05 Тамыз, 2015

Үзілмеген күй-ғұмыр

497 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қалақтай қара домбыраның шөміштей ғана шанағына Алаштың баласына мәңгілік азық болар рухани мол дүние – шертпе күйдің бай қазынасы қалайша сыйып келген десеңізші?! Исі қазаққа тиесілі осы игілікті жүрегінің түбіне сақтап, бүгінгіге жеткізген Сәдуақас баласы Дәулетбек еді... Қос ішектің бойында бебеу қаққан беу дүниенің сол Дәукеңнің басынан өтіп кеткеніне де алты жыл болып қалыпты. Бірақ, қара шалға дарыған күй киесін оның артында қалған ұрпағы – үлкен ұлы Қайролла мен өзге де балалары һәм немерелері ұстап қалды. Қан қуалаған күй сарынның құймақұлақ ұрпақты адаспай тапқаны – Алланың алқап, аруақтың жебегені де. Сол Қайролла Дәулетбекұлымен болған әңгімеміз дәулескер күйшілігі бір бөлек, өз жанынан бірінен бірі өтетін өзгеше сарынды күйлер де шығарған Дәукеңдей тұлғаның біртуар болмысын тани түсуге арналды.

111 (33)

– Қайреке, әңгімені Дәу­кеңнің шыққан тегі, өскен ортасынан бастасаңыз...

– Арқада бізге қарасты елге күйдің киесі қонған дейді. Сонау Қыздарбектен бастап біздің әкейге дейінгі аралықты алар болсақ, жауһар дүниелері замана сынынан өтіп, бізге дейін жеткен Әбди, Сембек, Мақаш, Ақмолда, Әбікен, Шырын, Бегімсал деген әйгілі күйшілер болған. Біз осы кісілерге аталас туыс болып келеміз.

Әкей домбыраны 1988 жылдан бастап шерте бастады. Оған дейін, жиырма жылға жуық уақыт қолына алмаған екен. Оның себебі – Кеңес өкіметі шертпе күйге өлердей өш болды: атадан балаға мирас болған асыл мұра көнені көксеуші, ескінің зарлы сарқыншағы ретінде қатты қудалау көрді. Алмағайып заманда әйгілі күйшілер Сембек, Әбдилер атылып та кетті. Әбікен Хасенов әкеміз де көресіні көріп бақты.

Жалпы, күйшілігі өз алдына, әкей он саусағынан өнер тамған шебер болды. Әлі есімде, үйдегі үлкен қара қазанға суды қайнатып, оған ағашты салып, иіп жататын. Біз: «Не істеп жатыр?», деп қызықтап, жан-жақтан анталайтынбыз. Сөйтсек, бізге шаңғы жасап жатқандағысы екен. Киіктіде тұратын ағайынның есінде болар, бір кездері әкей ауылда аэрошана жасады.

– Дәукеңнің күйшіліктен басқа біз білмейтін қандай өнері болды? Әйгілі күйшінің бүгінде ізбасарлары бар ма?

– Жалпы, әкейдің өзі жауырыны жерге тимеген балуан болған. Өкінішке қарай, осы қыры әлі күнге дейін айтылмай келеді. Баяғыда Киіктіде тұрғанында Ыбырайдың Қалкені, Ақтай деген шалдар әкейді Жаңаарқадағы асқа күресесің деп алып барыпты. Ол кезде шалдардың айтқаны заң. Содан әкей асқа барса, түйе балуандыққа қарсы жақтан екі иығына екі кісі мінгендей, төртпақ келген татар жігіті түсіпті. Ол кез әкейдің жиырмадан енді асып, жілік майы толысқан кезі екен. Содан не керек, татар балуанды жығып, атақ әкейде қалып, бәйгені шалдар алып, ауылға тойлап қайтыпты.

Әкей Босағада партком хатшысы болып, қызмет етіп жүргенінде де күрескен. Бірде Шет ауданының үшінші хатшысы телефон соғып, Қарағандыға, облыстық жарысқа барып күресесің депті. Әкей: «Мені жынды бала деп жүрмісіңдер, бармаймын», деп үзілді-кесілді бас тартқан. Көнбей қойған соң, ауданның бірінші хатшысы Кәмәли Дүйсембековтің өзі шақыртыпты. «Облысқа барып, ауданның атынан күресесіңдер. Бірінші орын алмасаңдар, сол жақта қалыңдар, қайтпаңдар!», деп қаһарына мінген екен бірінші басшы. Содан не керек, амал жоқ, барып күресіп, аудан балуандары командалық бірінші орынды жеңіп алыпты.

Әкейдің кіндігінен бес ұл, екі қыз тарадық. Құдайдың құдіреті ғой, шетімізден күй тартамыз. Ең үлкені – мен. Өзіммен тете Халел деген інім 1999 жылы қайтыс болды. Одан кейінгі Ербол деген інім де 37 жасында жүректен қайтты. Марқұм інімнің керемет күйшілігі өз алдына, ол әкейге тартқан мықты балуан да еді: қазақ күресі мен самбодан Қазақстан Республикасының спорт шебері болатын. Қазір оның Ақжігіт деген ұлы күйшілік, әншілік өнерімен танылып келеді. Тіл-аузымыз тасқа, әрине, әкейдің өзі бұл немересі туралы: «Мынау сұмдық күйші болады», деп айтып кеткен. Қазір ол Қарағандыда музыкалық колледжде оқиды. Әкейдің Ақжігіттен үлкен Жүсіп деген немересі Алматыдағы консерваторияда оқып жүр. Ол да саусағынан бал тамған күйші.

– Дәукеңнің үлкен сахна­ларға шығып, өнерсүйер, күй ұғар қауымға танымал болуына біреулердің ықпалы тиді ме?

– Әкейдің күйшілік өнерінің жарыққа шығуына өзінің туған балдызы, жазушы Кәмел қажы Жүністегі көп еңбек сіңірді. «Мұны жарыққа шығару керек қой. Бұл деген келер ұрпаққа қалар асыл мұра емес пе?», деп қайрап отыратын.

Әкейдің үлкен сахнаға шығуы Жезқазғаннан басталды. Мұнда ол Жарқын Шәкәрім, Жанғали Жүзбаев және басқа өнер адамдары қатысқан телехабарда күй тартты. Содан, жаңағы адамдардың айтуымен дақпырты Алматыға жетті-ау деймін. Ал, шын мәнінде, әкейдің күйшілік өнерін бағалаған адам – «ЕL» продюсерлік орталығының басшысы Ғалым Доскен деген азамат болды. Тілеуіңді бергір осы кісі 22 күй енген күйтабақты арнайы тапсырыс беріп, «Арқа күйлері» деген атпен Жапонияда жаздыртты, соның ішінде Дәулетбек Сәдуақасовтың орындауындағы күйлер де бар. Әкейге құны он мың доллардан асатын сахналық шапан тіктіріп берді, Қапшағайдан алты қанат ақ үйді барлық жабдығымен әкелдіріп бергені тағы бар. Ол аздай, тапсырыспен әкей туралы «Телағыс» фильмін түсіртті.

Дәукең шертпе күйдің заманы туып, бағалана бастағанына ерекше шаттанып жүрді. «Шіркін, Алматы өнердің ордасы ғой!» деп ол жақтағы жұрттың өнерге, шертпе күйге деген ықыласын таңдай қаға мақтап отыратын. Қаршыға Ахмедияров сынды біртуар өнер иесінің консерваторияға алып барып, студенттерге күйден дәріс бергізгеніне де дән риза болып жүрді. Одан беріде, өнердің шын жанашыры, сол кездегі Шет ауданының әкімі Қайыржан Тілеубергенов те әкейге қолынан келгенше жақсылық жасауға тырысты: жасы жетпіске жеткен әкей мәдениет үйінде домбыра сабағын жүргізіп, сол үшін еңбекақы алып жүрді.

– Дәукең кімдерді ұстаз тұтты?

– Әкей күй тартуды Киікті ауылында тұрған Анарбек деген жыршыдан үйрендім деп отыратын. Одан кейінгі ұстазы – керемет күйші Шырын деген әкеміз болыпты. Шырын әкеміз күйді киіз үйдің ішіндегі болыс­кей кереуеттің үстінде отырып тартады екен. Сонда ағыл-тегіл жылап отыратын көрінеді. Содан бір мезгіл болғанда: «Мә, сен тарта қойшы, мен бір жерге барып келейін», деп домбыраны әкейге беріп, өзі тысқа шығып кетеді екен. Сондағысы, бала қысылмай тартсын деп, өзі үйдің сыртынан тыңдап тұратын көрінеді. Ара-тұра үйге кіріп: «Мына жерін былай тарт», – деп түзетіп кетіп жүреді дейді, жарықтық. «Күй тартып отырып неге жылайтынын кейін білдік қой. Сол уақытта оның Хасен деген жалғыз ұлы соғыста, қызы Бибісара Омбы жақта тұрмыста екен. Сонда балаларын сағынып жылайды екен ғой...», – деп отыратын әкей.

Негізі, әкей күйшілер ортасында өскен. Шырыннан кейінгі ұстаздарын айтсам, Дәукең әйгілі күйші Әбікен Хасенұлының көзін көріп, күйлерін тыңдаған. Содан кейін, жездесі Әбдіғали күйшіден де біраз дүниені үйреніпті. Әкей Тәттімбеттің күйлерін түгелге дерлік білемін деп отыратын. Кейбіреулер «Бестөрені» төкпе күй сияқты ұрғылап тартады. Ал әкейдің тартысы мүлде бөлек болатын. Баппен, баяулатып отырып, бипаздатып тартатын.

Әкей Қыздарбек күйшіні пір тұтты, өле-өлгенінше аузынан тастамай кетті. Қыздарбек әкеміз шынашақтай ғана, ұсқынсыздау адам екен. Күй тартқанда бар дүниені ұмытып, тұла бойынан тер де кетеді, көзінен жас та парлайтын көрінеді. Күй сарынына елітетіні соншалық, төрден босағаға дейін құйрығымен жылжи береді екен.

– Дәукеңнің қанша күйі бар?

– Негізі, әкейдің көп күйі болған. Ал «ЕL» продюсерлік орталығы шығарған күйтабаққа жаздырғаны алтау-ақ. Соңғы шығарған күйі – «Анаға арнау». Күйлерінің көбісі домбыра ұстамай жүргенінде ұмыт болып кетті-ау деймін...

– Қайреке, әкей сізді күй­шілік өнерге арнайы баулыды ма, жоқ, әлде, бұл қанмен берілген дүние ме?

– Мені Дәукең 2007 жылы Аққыздың Ақтоғайда өткен 110 жылдық тойына алып барды. Келесі жылы Алматыдағы «Мәңгілік сарын» деп аталған өнер фестиваліне ертіп барып, «Мұң қосбасарды» тартасың деді. Әкей тартатын барлық күйді білем. «Неге «Мұң қосбасарды» тартам?» деп ойладым да қойдым... Міне, содан бері Қыздарбек әкеміздің «Мұң қосбасарын» тартып келемін.

Бірде өзімізге қараған ағайын жиылған бір отырыста барымды салып, Әбдидің «Тәубе қосбасарын» тарттым. Өзімше мәз болып, әкейден мақтау естимін ғой деп отырғанмын. Содан тысқа шыққан бір мезгілде әкей: «Сен не күй тарттың, мұның қалай?», – деп қатты кейіді. Сөйтсем, мен желдіртіп, жылдам тартқан екенмін. Дәукең бірталай шәкірт дайындаған адам. Шәкірттерінің бәріне: «Шекті бостау тартып, баяулатып шертіңдер. Сонда домбыраның үні қоңырланып шығады», деп отыратын.

Жалпы, әкей «Күй тартқанда бар ықыласыңды салып, таза жүрекпен тарт» дегенді жиі қайталап отыратын.

– Өз жаныңыздан шығарған күйіңіз бар ма?

– Мен әлі күй шығара қойған жоқпын. Бірақ, бір сарынның айналсоқтап жүргенін сеземін. Қарағандыда Бидалы деген өзі күйші, музыка пәнінің мұға­лімімен таныстым. Сол жігіт бір сарынды шертіп отырғанымда: «Ой, мынау дайын күй ғой!», деген еді. Маған салса, ол әлі пісе қоймаған дүние сияқты болып тұрады.

– Сіздің домбыра шабатын өнеріңіз бар дейді...

– Өзім ішкі істер органдарында 25 жыл қызмет етіп, 1996 жылы зейнет демалысына шықтым. Қол босағандай болды. Жасымнан әкейге тартсам деп армандайтынмын, күйін тартып, қолөнерін ұстағым келді. Содан, зейнеткерлікке шыққан жылы әкейге еліктеп, мен де домбыра шаптым. Кәдімгі теміржолдағы рельстің астына төсейтін шпалдан... Әлгі домбыраның шешен сөйлегені сондай, Астанадағы Музыка академиясының оқытушысы Жанғали Жүзбаев жата кеп жабысты. Бірінші жасаған дүнием болған соң, бермедім. Қазір ол домбыра Ақсу-Аюлыдағы Халел інімнің үйінде тұр.

Екінші жасаған домбырамды әкем ұнатып, өзі меншіктеп алды. Алдыңғысына қарағанда бұл үлкендеу, салмақтырақ болып шықты. Бұл аспаппен ол «Күй-керуенге», «Мәңгілік сарынға» қатысты, әйгілі күйшілердің Қазақ радиосының «Алтын қорына» әкейдің орындауында жазылған туындылары да осы домбыраның шанағынан шыққан. Қазір бұл домбыра менің қолымда.

– Дәукеңнің дүниеден өте­рінде айтқан аманаты болды ма, қандай өсиет қалдырып кетті?

– Аллаға шүкір дейтініміз, ол кісі алдындағы әкелерінен қалған исі қазаққа ортақ асыл мұраны аман сақтап, бізге табыстап кетті. Дүниеден өтерінде маған айтқаны – осы шертпе күйдің ғұмырын жалғастыр деп батасын берді. Әкемнің өмірі мен өнері ізсіз қалмасын деген ниетпен былтыр «Күй-ғұмыр» атты еңбегімді кітап етіп жарыққа шығардым.

 

Әңгімелескен

Қайрат ӘБІЛДИНОВ,

«Егемен Қазақстан».

Қарағанды облысы.

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20