19 Наурыз, 2015

Әбілғазы Құсайынов президенттікке кандидат болып тіркелді

359 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

19-03-15-kusainov-1

АСТАНА. 19 наурыз. Кеше Президенттікке өзін-өзі ұсынушы Әбілғазы Құсайынов кандидат ретінде тіркелді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының дерегіне сілтеме жасаған ras.kz хабарлады. «Орталық сайлау комиссиясы 18 наурыз күні Әбілғазы Құсайыновты алдағы сайлауда Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдады», - делінген хабарламада. Сайлау туралы конституциялық заңға сәйкес, тілек білдіруші сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1 пайызы көлемінде қолдаушылар қолын жинауы керек және олар облыстардың, республикалық мәні бар қалалар мен Астана қаласы тұрғындарының үштен екі бөлігінің өкілдері болуы тиіс. Нақты айтқанда, қолдың саны 93 мың 12-ден кем болмуы керек. Ал Құсайыновты жақтаған рас қолдардың саны 132 152 болды. Бұдан басқа, Орталық сайлау комиссиясы өзін-өзі ұсынушы Хасен Қожа-Ахметті Конституция талаптарына сәйкес келеді деп тану туралы да шешім шығарып, оған қол қою парақтарын берді. Еске сала кетейік, үстіміздегі жылдың 15 наурызы күні Орталық сайлау комиссиясы сайлауға қатысуға ниет білдіргендерден өтініш қабылдауды аяқтады. Осы мерзімге дейін барлығы 27 өтініш келіп түсті. Мұның алдында президенттікке кандидат ретінде тек екі адамның ғана тіркелгені хабарлан болатын. Олар – қазіргі іс басындағы президент Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстан коммунистік партиясының өкілі Тұрғын Сыздықов. Президенттікке кезектен тыс сайлау биылғы жылдың 26 сәуірі күні өтеді. Мұрат Айтқожа.