05 Тамыз, 2015

Ақпараттар ағыны

200 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
● Қазақстанда ауқымды мал бордақылау алаңдарын салу бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингінің мәліметіне сүйенсек, еліміздің бірнеше облыстарында 3 мың бас ірі қара малын бордақылау алаңының құрылысы жүргізілмек. ● Биылғы шілде айында еліміздегі инфляция 0,1 пайызды құрады. Ал азық-түлік тауарларының бағасы 0,3 пайызға төмендесе, ақылы қызметтер 0,5 пайызға өскен. Сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер 7 пайыздың шамасында қымбаттаған. ● Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланына қарасты 5573-әскери бөліміндегі жауынгерлер жаңа киім үлгісіне көшті. Әскерилердің жаңа формасы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу қарсаңында жүзеге асырылды. Айта кетейік, еліміз бойынша 5 мың сарбаз патрульдік полицейлермен бірлесіп қоғамдық тәртіпті қадағалап келеді. ● Астанада 2015-2016 оқу жылына орай жаңадан үш мектеп бой көтерді. Олар – Есіл ауданының Орынбор көшесінде орналасқан №77 мектеп-гимназиясы, Комсомол тұрғын алабындағы №79 мектеп-гимназиясы және Батығай тұрғын алабында қоныс тепкен дарынды балаларға арналған «Astana English school» мектебі. Әр мектеп 1200 орынға лайықталған. ● Алматыда «Самал» шағын ауданын абаттандыру барысында 3 шақырымдық веложол салынады. Ол – Достық даңғылы, Сәтбаев, Фурманов және Жолдасбеков көшелері арқылы ұзындығы 3 мың метрлік жол. Сондай-ақ, қала әкімінің тапсырмасы бойынша даниялық сәулеткер Ян Гейлдің тұжырымдамасы аясында ауданды абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. ● Оңтүстік Қазақстан об­лысының Түркістан қаласына жылына 1 миллионға жуық турист келеді. Қала әкімі Әліпбек Өсербаевтың айтуынша, мұнда туризм қарқынды дамыған. 2013 жылы Қ.А.Ясауи кесенесіне 700 мыңнан астам турист келсе, 2014 жылы бұл цифр 1 млн.-ға артқан. Ал биылғы бірінші жартыжылдықта 600 мыңға жуық адам қалаға саяхат жасаған екен. ● Қызылорда облысында бірінші жартыжылдықта 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Мұның басым бөлігі құрылыс саласына тиесілі. Облыс әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, аймақта жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құраған. Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары, «ҚазАқпарат» агенттігі және «24kz» телеарнасының деректері бойынша дайындалды.