Таяуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы халал өнімдерін өндіретін «Халал сұлтан» ЖШС, «Ақ ниет» ЖШС кәсіпорындарының басшыларына Діни басқарманың сертификатын берді.
Кездесу барысында Бас мүфти ҚМДБ-ның «Халал өнімдерін стандарттау» бөлімінің рұқсатын алған өнімнің тауарлық таңбасы қазақша «Адал» деген сөзбен ерекшеленетінін жеткізіп, «Адал ас тұтынған халықтың ұрпағы дені сау, білімді, текті болады. Адал ас елдік мәселе. Сондықтан, халал өндірісін дұрыс жолға қою өзекті мәселелердің бірі. Осы мәселелерді бір жолға қою үшін тиісті мекемелермен жұмыс жасаудамыз», деді.
Сонымен қатар, Діни басқарманың сертификатын алуға ниет білдірген кәсіпорындармен жұмыс жалғасуда, консультациялар өткізілуде. Алдағы уақытта шариғат талаптары толық орындалған және орындалуы қамтамасыз етілген өндіріс орындарына халал сертификаты берілетін болады.
Халал өнімдерді стандарттау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев халал сертификаты берілген кәсіпорынның жұмысын қадағалайтын әр өңірден келген өкілдермен кездесіп, еліміздегі халал өнімге қатысты өзекті мәселелер жайлы пікір алмасты, деп хабарлады ҚМДБ-ның баспасөз қызметі.