Бүгінде Бас прокуратура Мемлекет басшысы жариялаған бес институттық реформа «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша мақсатты түрде жұмыс жүргізуде. Бұл орайда қадағалау органының мамандары мемлекеттік басқару, сот төрелігі, сондай-ақ, заң үстемдігі қағидасын қамтамасыз ету бойынша әзірленген ұсыныстарын Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссия мақұлдаған көрінеді. Атап айтқанда, алқабилер институтын жетілдіру, тергеу әрекеттеріне санкция беру жөніндегі прокуратураның қызметін біртіндеп тергеу судьяларына беру, азаматтық-құқықтық даулардың жекелеген санаттары бойынша прокурорлардың сотқа қатысуын қысқарту жөнінде ұсыныстар енгізілді.
Сонымен қатар, Бас прокурор атап өткендей, көзделген мақсаттарды көпшіліктің қатысуынсыз және олардың қолдауынсыз тиімді жүзеге асыру мүмкін емес. Көп жағдайда түпкі нәтиже реформалардың негізіне алынған идеяларды халықтың қабылдауына және оларды қолдауына сай көрініс табады. Сондықтан біздің азаматтардың осы жұмысқа белсенді қатысқандары маңызды болып табылады. Ал бұл талаптарды жүзеге асыру мақсатында күні кеше ғана «Құқық қорғау органдарын реформалау» атты интернет-сайт іске қосылды (www.rpo.kz). Онда кез келген азамат құқық қорғау жүйесін реформалау және заңнаманы жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын қалдыра алады. Аталған интернет-платформаны құрудың басты мақсаты – халықты құқық қорғау органдарын жаңғырту жөніндегі жұмысқа тарту, құқықтық жүйені сапалы жаңарту мәселелеріне бейжай қарамайтын азаматтардың барлығымен сындарлы сұхбат жасау болып табылады Сайтты пайдаланушыларға тиімді болуы үшін форумда үш бөлім қарастырылған. Оның алғашқысы, азаматтардың құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты реформаларды іске асыру бойынша ұсыныстарын жинау болса, екінші бөлімде азаматтар Ұлт жоспарының орындалуына бағытталған ұлттық заңнаманы реформалау бойынша ұсыныстарын қалдыра алады. Ал, үшінші бөлімде халықаралық алдыңғы қатарлы тәжірибені ескере отырып құқық қорғау органдарының реформасын жүргізу бойынша ұсыныстар жинақталып, талқыланады. Сайтта жұмыс істеу тәртібі сол жердегі нұсқаулықта анық көрсетілген, осыны басшылыққа ала отырып арнайы тақырып ашуға немесе бұрын жасалған тақырыптарға пікір қалдыруға болады, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.