Түркі кеңесінің бас хатшысы Рамиль ХАСАНОВПЕН әңгіме
Рамиль Хасанов 1978 жылы 24 қыркүйекте дүниеге келген. Баку мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген. Кейін аталған оқу орнында халықаралық қатынастар мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.
1990-2002 жылдарда Баку қаласының Қарабақ әкімшілігінде директорлар кеңесі төрағасының көмекшісі болды. 1999-2003 жылдарда Әзербайжан – Түркия жастары достық қоғамын құрып, оған басшылық жасады. 2002-2010 жылдарда билік басындағы «Жаңа Әзербайжан» партиясының жастар қанатына жетекшілік етті. 2008-2014 жылдарда Баку университетінің халықаралық қатынастар факультетінде «Қазіргі заманғы Әзербайжанның сыртқы саясаты» тақырыбы бойынша дәріс оқыды.
2009 жылы Бакуде өткен Түркітілдес елдер Парламентаралық ассамблеясының (ТүркПА) I жалпы жиынында ұйымның алғашқы бас хатшысы болып сайланды. 2010-2013 жылдарда ТүркПА-ның халықаралық хатшылығының бас хатшысы және Дипломатиялық миссияның жетекшісі қызметін атқарды. 2014 жылғы наурыз айында Гарвард университетіне қарасты Джон Кеннеди атындағы мемлекеттік мектеп ұйымдастырған «Жоғары деңгейдегі басшы» бағдарламасына қатысты.
2014 жылғы 4 маусымда Бодрумда өткен Түркітілдес елдердің 4-ші саммитінде Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Қырғызстан президенттерінің қолдауымен Түркі кеңесінің бас хатшысы қызметіне тағайындалды.
І дәрежелі елші. Ағылшын, орыс және түрік тілдерін еркін меңгерген. Үйленген, бір қызы бар.
– Құрметті Рамиль мырза, Түркі кеңесіне басшы болып келгеннен бері бірқатар жұмыс атқарып, игі бастамалар көтеріп жүрсіз. Бұдан түркі жұрты түгел хабардар. Алдымен сізге мынадай сұрақ қойғым келіп отыр. Біздің еліміз – Қазақстанның бүкіл Түркі дүниесіндегі рөлін қалай бағалар едіңіз?
– Қазақстан – түркі дүниесіндегі көшбасшылардың бірі. Кеңес Одағы ыдыраған уақытта тәуелсіздігін алған мемлекеттердің арасынан Қазақ елі саясатта да, экономикада да қарқынды дамыды. Әлеуметтік реформалар жүргізіп, халықтың әлеуетін жақсартты. Бұл алдымен білікті көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында қол жеткен жетістік дер едім. Сіздердің Президенттеріңізді бүкіл түркі дүниесі құрметтейді. Әлем халқы алдында сыйлы саясаткер десем, еш қателеспеймін. Себебі, ол халықаралық аренада өзін мойындата білді. Қазақстандай елді 90-шы жылдары тығырықтан алып шығып, қуатты мемлекет деңгейіне көтерді. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанды елде тұрып жатқан 130-дан астам түрлі ұлт пен ұлыстың басын қосқан құтты мекенге айналдырды. Әрине, мұндай ықпалды мемлекеттің түркі дүниесіндегі беделі биік, рөлі жоғары болатынына ешкім дау айта алмаса керек.
– Түркі әлемі Қазақстанның қай бастамасына көбірек басымдық береді деп ойлайсыз?
– Бауырлас ел – Қазақстан дүниежүзіне бейбітшілік пен татулықты үлгі еткен мемлекет ретінде танымал. Себебі, Қазақстан – алғашқы болып ядролық қарудан бас тартқан ел. «АТОМ», «G-Global» сияқты бастамаларыңызды халықаралық қоғамдастық өте жоғары бағалайды.
Жалпы, Қазақстан қашанда көпке пайдасы тиетін, игі мақсатты көздейтін маңызды ұсыныстар жасайды. Оған мына біздің Түркі кеңесі, ТүркПА сияқты ұйымдардың құрылуы дәлел. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы арқасында жұмыс істей бастаған бұл халықаралық ұйымдар түбі бір түркі халықтарының бірігуі жолында қыруар істер атқарып келеді. Түркі елдерінің осыдан он жыл бұрынғы қарым-қатынасы мен қазіргі байланысын салыстырып көріңізші. Расында да, жер мен көктей емес пе?! Осы уақытта бауырлас мемлекеттер саясат, мәдениет, экономика салалары бойынша әлдеқайда жақындаса түсті.
– Бастама бізден болғанымен, оны қолдап, іліп әкету үшін түркі бірлігі факторы орасан зор рөл атқарады ғой... Солай емес пе?
– Қазақстанның орнын ешқандай мемлекет ауыстыра алмайды. Орталық Азияда стратегиялық маңызды жерде орналасып, барлық көршілеріңізбен салиқалы саясат жүргізіп отырсыздар. Сондықтан сіздерге деген әлемнің құрметі ерекше.
Нұрсұлтан Назарбаев тұлғасы туралы жалықпай айта беруге болады. Ең бастысы, ол – Қазақстанның басшысы ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің ел ағасы. Түркілер – жалпы, үлкенді құрметтеп, ерекше сый көрсететін халық. Алдыңғы буынның ақылын тыңдап өскен ұрпақпыз. Нұрсұлтан Әбішұлы да күллі түркі жұртына жол сілтейтін көшбасшы деп санаймын. Оның басшылығымен Қазақстан 23 жылдың ішінде биік белестерді бағындыра білді. Әлі де талай асулардан асатыны сөзсіз.
– Дүниежүзі дағдарыстың қамытын киіп жатқан қазіргідей кезеңде біздің еліміздің болашағы туралы мұндай ниетіңізге рахметтен басқа айтарымыз жоқ...
– Рас, қазір әлемнің көптеген елдері қаржы қыспағына түсіп жатыр. Олардың әлеуметтік ахуалы нашарлап, тығырықтан шығатын жол іздеуде. Ал Қазақстан болашақты ойлап, дағдарысқа төтеп беретін «Нұрлы Жол» бағдарламасын қабылдады. Мен бұл жоспармен танысып шықтым. Көпке үлгі болатын берекелі бағдарлама десем, артық айта қоймаспын.
Бауырлас ел жетістіктерге жете берсін. Себебі, Қазақстанның өсіп-өркендегені – бүкіл түркі дүниесі үшін ортақ қуаныш.
– Түркі кеңесі келешекте жұмысын қай бағытта жүргізеді? Қандай салаларға басымдық береді?
– Түркі кеңесі осыдан екі айдай уақыт бұрын 5 жылдығын тойлады. Осы қысқа уақыттың ішінде ұйым көптеген салада қыруар іс атқарды. Нақтырақ айтсақ, түркі дүниесінің өзара қарым-қатынасы бұрынғыға қарағанда анағұрлым ілгерілей түсті. Біз бұған дейін мемлекеттер арасында екі-үш мәселені ғана талқылаған болсақ, қазір оннан астам маңызды мәселені көтеруге мүмкіндігіміз бар.
– Атап айтқанда, қандай мәселелер?
– Мысалы, «Бауырлас порттар» жобасы аясында түркі елдері теңіз арқылы әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік алды. Баку – Тбилиси – Карс теміржолы арқылы сауда-саттық көлемі ұлғаятын болады. Міне, осының бәріне Түркі кеңесі үлес қосып келеді.
Туризм, мәдениет, білім, саясат салаларында да көптеген ортақ жобалар іске асуда. Мәселен, білім саласына келетін болсақ, Еуропаның «Эрамус» бағдарламасы сияқты жобамызды айта кеткім келеді. Бұл бағдарлама бойынша түркітілдес елдердің студенттері қалаған елдеріне барып, оқуға түсе алады. Жоғары оқу орындары арасындағы байланыстар да артып келеді.
– Халықаралық ұйым жанындағы іскерлер кеңесі қазір қандай жұмыстармен айналысуда?
– Біздің ұйымның іскерлер кеңесі арқасында түркі дүниесінің арасында инвестиция тарту ісі ілгерілей бастады. Бауырлас елдер бір-бірінің мүмкіндігімен танысып, екі жаққа да тиімді жобалар дайындауды қолға алып жатыр. Әрине, бұған дейін де олар ортақ іс атқарған. Бірақ Түркі кеңесінің бастамасымен көпжақты байланыстар орныға түсті. Яғни, 4-5 мемлекет бірігіп жұмыс істей алатын жағдайға жеттік. Сондай-ақ, қазіргі кезде Түркі кеңесі Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Қырғыз Республикасының ұлттық мүдделерін қорғауға қатысты бірқатар жұмыстар атқаруда.
– Түркі кеңесінің халықаралық құрылым ретіндегі мән-маңызын бір ауыз сөзбен қалай түйіндеген болар едіңіз?
– Түркі кеңесі Еуропалық одақтың баламасы десем болады. Біз ешқандай мемлекетке қарсы емеспіз. Мейлі, көрші болса да, болмаса да, олармен достық қатынас орнатуды көздейтін ұйымбыз. Түркі кеңесі – жалпы бейбітшілікті дәріптейтін, кез келген алаңда жұмыс істеуге қауқарлы қауымдастық.
Түркі кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылып жүрген түбі бір түркі мемлекеттерінің саммиті арқасында талай мәселелер шешіліп, елдердің ынтымағы берік бола бастады. Мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін бұл алқалы жиында үнемі іргелі істер қолға алынады.
– Қазір түркі дүниесі бәрімізге ортақ істерді бұрынғыға қарағанда көбірек атқарып жатыр. Соның бірі – жақында халықаралық мекеме мәртебесін алған Түркі академиясы. Бұл академияның түбі бір түркі елдері үшін маңызы қандай? Оның болашағын қалай елестетесіз?
– Түркі академиясы қазір өте жақсы жұмыс істеп жатыр дер едім. Неге десеңіз, соңғы кездері түркі елдерінің ғалымдары жиі бас қосып, ортақ тарих, ортақ әдебиет мәселелерін жиі көтеріп жүр. Өйткені, бүгінгі күні жүйелі зерттеулер жүргізіп, ортақ жобалар әзірлеу аса қажет. Түркі елдерінің әрқайсысының Ғылым академиялары бар. Халықаралық Түркі академиясының арқасында бұл мекемелер бұдан былай тығыз байланыс орнататыны сөзсіз.
– Түркі кеңесі бұл ғылым ордасына алдағы уақытта қандай қолдау көрсетпек?
– Біз Түркі кеңесі атынан академияға жан-жақты қолдау көрсетуге қашанда әзірміз. Тек біздің кеңес емес, өзге ұйымдар да қолдан келген көмегін аямауы қажет. Себебі, бұл халықаралық мекеменің болашағы зор. Қазір академия бұрын-соңды жарияланбаған мәліметтерді жарыққа шығарып жатыр. Халықаралық Түркі академиясының президенті, менің досым Дархан Қыдырәлінің атқарып жатқан еңбектеріне барлығымыз куәміз. Ол – түбі бір халықтардың тарихын, мәдениетін өте жақсы білетін белгілі түрколог ғалым. Өз саласының нағыз маманы. Жақында ғана Қытай Халық Республикасына барған сапарында Бейжіңде болып, Қазақ хандығына қатысты бұрын жарық көрмеген тың деректерді тауып қайтты.
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтыр Бодрумда өткен Түркітілдес елдердің 4-ші саммитінде түркі дүниесінің ортақ телеарнасын құру туралы ұсыныс айтқан болатын. Қазір осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Бұл ұсынысты Нұрсұлтан Назарбаев дер кезінде жасады. Саммит барысында барлық президенттер Қазақ елінің басшысына қолдау көрсеткеніне бәріміз куә болдық. Қазіргі заманда ортақ телеарнаның қажеттілігі зор. Бауырлас халықтар бір-бірін жақын тануға тиіс. Әсіресе, өскелең ұрпаққа біз медиакеңістік арқылы ортақ тарихымызды ұқтырып, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді көрсетуіміз қажет. Себебі, көпшілік мұның бәрін біле бермейді. Мен қарапайым ғана мысал келтірейін. «Лаваш» деп аталатын нанды армяндар ұлттық тағамымыз деп санап, патенттеп алған. Ал тарихқа үңілетін болсақ, бұл түркі халықтарына тиесілі тағам екеніне көзіміз жетеді. Ата-бабаларымыз бұл нанды көшіп-қонып жүрген кездерінде талғажау еткен. Осы сияқты мәселелерді біз телеарна арқылы халыққа дұрыс жеткізе білуіміз қажет.
Ортақ телеарнаны ашатын уақыт келгені рас. Осы күні Батыстың, Еуропаның, арабтардың ортақ ақпарат құралы бар. Олар қазір сол медиакеңістік арқылы бір-бірін жете танып, мәдениеті мен тарихын меңгеріп, жақындаса түсті. Осыдан келіп, «Неге мұндай нәрсе түркі әлемінде жоқ?» деген заңды сұрақ туындайды.
– Сонымен, түркі әлеміне ортақ телеарна қашан ашылады?
– Қазіргі қоғам масс-медиаға тәуелді. Елдеріміз осындай үлкен күш арқылы бірігуі керек. Осы мәселеге қатысты алғашқы жиынды біз қазан айында өткіздік. Жақында тағы бір мәрте бас қосамыз. Мен қазірден бастап жиынға қатысатын елдердің өкілдеріне нақты бір ұсыныспен келу жөнінде өтініш айттым. Қайта-қайта қажетсіз басқосу өткізе бермей, әрекет ететін кез келді. Себебі, биыл Астанада Түркі кеңесінің кезекті саммиті өтеді. Онда қозғалатын басты тақырып медиа және ақпараттық технология мәселесі болады. Біз Нұрсұлтан Назарбаевқа сол кезде нақты істерімізді көрсетуіміз қажет. Себебі, ол бізге үлкен сенім артып отыр. Менің ойымша, біз ортақ арнаны алдағы екі жыл ішінде ашамыз.
– Түркі кеңесінің ауқымды жұмыстар атқарып жатқанына куәміз. Соның бірі – Түркі дүниесінің ортақ диаспорасы мәселесі. Осы жайында айта кетсеңіз.
– Қазіргі аумалы-төкпелі заманда ең қажет нәрсе – бірлік. Түркі дүниесінің бірлігіне де осы тұрғыдан қарау керек. Сондықтан Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Қырғызстан президенттері ұсынған ортақ диаспора мәселесі осы күні өте маңызды деп ойлаймын. Жат жерде дүниеге келіп, сол елде өсіп-жетілген бауырларымыз да бірігулері қажет. Осыдан екі ай бұрын біз Киевте алғашқы ортақ диаспора орталығының бөлімшесін аштық. Бұл жерге сол елде тұрып жатқан қазақ, әзербайжан, қырғыз, түрік ұлтының өкілдері арнайы келіп, ортақ жұмыстарын жасай алады. Қандай да бір мәселе туындай қалса, олар бір шаңырақтың астында бас қосып, оны шешуге тырысады. Мемлекеттерінде болып жатқан кез келген түйткілді жайттарды бірігіп талқылайды. Ұлттық мерекелерді барлығы бір үйдің баласындай тойлауға тиіс. Ендігі бөлімшелерімізді Берлин, Париж және Вашингтон қалаларынан ашуды жоспарлап отырмыз.
– Түркі кеңесінің жұмысына сәттілік тілейміз.
Әңгімелескен
Бақытжан ОМАРОВ,
арнайы «Егемен Қазақстан» үшін.