Соғыстың аты – соғыс, ол адамзатқа тек қасірет әкелетінімен ғана белгілі. Ал соғыстың салдарын барынша азайту үшін адамдар түрлі амалға барады. Сонау 1979 жылдың желтоқсан айында интернационалдық борыштарын өтеу мақсатымен Ауғанстанға Қазақстаннан талай адам аттанды. Олардың бәрі де қолдарына қару ұстаған, үстеріне форма киген әскерилер ретінде есептелді. Бірақ солардың арасында басшылық қана білетін, өзге ешкім жүріс-тұрысынан да сыр тартып сезе алмайтын барлаушылар болды. Олардың Ауғанстанда көрсеткен ерліктері қалай, қайтіп жүзеге асқанын екінің бірі біле бермейді. Міне, осыған орай қанқұйлы соғыста тек жаумен шайқасып қана қоймай, олардың қарсылығын қайтару мен қауіптің негізгі көзін құрту үшін астыртын амалдарға барған сыртқы барлау ардагерінің асқан ерлігі туралы аз-кем әңгіме қозғауды жөн көрдік.
Ал жалпы Ауғанстандағы соғысқа Қазақстанның көптеген сыртқы барлау қызметкерлері қатысып, елге абыроймен оралды. Жоғарыда атағанымыздай, олардың бірқатары әлі де міндеттерін атқаруды жалғастырып жатса, енді бірі құрметті демалыста жүр. Демек, зейнетке шыққан кейбір сыртқы барлау ардагерлерін атап өтуге әбден болады. Мәселен, олардың қатарында полковниктер Тоқтархан Күзембаев, Әбдіғапар Мирманов, Төлеухан Боқажанов, Қабдолла Бекжанов, Талғат Әмірғалиев пен подполковник Олег Гришечкин бар. Аталған барлаушыларымыз көрсеткен ерліктері үшін КСРО және Ауғанстанның орден, медальдарымен марапатталған. Осы ардагерлердің қай-қайсысын болмасын жеке дара алып, ауған соғысындағы іс-әрекеттерін баяндау арқылы сол бір қасіретті уақыттың тарихы да түзілмек. Сондықтан біз, алдымен, ауған соғысында қажетті нақты ақпараттарды алу, банда құрылымдарының шоғырланған көзі қай жерде екендігін тура анықтау, жою немесе олардың қатарына жансыз еніп, мүмкіндігінше халықтық өкімет жағына тарту секілді құпия да аса қауіпті міндеттерді атқарған Әбдіғапар Мирмановтың әскери тапсырмаларды орындау кезінде көрсеткен батырлығы мен тапқырлығын паш етпекпіз.
Ол кезде, яғни 1986 жылы Әбекең Талдықорған облысы бойынша Қаз КСР МҚК басқармасы барлау бөлімінің бастығы болып жұмыс істеп жүрген еді. Содан бір күні оны Мәскеуге шақыртты. Жалғыз бұл емес, одақ бойынша барлығы 17 адам КСРО МҚК Бірінші Бас басқармасына (сыртқы барлау) жиналды. Олардың барлығы да қатардағы МҚК жай қызметкерлері емес, сайдың тасындай іріктелген МҚК басқармасы бастықтарының орынбасарлары мен аса маңызды бөлім жетекшілері-тұғын. Сөйтсе бұларға таңдау текке түспеген: интернационалдық борыштарын өтеу үшін Ауғанстанға баратындары белгілі болды. Ал ол кездегі соғыс өртіне шарпылған Ауғанстандағы жағдай қандай екені айтпаса да түсінікті еді. Ахуал қиындап бара жатқан шақ. КСРО билігіне жаудың қарсыласқан жасақтарын жоюдың бір амалын табу керек болды. Соғыста бұл міндетті орындаудың оңай еместігі белгілі. Қарсыласқан жаудың да астыртын барлау жүргізуде қарап отырмайтыны рас. Демек, бұл жолғы аттанатын топ барлық талапқа жауап беретін, асқан дайындықтан өткен, «сен тұр, мен атайын» дейтіндей қайтпас қайсар ғана емес, аса ептілік пен кез келген тығырықтан шығудың амалын таба алатын тапқырлық, біліктіліктің иесі болуы керек. Сондықтан аталған топқа арнайы дайындық жүргізіліп, ең алдымен, сол елдің тілін білу үйретіледі.
Содан әбден дайындалып, қиын да, қауіпті тапсырманы орындауға дайын деген кезде барлау тобы шекараға аттанды. Жоғарыда айтқанымыздай, сырт көзге олардың бәрі де әскери адамдар болатын. Өздеріне лақап есімдер тағылды. Әбекең болса, экономикалық өкілдіктің жай қатардағы инженер-жөндеушісі болып өтті. Дегенмен, Ауғанстанда КСРО-ның кеңесшілері болатын. Жергілікті жерлерде оларды «мушаверлер» деп атапты. Мұндай кеңесшілерді МҚК, ІІМ, Қорғаныс министрліктері ұстады. Әрине, партия, комсомол тарапынан да кеңесшілердің болғаны анық. Соған сәйкес аталған топ бағыт алған Фарьяб провинциясында жалпы басшылықты МҚК қолына алған 31 кеңесші болып, солардың қатарына Әбдіғапар да қосылды.
Көрініп тұрған жаудың жағасынан алып атып ұру, ұрыс даласында қасық қаның қалғанша шайқасу – нағыз соғыстың бір амалы ғой. Ал мұнда басқан әр қадамыңды аңдып, ту сыртыңнан пышақ ұратын, агент ретінде келіп жасырын ойран салатын бандалар ісі жергілікті бейбіт тұрғандар үшін де өте қауіпті еді. Сондықтан қарапайым көзге момақан болып көрінетін бандалар тобының халық шаруашылығына немесе әскери нысандарға дайындалып жатқан шабуылдары туралы алдын ала ақпарат алу өте жоғары бағаланды. Өйткені, 1987-1989 жылдары Фарьяб провинциясының аймағында ғана он мыңның үстінде адамы бар 150 қарулы банда құрылымы болған екен. Түрлі бағыттағы партиялардағы үш мыңнан аса адам бітімге келмейтіндер болса, төрт мыңға тарта адам жағдайдың артын бағумен жүрген. Сондықтан кімнің-кім екенін тап баса айыру да қиынға түседі. Күндіз қарапайым шаруа болып жүрген жан, түнде бас кесер бандаға айналып шыға келеді. Сөйтіп, моджахедтер қышлақтағы қарапайым жандарды тонап, жиған-тергендерін тартып әкетіп отырады екен. Онымен қоймай халықтық биліктің қарулы күштері нысандары мен қала берсе кеңестік шекарашыларға қырғидай тиеді.
Сондықтан бұл қарулы банда ұйымдарын тауып, көзін құрту оңай шаруа емес еді. Фарьяб провинциясында жедел топты басқарған Ә.Мирмановқа аса ауыр міндеттің бірі жүктелді. Алға қойылған тапсырмаға сай чекистік-әскери операцияны «Дарбанд» деп атаған. Ондағы мақсат – ешуақытта бітімге келгісі келмейтін Саид Алаудин бастаған ірі банда шоғырын жою болды. Банда құрамында кез келген сәтте ойран салып, қылыш сермер 250-дей атқамінер болған. Оның үстіне олар аталған провинциядағы 15 қышлақты уысында ұстап отырған. Осыған орай әр қышлақта моджахедтердің өз адамдары бар деп есептесе, кез келген уақытта олардың саны он есе ұлғайып шыға келуі мүмкін екен. Демек, Әскери кеңесте С.Алаудин бандасын жою жөніндегі нақты шаралар жергілікті халықтың қамын ойлаудан туындағаны сөзсіз еді.
Алайда, С.Алаудиннің аты жер жарғанымен оның дәп қайда жүретінін ешкім білмеді. Соған сай оны ұстау да, оның бандасын табу да мүмкін болмады. Дегенмен, барлаушылар қарап жатпағаны және белгілі. Агентуралық жедел шаралардың арқасында аталған банданың бірқатар мүшелерін арбауға қол жетті. Арбалған агенттер С.Алаудиннің нақты штаб орнын айтып берді. Бірақ С.Алаудин де өзінің басы алтынға бағаланғанын білсе керек, тұрғылықты орынын үнемі өзгертіп отырды. Тап басып, үстінен түсу мүмкін болмады. Содан ақыры үздіксіз ізденудің арқасында әлгі банда басшысының кеңестік шекарашылар қаруланған қара түсті, шолақ АК автоматына орасан қызығушылығы бар екендігі туралы жасырын хабар жетеді. Бұл Ә.Мирманов үшін «көктен іздегені жерден табылғандай» болды. С.Алаудин, тіпті, сондай автоматты жеке өзі ұстағысы келіп, әгәрки қарамағындағы кімде-кім оны тауып әкелсе, мол ақша беретінін де айтыпты. «Сұрағанға іздеген» дегендей, Әбекең оған «көмектесудің» жоспарын құрады.
Бұл үшін полковник Ә.Мирманов автоматты табыстаудың жоспарын мықтап ойластырды. Оқтаулы мылтық бір күні атылады дейді. Сондықтан барлаушылар шекарашы прапорщик арқылы сұралған автоматты банда басшысына «сатқызады». Ұнатқан қаруын оңай қолына түсірген С.Алаудин мәз болып қуанады. Тіпті, еш күдіктенбейді. Қайда барса да, тартымды болғанымен ажал себетін қаруды сипалап қойып, жанынан тастамады. Барлаушылар тап осындай жағдайды күткен еді. Ойлағандары тура шықты. Сағына «сатып» алған автоматы өзінің, яғни Саидтың ізін аңдып, анықтап «мен мұндалап» тұрды. Оның қайда барып, қайда жүретіні де белгілі болды. Сөйтіп, бір күні Саидтың Тұрпахту қышлағына баратын уақыты келді. Ол үшін жеке күзетіне лайықтап оншақты аттылыны ертіп, жолға шығады. Ал әлгі жанынан тастамайтын АК автоматында барлаушылар алдын ала орнатқан радиомаяк оның қалай қарай бағыт алып, қай жерде кетіп бара жатқанынан белгі беріп тұрды. Негізгі бар сыр осында еді.
Бұдан кейінгі жағдай техника ісіне берілді. Уақтылы әуеге көтерілген қос «Ми-24» тікұшақтары радиомаяк белгісі бойынша желе жорытып бара жатқан бандалардың тура үстінен шықты. Бандалар жан-жаққа тарақандай бытырай қашты. Бірақ С.Алаудин қолтығындағы радиомаяк «мен мұндалап» қоймай қойды. Сол тұсқа қос тікұшақтан бірдей жаудырылған оқтан Саид Алаудин құтыла алмады. Табанда жер жастанды. Қалғандары да оққа ұшты. Артынша барлаушылар «Дарбанд» жоспарының екінші бөліміне көшті. Өйткені, атынан ат үркетін Алаудин өлгенімен банданың негізгі тобы, қару-жарақтың ірі қоймалары Дарбанд қышлағы аймағының бір бекінісінде қалғаны анық. Ал ол тұсқа өтудің өзі тіптен қауіпті болатын. Сондықтан Саидтың өлімінен банда мүшелерінің алғашқыда есеңгіреп, абдырап қалған сәтін ұтқыр пайдалана білген барлаушылар агентура мен сенімді байланыстар арқылы бандалардың аясындағы бір бекетті әп-сәтте алдап-сулап қаратып алды. Әлгі сатылған бандалар кеңестік шекарашылардың моторландырылған тобына жол ашып берді. Соның арқасында банданың шоғырына тұтқиылдан тиген провинциядағы халық билігінің қарулы күштері айқасқа аттандап кіріседі. Саид Алаудиннің бекінісін басып алу табаны күректей бес сағатқа созылды. Ақыры кескілескен шайқаста бандалардың көзі толықтай жойылып, үлкен көлемде қару-жарақ пен оқ-дәрілер және бағалы заттар мен азық-түлік алынды. Бағалы заттар мен азық-түлік сол жерде-ақ жергілікті тұрғындарға табысталды.
Иә, там-тұмдап жиналған барлау қызметінің ақпараттары қашанда бір шешімге келуде құнды екені даусыз. Бірақ қарсы жақтың да қарап жатпайтындығын ойласаң, тек озық барлау ісі ғана белгілі бір күткен нәтиже беретіні сөзсіз. Сондықтан ауған соғысында, көбіне, толыққанды алынған барлау ақпараттары ғана іске асқан көрінеді. Ал кей жағдайда, өкінішке қарай, барлау қызметінің анықтығына сай жүргізілген жедел шаралар еш нәтижесін де бермегені жасырын емес. Көрсетілген бандалар шоғырланған жерге келген қаруланған топ олардың орнын сипап қалғандары да бар. Өйткені, моджахедтер де халық билігі органдарында өздерінің агенттерін ұстаған. Сонымен қатар, туысқандар мен жай жақтасушылардың да кейде сөз таситындығын ескерген жөн. Ал арнайы дайындықтан өтіп, ауғанға барған Әбекең тобы мұның бәрін алдын ала ескерген еді. Тыңғылықты дайындықтан өткендігі өз нәтижесін берді.
Жалпы, енді ашығын айтар болсақ, моджахедтер пайдаланатын қарулар да тегін емес еді. Оларда, тіпті, әрі-берлі алып жүруге ыңғайлы әуе-зымыран кешені де болғаны жасырын емес. Бірақ оған көбіне америкалық «Стингер» түріне ұқсас ағылшындық «Блоупайп» қорек көзі қажет еді. Осыны жақсы білетін Кабулдағы КСРО МҚК өкілдігі Ауғанстандағы барлық жедел топтарға аталған қорек көзін қалайда қолға түсіруді тапсырды. Оны кеңес жағы қолға түсірсе банда тобына әуе-зымыран кешенін толықтай күшінде пайдалану арманға айналып қала бермек. Осындай тапсырманы орындау үшін барлаушылар аттылы сарбаздар әрекетін ұтымды пайдалана білді.
Отқа оранған Фарьяб провинциясындағы Царандое (милиция), Ұлттық полктері секілді қарулы бөлімшелердің ішінен, әсіресе, Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің МҚМ басқармасы айрықша қуатты еді. Оның жеке құрамы 1992 адамнан тұрды. Сол сияқты МҚМ жанында қарауында БТР-лар мен артиллериясы бар екі жедел батальон болды. Бұған қоса әлгі жедел батальонның құрамына аттылы взводтар енді. Міне, осы аттылы әскерилер қару-жарақ тасымалдайтын көштердің жолын кесуде ерекше көзге түсті. Тіпті, барлаушылар оларды «жалған бандалар» рөлінде көрсетуге де пайдалана білді.
Ал бұл жедел қимылдайтын аттылы сарбаздар, расында, жасырын қызмет етті. Олар өз үйлерінде тұрып, бейбіт адамдардың тұрмысын кешті. Әрқайсысының қолдарында ықшам радиостанса болды, жеке қарумен қамтамасыз етілді. Сондықтан кез келген уақытта МҚМ басшылығының шақыртуы бойынша әскери тапсырманы орындау үшін жедел жетіп отырды. Міне, осы сарбаздардың пайдалы жорықтарының бәрін айтпағанда, бір ғана 1987 жылғы 11 моджахед қарауылдаған көшті қолға түсіргенінің өзі құнды болды. Сөйтсе, әлгі 11 моджахед аса маңызды тапсырманы орындау үшін тау-тастың, жықпыл-жықпылдың арасымен көшті көзге түсірмей алып барады екен. Алайда, олар қаншалықты жасырын қимылдағанымен Ә.Мирманов барлауы біліп қойған ғой. Сөйтіп, аттылы сарбаздар ойламаған тұстан олардың жолын кесті. Көш толған қару-жарақ екен. Онан да ең маңыздысы, чекистер қолға түсіруді тапсырған, жоғарыда аталған шетелдік мамандар дайындаған ағылшындық «Блоупайп» қорек көздері осы көште екен. Оны олар бітімге келуден мүлде бас тартқан Исмаил бандасы орналасқан Қайсар қышлағына алып бара жатыпты. Амал не, бандалар зарыға тосып отырған қару-жарақтарынан осылайша қапыда айырылып тынды. Ал бұл сыртқы барлау қызметкерлерінің міндеттерін талапқа сай орындаудың бір көрінісі ғана еді.
Жедел топтың мүшелеріне ұрыс алаңына тікелей қатысуға рұқсат етілмейтіні белгілі. Бірақ, Әбекең айтуына қарағанда, ондай тыйым әріптестерінің алдында – ауғандықтардың «мушаверлер» туралы беделіне нұқсан келтіру әбден мүмкін еді. Бұл туралы Өкілдіктің жетекшілеріне де белгілі болатын. Сондықтан Әбекеңнің өздеріне бекітілген тапсырмаларды жеріне жеткізе орындау үшін, сол істің басы-қасында тікелей жүріп, жедел қызметте көзделген бағытқа ауғандықтарды үйретумен болған. Осындай маңызды тапсырмалардың бірі ретінде жедел топтың алдына бандалардың арасындағы шетелдік кеңесшілерді ұстау жүктеледі. Әсіресе, ірі банда топтарында пәкістандық кеңесшілер көп жүрген. Осыған байланысты моджахедтердің басым тобы Пәкістанның Пешавар ауданында арнайы дайындықтан өтетін. Сол дайындықтан өткен соң шайқасқа түсетін орындарына өздерін дайындаған шетелдік мамандардың жетегінде келетін.
Бірде осындай дайындықтан өткен моджахедтерді бастап алып келе жатқан топ қолға түсті. Сөйтсе, банданың кеңесшісі Ален Гион атты француз екен. Қапыда қолға түскен шетелдік тыңшы да беріле қойсын ба, белгілі бір газет тілшісімін деп бет бақтырмапты. Алайда, ол да пенде ғой, шындықты жасыра алмаса керек. Артынан бұл жедел шараның нәтижесі айтарлықтай көмегін берді. Соның арқасында алынбас қамалдай болып жүрген Расул Пахловонның ағасын МҚМ арқылы арбауға қол жетіп, інісі бастаған банда тобын халықтық өкімет жағына тартуға мүмкіндік берді. Ал бұл кезде әлгі шетелдік кеңесші банданың құрамында Ә.Мирмановтың айтқанын қалт етпей орындап жүрді.
Міне, осылайша ауған соғысында сыртқы барлау қызметінің барлаушылары тапсырманы орындауда міндеттеріне сай қомақты үлес қосқаны сөзсіз. Мұндай жедел тапсырмаларды орындауда біздің кейіпкеріміз полковник Ә.Мирмановтың да еңбегі зор болғандығы және анық. Әбдіғапар Досекейұлы 1941 жылы Қостанай облысының Семиозер ауданында туған. Ресейдің Ростов қаласындағы машина құрылыс институтын бітірген соң, инженер-конструктор болып жұмыс істеп жүреді. Сөйтіп, зауыттың озат жұмысшысы болып жүргенде оған чикистік қызметке баруға өтініш түседі. Әбдіғапар сөзге келмейді. Міне, сол кезден сыртқы барлау қызметіне әбден ден қойған ол шығыс елдерінің көбінде сапарнамаларда болып, Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеді. Ә.Мирманов екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» ордені және бірқатар үкіметтік наградалармен, оның үстіне ауған халқының екі орденімен де (І дәрежелі «Жұлдыз» бен «Батылдығы үшін») марапатталған. Қазіргі күні ол зейнеткер әрі нағыз бақытты адам: екі ұлы, бес немересі және екі шөбересінің қызығына батып отыр. Ауған соғысына қатысқан сыртқы барлау ардагерінің зайыбы да қасында, зейнеткер.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».