Бала толық және үйлесімді дамуы үшін ол отбасы аясында, бақыт пен махаббат, түсінушілік жағдайында өсуі қажет. Еліміздегі «Неке-отбасы» заңнамасы балалардың отбасында тәрбиелену басымдығы, олардың өсіп-жетілуі мен әл-ауқатты болуына қамқорлық көрсету қағидаттарына негізделген. Бүгінде Жамбыл облысы әкімінің қолдауымен өңірде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасылық жағдайда тәрбиелеу бойынша маңызды шаралар қабылданып жүргізілуде.
Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың 6 айында жаңадан 10 отбасылық үлгідегі балалар үйлері ашылды. Облыста 2014 жылы екі ғана отбасылық үлгідегі балалар үйлері бар болатын, Ержановтар және Тимофеевтер отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінде 9 кәмелетке толмаған балалар тәрбиеленсе, жаңадан ашылған 10 отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінде 55 бала тәрбиеленуде. Отбасы үлгісіндегі балалар үйлерін дамытуға 2014 жылы 5 млн. 954 мың теңге бөлінсе, 2015 жылы 25 млн. 309 мың теңге қаралып отыр. Сонымен қатар, облыста жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды патронаттық тәрбиеге беру үрдісі дамып келеді. 2012 жылы – 1577 бала патронаттық тәрбиеге берілсе, 2013 жылы – 1732 бала, 2014 жылы – 1759 бала, 2015 жылы – 1689 бала берілді. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың отбасылық нысандарын насихаттауды көздейтін «Ризашылық», «Қуан, сәби», «Қамқоршы күні» республикалық қайырымдылық мерекелері мен «Отбасына барар жол» акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шаралар нәтижесінде жетім балаларды отбасында тәрбиелеуге алғысы келетін отбасылардың саны едәуір артты. 2014 жылы балалар үйлерінен бала асырап алуға үміткерлер ретінде 235 отбасы тіркелсе, биылғы жылдың 6 айында 95 отбасы ниеттеніп отыр. 2014 жылы облыстағы балалар үйлерінен 42 баланы қазақстандық азаматтар асырап алып, 60 балаға қорғаншылық пен қамқоршылық белгіленді, 11 бала патронаттық тәрбиеге берілді, 50 бала туған отбасына оралды. Жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарды кезең-кезеңмен қысқарту – осы санаттағы балаларды әлеуметтік бейімдеу үшін қажетті шара. 2011 жылы облыста жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 5 интернаттық мекемелерде және 3 отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінде 588 бала тәрбиеленсе, 2012 жылы «Ұлан» балалар үйін және 2015 жылы В. Савва атындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатын Қ. Сарымолдаев атындағы балалар үйіне қосу арқылы 2 бірлікке қысқартылып, онда тәрбиеленіп жатқан балалар саны 2011 жылғы 588-ден 370-ке, яғни 218-ге кеміді. Сондай-ақ, облыста жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. 2014 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан 157 бала тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні жалпы облыс бойынша 363 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұрғын үймен қамтамасыз етілген.
Сұлушаш ҚҰРМАНБЕКОВА, Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы.
Жамбыл облысы.