19 Наурыз, 2015

Виллаш-Боаш Ресей чемпионатын Мексика сериалдарына теңеді

320 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
19-03-15-Villash Boash 01АСТАНА. 19 наурыз. Санкт-Петербургтың «Зенит» футбол командасының бас жаттықтырушысы Андре Виллаш-Боаш Ресей чемпионатын мексикалық сериалдарға теңеді. Бұл жөнінде championat.com хабарлады. Бүгін түнде Еуропа лигасы аясында «Зенит» Италияның «Торино» командасымен қарымта ойын өткізеді. Соған байланысты Ресей командасы Италияға барды. Ол жерде Виллаш-Боаш тілшілермен кездесіп, арнайы баспасөз-мәслихатын өткізді. Жиын барысында тілшілердің бірі Ресей чемпионатындағы соңғы кездері болып жатқан келеңсіздіктерге тоқталып, жаттықтырушыдан сол туралы айтып беруін өтінді. Әсіресе, италиялық тілшілерді ЦСКА мен Туланың «Арсеналы» арасындағы даулы оқиға қызықтырды. Өз кезегінде португалиялық маман «Бұл мәселе жайында нақты бір нәрсе айту қиын. Дегенмен, «Арсенал» өз көзқарасын өзгертеді деп сенемін. Себебі, бұл жағдай Ресей чемпионатының беделіне нұқсан келтіреді. Негізі соңғы кездері мұндай жайттар жиілеп барады. «Арсенал» үйдегі ойындарын Мәскеуде өткізсе, «Торпедо» да өзіне келген қонақ команданы «Спартактың» алаңында қабылдайтын болды. Әйтеуір Ресей футболында бітпейтін ию-қию дүниелер көп. Сондықтан мен Ресей чемпионатын Мексика сериалдарына теңер едім», деді Виллаш-Боаш мырза. Айта кетейік, Ресей чемпионатының алдағы 20-турында Туланың «Арсеналы» өз алаңында Мәскеудің ЦСКА-сын қабылдауы тиіс. Алайда, ЦСКА ойыншылары Туладағы стадионның сапасына көңілдері толмайтынын айтып, басқа алаңда ойнағысы келетіні туралы тиісті орындарға арызданады. Олардың бақытына орай, Ресей футболының басшылары бұл ұсынысты қанағаттандырып, ойынды Мәскеудегі «Локомотив» командасының кіші спорт аренасында өткізу туралы шешім шығарды. Мұндай шешімге қарсы болған «Арсеналдың» бас жаттықтырушысы Дмитрий Аленичев 21 наурызда болатын ойынға командасының қосалқы құрамын шығаратынын айтты. «Біз матч болатын күнге дейін алаңның сапасын жақсартуға уәде бердік. Бірақ, сөзімізге құлақ асқан ешкім жоқ. Сондықтан қарсылық ретінде осындай әрекетке баруға мәжбүрміз», дейді Аленичев мырза. Бас жаттықтырушының бұл бастамасын «Арсенал» жанкүйерлері де қолдады. Десек те, бұл үшін Ресей футбол одағы Туланың командасына ешқандай қарсы шара қолдана алмайды. Себебі, қосалқы құрам ойнамауы керек деген ереже жоқ. Ал Ресейдің Спорт министрі Виталий Мутко: «Арсеналдың» тек қосалқы құраммен ойнауға құқы жоқ», деп бұл жайтқа қарсы екенін білдірді. Қазір футболдан Ресей премьер-лигасының екінші кезеңі өтуде. Қыс бойы демалған командалар көктем шыға қайтадан таласты бастап кетті. Мәреге жақындаған сайын чемпиондықтан үміткер командалар сан түрлі айла-тәсілге баруда. Жанкүйерлер ЦСКА-ның бұл әрекетін сондай қитұрқы амалдардың бірі деп санайды. Еламан Қоңыр. Дерек: championat.com. Сурет: sports.ru, lenta.ru. 19-03-15 Arsenal CSKA01 19-03-15 Arsenal CSKA02