Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшесі, халық қалаулысы Қуаныш Сұлтановтың қатысуымен «Тұрағы бір, ұраны бір, бүгіні – берен, ертеңі – ерен» атты патриоттық кездесу шарасы болып өтті.
Мемлекеттің ішкі бірлігі мен ынтымағын насихаттайтын бұл шараға әл-Фараби атындағы білімнің қарашаңырағын басқарып отырған Ғалым Мұтанов, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Жұмабек Кенжалин, Қазақстан Республикасы Президенті баспасөз қызметінің Алматы бөлімшесінің басшысы Валерий Жандәулетов, белгілі жазушы Роллан Сейсенбаев, «Мысль» журналының редакторы Сейдахмет Құттықадам, Қазақстан журналистер академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев қатысты.
Кездесуде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстанды мекен етуші барша ұлт өкілдерінің киелі шаңырағы және оның ел бірлігі мен ынтымағына қосып отырған үлесі сөз болды.
– Еліміз әлемде толеранттылық пен ынтымақты қоғамның үлгісі ретінде насихатталып келеді. Түрлі ұлт өкілдері, этностық топтар, өзге дін иелері тең дәрежеде елдегі мемлекеттіліктің нығаюына үлес қосу үстінде, – деді кездесу барысында депутат Қ.Сұлтанов.
Бұдан өзге, университет оқытушылары мен студенттері алдында сөйлеген сөзінде халық қалаулысы Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері қазақ тарихымен етене танысуы керектігін, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына көңіл аудару қажеттілігін де тілге тиек етті. Кездесу соңында жастар депутатқа сұрақтарын қойып, өздеріне керекті ақпаратына қанықты. Университет басшысы Ғалым Мұтанов депутат Қуаныш Сұлтановтың кеудесіне «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге – 80 жыл» алтын белгісін тақты.
Аталған шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылды.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.