Мемлекет пен оның азаматтарына ең керек құндылық – азаттық. Қазақ хандығы құрылғанға дейін де азаттықты сақтаудың басты шарты ретінде билік пен билеушінің біліктілігі, халықтың бірлігі мен ынтымағы, ел мен жерді қорғауға қабілетті қарулы күштердің сақадай-сай тұруы ұлықталды. Мемлекеттің астанасына айрықша мән берілді. «Өтікен қойнауында отырсаң, – делінген Күлтегін ескерткішінде, – мәңгі елдігіңді сақтайсың». Біздің ойымызша, түркілік «Мәңгі Ел» идеясының астанамен байланыста дүниеге келуі қалыптасқан мемлекетте ғана мүмкін құбылыс.
Қазақ хандығының тарихи тамырлары тереңде жатыр. Оны XV ғасырдағы, тіпті, оның алдындағы үдерістермен шектеу методологиялық қисынсыз әрі ғылыми танымға қиянат. Қазақ хандығы тарих сахнасына шыққан тағдыр анықтағыш сәттің, айрықша серпілістің мәнді белгілерін тани білудің мәні зор екенін жоққа шығармаймыз. Дегенмен, нағыз ғылыми танымға объективтілік, жүйелілік, даму ұстанымдарына жүгіну жарасқан. Оның үстіне Қазақ хандығының тарихын Орда Ежен алғашқы ханы (ХІІІ ғ.) болған Ақ Ордадан, Орыс ханнан (ХІV ғ.) бастауды дәйектеген зерттеулер жарық көргені және бар.
Біздің ойымызша, мәселенің тап осылай қойылуы теориялық-методологиялық тұрғыдан дәйексіз әрі ұлттық мемлекетіміздің қадірін ашатындай ақиқатқа апаратын ұмтылыс емес. Өйткені, Ақ Орда империялық дағдарысы асқынған Алтын Ордадан бөлініп шыққанымен өзінің, халқының тәуелсіздігін қорғай алмады, бірде Тоқтамысқа, бірде Ақсақ Темірге, бірде Әбілқайырға бағынышты күн кешіп, мемлекеттік шекарасы қалыптаспай, этностық тұтасуы аяқталмай, тарих сахнасынан түсіп қалған саяси құрылым. Бұл – бір.
Екіншіден, қазақ халқы, ең бастысы – тілі ХІІІ ғасырда да, ХІV ғасырда да қалыптасып біткен жоқ. Ұлты қалыптаспаған жағдайда ұлттық мемлекеттің шаңырақ көтеруі мүмкін емес қой.
Үшіншіден, егер Ақ Орданың географиялық-аумақтық орналасуы бір замандарда қазіргі Қазақстан жерін алып жатқан еді, билік басында Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек сұлтандардың арғы аталары отырды ғой деген тұжырымдарды басшылыққа алатын болсақ, хандығымыздың тарихын бірден Жошы ұлысынан бастауымызға тура келеді. Бұл – Шыңғыс ханның Қазақстанды жаулауын, қазақ этногенезін тежегенін ақтау деген сөз. Ал мұндай ұстаным орныға қалса, моңғол шапқыншылығынан әріде бастау алған тарихи сабақтастықты жоққа шығаратыны өз алдына, ол сақ-үйсін, байырғы түркі, оғыз-қыпшақ мемлекеттерінің ұлттық тарихымыздағы мән-маңызын екінші қатарға ысырғанмен пара-пар.
Төртіншіден, Ақ Орданы алғашқы қазақ мемлекеті ретінде қабылдау ұлт тарихындағы Ноғай ордасының, Моғолстанның орнын елемеуге соқтырады. Моголдардың түркілік тегін, ру-тайпалық құрамы Ұлы жүз бен Орта жүздің тарихында айрықша орын алатынын білімпаз шығыстанушы В.П. Юдин бай деректік негізде дәйектеген болатын. Қазақ хандығы құрылмай тұрғанда-ақ Ақ Орда өмір сүруін тоқтатса, Ноғай ордасы мен Моғолстан Қазақ хандығымен бірде табысып, бірде шабысып, ХVІІ ғасырға дейін мемлекеттілігіміздің тағдырына тікелей әсер ете алды. Әрі-беріден кейін, Керей мен Жәнібек сұлтандарға хандықты құруға жер бөліп берген Моғолстан билеушісі емес пе?
Бесіншіден, ұлттық тарихымызда Қазақ хандығының алар орны ерекше екенін Шоқан да қолдаған еді.
Сонымен, ХV ғасырдың екінші жартысында (1465 ж.) Қазақ хандығы Еуразияның сайын даласында кем дегенде екі мыңжылдық тарихты артта қалдырған мемлекеттер мен халықтардың өміршең жиған-тергенін, мәнді белгілерін, қағидаларын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қабылдай, бойына сіңіре, жетілдіре жалғастырып, өзіне ғана тән қадір-қасиетімен, даралануымен алғашқы қадамын жасады. Әлемдік тарих кеңістігі көгінде жаңа жұлдыз жанды.
Хандық дәуір сатылары
Қазақ хандығы алғашқыда орталықтанған, кейін әр жүздің ғана басын қосқан, соңында бытыраңқы, өңірлік шектеулі, ресми мойындалмаған құрылым мәртебесімен 382 жыл (1465-1847) өмір сүрді. Өзінің және азаматтарының егемендігін сақтау қабілет қарымын, ішкі-сыртқы саясатының замана сын-қатеріне төтеп бере алуын, ұлттық қауіпсіздікті тиісті дәрежеде қамтамасыз етуін ескере отырып, хандық дәуір екі сатыдан тұрады деп есептейміз.
Қазақ хандығы шаңырақ көтерген шақта әлем орта ғасырлардың соңғы дәуіріне аяқ басып, іргелес Мәскеу мемлекеті мен Қытай мейлінше күшейе түсті. 1453 жылдан Осман империясының тарихы басталды. Батыс Еуропа қайта өрлеу қарсаңында тұрды. Бабаларымызға ақылмен, қайратпен, жүрекпен болашаққа жол салуға тура келді.
Бабаларының тәжірибесі мен тағылымын бойына жия дүниеге келген сәтінен хандық төл тарихының классикалық ғасырларын бастап кетті. Классикалық саты үш ғасырға жуық созылып, 1715 жылы Тәуке ханның қайтпас сапарға аттануымен аяқталды.
Осынау заманды классикалық деп айдарлауымыздың бірнеше себебі бар. Біріншіден, Қазақ хандығы бір сәтке тәуелсіздігінен айырылған жоқ. Тіпті, ХVІ ғасырдың жазба дерегі «Бадаи ал-Вакаи» қазақтар елін «Қазақстан» деп атағаны хандықтың нығайғанын көрсетсе керек. Ел басына күн туған сәттер аз емес еді. Жоңғар мен қытай да, қырғыз бен өзбек те, орыс пен қалмақ та қазақ жеріне тамсана қараумен болды. Бірақ олар, Күлтегін жазуында айтылғандай, «Игі, білгіш кісілерді, игі, батыл кісілерді қозғалта алмады. Бір кісі жаңылса, рухы, халқы тұқымына дейін қалмас еді». Әрине, Қазақ хандығының күшеюіне көрші мемлекеттердің ішіндегі алауыздық, өзара қырқысулар, мәселен, шайбанидтердің, аштарханидтердің, Ноғай ордасындағылардың билік үшін таласы себеп болғанын да ескеруіміз керек.
Екіншіден, тәуелсіздіктің арқасында қазақ халқының қалыптасуы түпкілікті аяқталды. Қилы тағдырмен қазақтар құрамына кірген түркілік, түркілік емес тайпалар тегіс қазақтанып кетті. Қазақтың тілі, мінезі, әдет-ғұрпы, ру-тайпалық құрылымы, ойындары, этнопедагогикасы, философиясы, өнері, болмыс-бітімі дараланғаны тап осы тұс.
Үшіншіден, күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған билеушілер мен саны үздіксіз өскен халық ұлан-ғайыр жерін анықтап, шекараларын бекемдеді, Қазақ хандығы халықаралық субъект дәрежесіне көтерілді. А.Левшин, Ш.Уәлиханов, Т.Шонанұлы зерттеулерінде ХVІ ғасырда-ақ қазақтар қазіргі Қазақстан аумағын қоныстанып отырғаны дәйектелген. Ал ортағасырлық Шығыс қолжазбаларында Қазақ хандығының өзбектермен, Ресеймен, Ауғанстанмен, Иранмен, Үндістанмен, Түркиямен саяси және сауда-саттық байланыстар орнатқанынан деректер молынан кездеседі.
Төртіншіден, билік жүйесі тармақталып, заң шығару, атқару және сот салалары нақты орнықты. Мемлекеттік биліктің бір адам қолында немесе жалғыз әкімшілік құзырында шоғырлануына жол бермейтін тетіктер мүдіріссіз жұмыс істеп тұрды. Билер институты шешімінің хан жарлығымен бірдей дәрежеде атқарылғаны осыған айғақ болса керек. Хандықты басқарушылардың әлеуметтік иерархиясында ханнан басқа билер, сұлтандар, батырлар, тархандар, қожалар, ақсақалдар жайғасты. Дәстүрлі биліктің шет жағасын ғана көріп қалған А.Левшиннің таңданысын жасыра алмай: «Все соседи киргиз-казаков управляются или монархическим или деспотическим правлением, все родственные им народы живут в рабстве, достойном сожаления, а они почти совсем не знают подчиненности, у них не существуют даже ни имя подданого, ни имя владельца. Явление очень любопытное для политиков!», деп жазғаны бар.
Бесіншіден, мемлекет пен құқық қарым-қатынасы реттеліп, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз Тәукенің «Жеті жарғысы», ислам дінінің гуманизмге толы қағидалары хандық өмірін дала демократиясының арнасына түсірді. Азаматтық, қаржылық, отбасылық, қылмыстық құқықтардың алғашқы үлгілері мен баптары классикалық заман үшін беймәлім емес еді. Адамның өмірі, бостандығы мен бас еркі дала демократиясының өзегін құрады.
Алтыншыдан, мемлекет, құқық және азаматтар арасындағы ақниет ізгілік пен дала демократиясы қоғамның тұрақты да күш жинай дамуына жол ашты. Мәселен, классикалық 250 жыл ішінде 17 қазақ ханы билік басында отырған екен, яғни әрқайсысына орта есеппен 14-15 жылдан келеді.
Әрине, бұл утопистер мен марксистер армандағандай әлеуметтік біртекті, қауымдар мен азаматтар арасында сыйластық пен үйлесім толық салтанат құрған, «әркімге еңбегіне қарай, әркімнен қабілетіне қарай» материалдық игілікті теңдей бөлген қоғам еместін. Қайшылығы билік төңірегіндегі қақтығыстардан көрініс беретін. Әйтпесе, Марғасқа жыраудан (ХVІІ ғ.) қалған:
«Ей, қатағанның хан Тұрсын,
Кім арамды ант ұрсын,
Жазықсыз елді еңіретіп,
Жер тәңірісіп жатырсың,
Хан емессің, қасқырсың,
Қара албасты басқырсың,
Алтын тақта жатсаң да,
Ажалы жеткен пақырсың
Еңсегей бойлы Ер Есім
Есігіңде келіп тұр:
Алғалы тұр жаныңды,
Шашқалы тұр қаныңды!».
деген жолдар бүгінге жетер ме еді. Ауыз әдебиетінде сақталып қалған осынау қақтығыс тарихы жазба деректермен дәлелденіп отыр: 1627 жылы Есім хан Ташкентті билеп тұрған Тұрсын ханның басын алады. Бірақ, тұтастай алғанда, Қазақ хандығы сыртқы жауларына дес бермегені, ел ішінде қоғамдық келісімді, халықтың егемендігін, биліктің тепе-теңдігін сақтай алғаны ақиқат.
Қазақ халқы мен билеушілерінің серпінді дамумен классикалық сатыда қол жеткізген ірі жетістігі – бәсекеге қабілетті қоғам түзе алғаны. Орта ғасырлардағы Қазақ хандығы алыс-жақын көршілерімен аз соғысқан жоқ. Соның бәріне төтеп бергені экономикалық, саяси, интеллектуалдық, рухани, демографиялық әлеуетінің биік деңгейге көтерілгенін айғақтайды. Ал ол алда тосып тұрған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада», орыспен, қытаймен, ортаазиялық билеушілермен тайталасқан, егескен жылдарда өзін ақтады.
Абылай: көне шындыққа жаңа көзқарас
Қазақ хандығының шаңырақ көтеруі – халқымыздың тарихы мен тағдырындағы ұлы бетбұрыс. Ал оның нығая өркендеуі Еуразия болашағына пәрменді әсер етті. Сол ілгерілеу мен мақтаныш ұлттық санамызға өшпестей жазылғаны соншалық, тәуелсіздік тұсында хандар мен билерге, батырлар мен сұлтандарға құрметіміз жаңа серпінмен сыртқа шықты. «Мәңгілік Ел» идеясының өміршеңдігіне бұл да бір айғақ-дәлел екені сөзсіз.
Тәуке ханның дүниеден озуымен Қазақ хандығы өз тарихының екінші сатысына аяқ басты. Оны сындарлы саты деп айдарладық. Хронологиялық шеңбері 1715-1847 жылдар, яғни Кенесары ханның қасіретімен тұйықталады. Соның алдында ғана 1801 жылы Павел І патшаның жарлығымен құрылған Бөкей хандығы тарқатылған (1845 ж.) болатын.
ХVІІІ ғасыр қазақтың «Елім-айлаған» ғасыры. Шоқан ол ғасырды «қанды қырғын» («кровавый»), «жантүршігерлік» («ужасный»), «жаугершілік» («рыцарство») ғасыры деп сипаттаған еді. ХІХ ғасыр «Зар заман» атанды. Ел басына туған сын сағаты ХІХ ғасырдың ортасына қарай хандықтың біржолата жойылуымен аяқталды.
Тәуелсіздігімізден, елдігімізден айырыла бастауымыздың құпиясы жүзге бөлінуде де емес, жоңғармен соғыста да емес. Бар пәле технологиялық дамудың жалынан ұстай алмағанымызда, ындыны бұзық еуропалықтардың от қаруын иеленгенінде жатыр. ХVІІІ ғасырда Ресейдің артиллериясы, Англияның кемесі қылыш пен найзаға әмбебап «батыр бір оқтық» екенін алдыға тосты.
Қалай десек те, 1723 жылғы апат, 1731, 1740 жылдарда Кіші жүз бен Орта жүздің Ресейге бодандықты қабылдауы, отарлаушылардың Атырау мен Арқаға, Алтайға сұғына кіруі, Ресей мен Қытайдың «бөліп ал да, билей бер» саясатын жымысқылықпен жүзеге асыруы – бәрі классикалық заманауи құндылықтардың іргесін шайқады. Сол тұста тарих сахнасына шыққан Абылай тәуелсіздікті сақтап қалудың басты шарттарының бірі хандық билік тізгінін нық ұстау деп білді. Шынында да, Ұлы Даланың шаңырағын шайқаған «Ақтабан шұбырындыдан» кейін күшті хандық биліксіз қазақтың ел болуы екіталай еді. Әйгілі билеуші мақсатқа жету үшін барын салды. Шоқан Уәлиханов жазғандай, қазақтың ешбір ханы Абылай сияқты шексіз билік құзыретіне ие болған емес.
Абылайдың ана сүтімен дарыған, қатыгез ғасыр шыңдаған мемлекетшілдігі жоңғарлар талқандалғаннан кейін Алтай, Жетісу үшін Қытаймен теке-тірес кезінде толығымен ақталды. Ал қарсылас осал емес еді. Біріншіден, Қазақ елін өзіне қарату ниетін бірде ашық, бірде жасырын білдіріп жатты. Екіншіден, жоңғарлардан босаған жер бұрынғы иесі – қазақтарға қайтарылмайтынына сенімді болатын.
Мемлекетшіл тұлға Абылай бір орталыққа бағынған хандық құруды аңсады. 1771 жылы хан сайлануымен Орта жүз бен Ұлы жүз аймақтарында осынау ұлы идеяны бірсыдырғы жүзеге асырды да. Заң шығару, атқару, сот билігін қолына шоғырландыруға тырысқаны рас. Ал бұл әлемдік-тарихи маңызы бар талпыныс ретінде бағалануы керек. Көшпелі өмір салтындағы халықтар темірдей тәртіппен орталықтанған мемлекет құра алатынын ХІІІ ғасырда Шыңғыс хан көрсетсе, отырықшы халықтың капиталистік қатынастарға аяқ басқанда да саяси бытыраңқылықтан шығуы оңай еместігін XVІІІ ғасырдағы Германия тағдыры дәлелдеді. Мұнда 300-ден астам князьдік бар еді.
Абылай тұсындағы Қазақ хандығын мәні мен мазмұны бойынша жаңғыру әлеуетінен айырылған дәстүрлі құрылым деп атаған жөн болар. Оның орталықтанбау негізінде іргелес алпауыт елдердің қысымы, содан туындаған әлеуметтік-экономикалық факторлар жатыр. Өнеркәсіптік өндіріс бой көтермегендіктен әрі ұлттық валюта қабылданбағандықтан елдің ішкі нарығы әлжуаз күйде қалды, яғни өңірлер мен аймақтардың өзара араласуы және жақындасуы тұрақтанбады. Әйтпесе, қағаз, сия тәрізді ұсақ-түйекті хан басымен сырттан сұрар ма еді. Алым-салық реттелмей, мемлекеттік бюджет те түзілмеді. Соғыстан түскен олжа мемлекеттің байлығын, экономикалық негізін нығайтуға қызмет етпеді, сауғаға кетті. Бұл да билікті орталықтандыруға септеспеді.
Бір орталыққа бағынған мемлекеттің қалыптаспағаны Абылайдың жанын күйзелтті, саяси драмасына айналды. Бұл оғлан кезіндегі драмадан – Сарыарқада сандалғаннан әлдеқайда ауыр әрі салдары да салмақты еді. Мәселен, Қытай елшісінің 1757 жылғы күзде жазған мына мәліметінен біраз жайды ұғынуға болады: «Қазақтардың малы көп, бай тұрады, – делінген деректе. – Дегенмен, олар өзара тым берекелі емес. Ал Абылай болса, ол әрқашан әлгі қазақтардың мінез-құлықтарына бойұсынып, солардың ыңғайларына қарай іс басқарады екен. Ол маған бірнеше мәрте: «Мен сендердің басқару жүйелеріңе өте қызығамын. Бірақ қазағым өз мінез-құлқынан айырыла алмас, оған амал қанша – маңқа ақты деп мұрныңды кесіп тастамайсың ғой», дегенді айтты».
Жоңғарлар талқандалғаннан соң араға 7-8 жыл салып Абылай қырғызбен және Қоқанмен соғысты. Ол қазақ жерін сақтаудан, сауда-керуен жолдарын бақылауда ұстаудан туындай қалғаннан гөрі орталықтанған билікті орнатуды аңсайтын саяси драманың жемісі еді.
XIX ғасырда 40 жыл өмір сүрген Бөкей хандығы да, 10 жыл Ресей отарлаушыларымен айқасқан Кенесары да қазақ қоғамын «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» биікке көтере алмады. Шынайы азаттық халықтың бостандығы, жерге иелік, саяси еркіндік екенін хан Кене тереңнен ұққанын Ресей патшасы Николай 1-іншіге жазған хатынан байқаймыз. «... Сіздің арғы бабаларыңыз, ал бізде менің атам Абылай патшалық құрған уақытта, – делінген хатта, – халық бейбіт және тыныш жағдайда өмір сүрді, оны ешкім бұзған емес. Екі жақ та өзара сауда жасады; біздің жұртымызға ешқандайда салық салынған жоқ. Ал онда кейінгі мезгілде бәрі өзгерді, біздің халқымыздан салық жинала бастады, оған басқа да түрлі таршылықтар жасалынды. Бұрынғы жасалынған бейбіт келісімді бұзып, сіздің төменгі қарауыңыздағы басшыларыңыз бүкіл қазақ халқы Ресей бодандығына қарады деп жалған көрсетті, соның нәтижесінде менің Абылай атама қарасты жерлерге сегіз дуан орнады. Бұл біздің халқымыз үшін өте қайғылы жағдай, әсіресе, оған салықтың салынуы өкінішті-ақ. Сондықтан да біздің бүтін қазақ халқымыз таршылық көрмей, тыныш рахатты өмір сүрсе екен деп, Ұлы мәртебелім, сізге өтініш айтуға өзімізді бақытты санап, біздің халқымызды сол бұрыңғы күйінде қалдырып, даламызда орналасқан сегіз округтік дуандар мен өзге де мекемелеріңізді жоюыңызды сұраймын».
Әрине, талап орындалмады. Өлкеде отарлаумен асқынған дағдарыс әр қырымен көрініс береді. Біріншіден, Қазақ хандығы унитарлы тұтастығынан айырылды. Екіншіден, бір орталыққа бағынған билік жүйесі ыдырады. Үшіншіден, ұлттық экономикаға, әлеуметтік ұйымдасуға, қоғамдық-саяси қатынастарға тән табиғи-ырғақты даму заңдылықтары зорлықпен өрескел бұзылды. Төртіншіден, Марғасқа жырау айыптаған билікшілік талас енді билік пен халық арасының алшақтауымен толықты. Сырым Датұлы, Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістер сындарлы сатыдағы хандықтың болашағы бұлыңғыр тартқанын айғақтайды. Жанақ ақынның (1770-1856) Рүстем төреге айтқан айыптаулары біздің ой-тұжырымымызды қуаттай түседі:
Хан түңілді бұл күнде халықтан да,
Ханнан мүлде халық та жалыққан ба?!
Халық – дария, хан – балық емес пе еді?
Судан шықса жан кетер балықтан да.
Ханнан қайрат, байынан қайыр кетіп,
Телмірген теңдігі жоқ ел болған кез.
Қайғың – азық, ермегің – шер болған кез.
Елмен араз, татуың бір болған кез.
Жуан қамшы той бастар көсем болды,
Елірмелі екі есті шешен болды,
Би кетті малдылардың айтағында,
Пәленді мұқатып бер десең болды.
Қысқасы, хандық пен тәуелсіздіктің тағдыры бәске түсті. «Ақтабан шұбырынды» қасіретімен қазақ халқы жер бетінен жоқ болып кетуге шақ қалды. Үштен екісі қырылды, жүздеген мыңы көрші мемлекеттерге босып, егемендігінен айырылды, ассимиляцияланды. Бірнеше ұрпақ ақыл-қайратпен жинаған жер Абылай ханның дүниеден озуымен талапайға ұшырап, шекара бұзылды. Кедейшілік жайлады. Соңғы хан Кенесары опат болғаннан кейінгі 70 жыл бойы қазақ халқы қорғансыздың күнін кешті.
Енді, міне, тәуелсіздіктен кейін соның бәрі ұмыт болып, төрт құбыласы түгел елдікке қол жеткіздік. Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясының рухында келер күнге нық қадам басып, әрқайсымыз өз үлесімізді қосу жолында келеміз.
Ханкелді Әбжанов,
Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының директоры,
ҰҒА корреспондент-мүшесі.
Хандық бастаулары
АЛМАТЫ.