай көлемі өткен жыл­мен салыстырғанда, тәулігіне 1 миллион баррельден 0,8 миллион баррельге дейін төмендеді. Көзі қарақты оқырман ОПЕК ұйымының көшбасшысы Сауд Арабиясы АҚШ-та күрт артып кеткен мұнай өндіру қарқынын тежеу мақсатында өткен жылы мұнай бағасы қанша құлдыраса да, оны өндіру көлемін тәулігіне 30 миллион баррельден кемітпей қойып еді. Нәтижесінде, ОПЕК табандылығы өзін-өзі ақтаған сияқты. АҚШ-тың тақтатас мұна­йын өндіруі барған сайын қиындап барады. Baker Hughes агенттігінің дерегі бойынша, ақпан айының алғашқы аптасында АҚШ-тағы мұнай ұңғымаларының саны тағы да 83-ке төмендеп, 1140 болды. Жалпы алғанда, ОПЕК-тің ақпан айындағы болжамы бойынша, 2015 жылы әлемдегі мұнайға деген сұраныс тәулігіне 1,17 миллион баррельге дейін артып, 92,32 миллион баррельге жетеді. Алайда, бұл мұнай бағасы 2014 жылдың алғашқы жартысындағы деңгейіне дейін көтеріледі деген сөз емес. Қазір ОПЕК өндіретін мұнай көлемі тәулігіне 30,15 миллион баррельді құрайды. Бұл әлі де тәулігіне мұнай өндіру көлемі сұраныстан 1 миллион баррельге артық екенін көрсетеді. Өткен жұмада халықаралық рынокта мұнай бағасы күрт көтеріліп, соңғы 7-8 айдың ішінде алғаш рет 60 долларлық межені көрсетті. Мәселен, жұма күні Brent маркалы мұнай бағасы 4,37 пайызға өсіп, бір баррелі 57,05  долларды құрады. WTI маркалы мұнай бағасы 0,43 пайызға көтеріліп, бір баррелі 51,43 долларға жетті. Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) болжамы бойынша, биылғы жылдың екінші жартысында мұнай бағасы тұрақтанатын болады. ХЭА сарапшыларының айтуынша, өткен жылы мұнай бағасының 50 пайыздан артыққа төмендеуі Солтүстік Америкадағы мұнай өндіру көлемінің артуына және әлемдік рыноктағы мұнайға деген сұраныстың төмендеуімен байланысты болды. Бұл жағдайлар мұнай өндіру саласына салынатын инвестициялар көлемін күрт азайтты. Сонымен бірге, агент­тік сарапшыларының айтуын­ша, мұнай бағасы көтерілгенімен де соңғы үш жылда қол жет­кіз­ген жоғары деңгейіне жете алмайды. Орташа алғанда, әлемдік рыноктағы мұнайға деген сұраныс жылына 1,2 пайызға артады, дейді ХЭА сарапшылары. Дуалы ауыз сарапшылардың пікірінше, 2020 жылдары әлемдегі мұнайға деген сұраныс тәулігіне 99,1 миллион баррельге жетпек. Яғни, 2015 жыл мен 2020 жыл аралығында мұнайға деген сұраныс тәулігіне 6,6 миллион баррельге артады. Бұл дүниежүзінде қазір тәулігіне өндірілетін 5,2 миллион баррель мұнайға деген сұраныстың 1,5 миллион баррельге артатынын көрсетеді. Агенттік болжамынша, 2015 жылы дүние­жүзіндегі мұнайға деген сұраныс тәулігіне 93,3 миллион баррельді құраса, 2016 жылы тәулігіне 94,5 миллион баррельге жетпек. Міне, осы жағдайларды саралай келіп, ХЭА сарапшылары биылғы жылы мұнай бағасы барреліне 60 АҚШ доллары көлемінде болады дейді. Лондон биржасында 16 ақпан, дүйсенбі күні таңертеңгілік Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы 0,11 пайызға төмендеп, 61,45 АҚШ долларын құрады. Жұма күні бұл көрсеткіш 61,52 АҚШ долларына тең болған. Энергетикалық саладағы жұмысшылар қысқаруда Swift Worldwide Resources агенттігінің мәлімдеуінше, соңғы уақытта әлемдік энергетика саласында жұмысшы­­­ларды қысқарту күрт белең алып бара жатыр. Дүниежүзі ­бойынша энергетикалық саладағы жұмыстан айы­рыл­ған адамдардың саны 100 мыңнан асып жығыл­ды. Осыдан 7-8 ай бұрын басталған мұнай бағасының кенеттен төмендей бастауына байланысты Шотландия, Австралия, Бразилия және басқа бірқатар елдердің мұнай-газ компаниялары жұмысшыларды көптеп қысқарта бастады. Дагдарыс-2Заманның жақсы кезінде, яғни мұнай бағасы 100 АҚШ долларынан асып тұрған 2012 жылдары бұл компаниялар білікті инженерлер мен маман жұмысшыларды көптеп жұмысқа қабылдады. Мыңдаған жұмысшылар жоғары жалақы алу үмітімен жаңа кен орындары ашылып жатқан өңірлерге қоныс аударып, еңбек ете бастады. Қазір мұнай бағасы екі еседен астам төмендеп отырған жағдайда компаниялар етек-жеңін жинап, әрбір тиындарын есептеуде. Нақ осындай қаржы тапшылығы кезінде олар ең алдымен жұмысшыларды қысқартуға бейім болып отыр. Агенттік жүргізген зерттеулерден белгілі болып отырғанындай, тіпті, соңғы кезде пайдаға белшесінен батамыз деген АҚШ-тың тақтатас мұнайын өндіретін компаниялары да мұнай ұңғымаларын қысқартуға мәжбүр болуда. «Соңғы жеті жылдан бері  аталмыш компаниялар алғаш рет кадрларды қысқартуға мәжбүр болып отыр. Мұнай бағасының төмендеуі олардың белгілеген бірқатар межелерінің орындалуын жоққа шығарды. Сондықтан мұнай-газ саласындағы бұл көш­басшы компаниялыр соңғы жеті жылда бірінші рет жұмысшыларды қабылдауға емес, қысқартуға жол берді», дейді агенттіктің бас директоры Тобиас Рид. Баға тұрақсыздығы компа­ния­лардың жобаларға инвестиция салуына да ықпал етуде. Көптеген компаниялар биылғы жылға белгілеген жобаларын қыс­қартып, жұмыстарын тоқ­татуда. Petroleos Mexicanos компаниясы осындай себептермен 8 мыңға жуық жұмысшыларын қысқартты. Солтүстік теңізде жұмыс істеп жатқан компаниялар да соңғы кезде 11,5 мың адамды қысқартып, алдағы уақытта 30 мың жұмысшыны қысқартуды белгілеп отыр. Себебі, Солтүстік теңізіндегі мұнай кеніштеріне салынатын инвестиция көлемі 3,6 миллиард долларға қысқарды, дейді Swift Worldwide Resources агенттігінің сарапшылары. Осыдан бұрын баспасөзде Францияның атақты ірі мұнай-газ компаниясы Total 2017 жылға дейін 2 мыңнан астам жұмыс­шыны қысқартуды белгілеп отыр­ғанын жазған еді. Тек пайда­ға ғана жұмыс істейтін бұл транс­континентальдық компаниялар мұнай бағасының төмендеуінен атша үркіп, болашаққа белгілеген инвестицияларын қайта қарай бас­тады. Осы Total мұнай-газ компаниясы әлемдік рыноктағы мұнай бағасының тұрақсыздығына байланысты 2015 жылы өзінің 5,5 миллиард доллар көлеміндегі активтерін сататындығы туралы мәлімдеді. Сарапшылар­дың айтуынша, әлемдік көш­басшы мұнай-газ компаниялары өздерінің шығындарын 40 миллиард долларға дейін қысқартатындықтарын мәлімдеп те үлгерген көрінеді. Ашқұрсақ балалар АҚШ-та жүргізілген зерттеулер көрсетіп отырғанындай, кедейшілікте өмір сүретін балалардың саны қазір 2008 жылғы қаржы дағдарысы кезеңіне дейінгі мөлшерден екі есе көбейіп кетіпті. Тапқаны тамағына жетпейтін отбасылар балаларына қорек тауып беру үшін азық-түлік банкілеріне барады екен. Дагдарыс-3АҚШ-тың халық санағы бюро­сының дерегі бойынша, елдегі әрбір бесінші балаға жеңіл­де­тілген бағамен азық-түлік алу бағ­­дар­ламасы бойынша көмек көрсеті­ле­тін көрінеді. Мақтаулы Аме­рикада 16 миллионнан астам бала­лар тоя тамақ ішпейді екен. 2008 жылғы қаржы дағдарысына дейін олардың саны 9 миллион деңгейінде болатын. Биылғы жыл АҚШ экономикасы үшін сәтті кезеңдердің бірі болып отыр. Эко­но­миканың өсуіне байланыс­ты жаңа жұмыс орындары ашылуда. Алайда, байлар мен ке­дейлер арасындағы алшақтық бұ­рынғыдан да тереңдеп барады.­ Халық санағы бюросының де­регі бойынша, АҚШ-тағы халық­­тың 1 пайызын құрайтын байлар­дың дәу­леті еселей артып, кедей­лердің жағдайы құлдырап кеткен. Мұн­дағы балалардың 20 пайызы­ның тұрмысы 2011 жылғы деңгей­ден тө­мендеп кеткен. Әлем­дегі өнер­кә­сібі ең дамыған 35 мемле­кеттің ішінде кедейшілікте күн көретін балалар саны жағынан Румы­ния­дан кейінгі екінші орын алады. Дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».