01 Шілде, 2010

ЕКІ АПТАДА 3 ТОННАДАН АСТАМ ҚАРАСОРА ТӘРКІЛЕНДІ

424 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қылмыс “Кендір - 2010” операциясы аясын­да жамбылдық полицейлер ҚР ІІМ ҰҚК өкілдерімен бірігіп Шу ауданының Тасөткел ауылы­ның аймағынан оңтүстік астана­ның 41 жасар тұрғынын марихуана дайындау кезінде қолға түсірді. Бұрын адамдарды тонауға қатыс­қаны үшін сотты болған күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүр­гізілуде. Ол екі тәулік ішінде 1 тонна 40 кило қарасора дайындап, кептір­ген. Жамбыл облысы ІІД аудан­ара­лық есірткі бизнесімен күрес бөлімінің бастығы Қ. Жапабаев­тың айтуынша, күдікті жеркепе жасап, оны күн ысыған уақытта баспана қылған. Бір апталық азық-түлігі мен басқа да керек-жарақтары жетерлік. Жеңіл жол­мен мол ақша табуды “жоспар­лаған” күдіктінің есебі бойынша, 1 тонна қарасорадан 10 миллион теңге жасауға болады екен. Облыста “Кендір – 2010” операциясы басталғалы бері полицейлер 10 есірткі қылмысын анықтап, заңсыз айналымдағы 3,5 мыңға жуық есірткі заттарын тәркілеген. Бір апта бұрын жергілікті тұрғын да ұсталды. Ол 1 тонна 200 кило марихуана жасап үлгеріпті. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы, Шу ауданы.