17 Ақпан, 2015

«Интернет жеткен нүктеден»

264 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
депутат ауыл тұрғындарын қабылдады Облыстық мәслихат депутаты Дмитрий Гусак Федоров ауданындағы Пешков ауылы тұрғындарының өтінішін скайп арқылы тыңдады. Бұл «Нұр Отан» партиясы мен «Қазпошта» акционерлік қоғамы бірлесіп жасаған «Интернет жеткен нүкте» республикалық жобасының тұсаукесері болатын. Ауылдастар мен депутаттың скайп арқылы кездесуі бірден тиімділігін көрсетті. Облыс ор­талығынан 120 шақырым жерде жатқан Пешков ауылынан облыс орталығына ат сабылту тұрғындар үшін оңай емес. Ауыл поштасына орнаған «скайпқа» алдымен Пешков селолық округінің әкімі Әмірбек Ержанов шықты. Ол облыстық мәслихат депутаты Дмитрий Гусакқа ауылдың жиырма жыл бойы ауызсу азабын тартып отырғанын айтты. 2008 жылы геологиялық барлау экспедициясы ауылдан бір рет бұрғылағанда су ащы болып шыққан. Содан кейін бұл мәселе қозғалған емес, ал ауылдастар судан тарығып отыр. – Ауызсу шалғай ауыл үшін өткір мәселе екені анық. Бұрғылау жұмысы қаржыға келетін мәселе. Сондықтан ол жерде жерасты тұщы суы бар ма, жоқ па соны біліп алуымыз қажет, – деді облыс мәслихатының депутаты Дмитрий Гусак. Ол ауыл әкіміне алдымен жобалық-сметалық құжаттар, аудан әкіміне, облыстық мәслихатқа, «Нұр Отан» партиясының об­лыстық филиалына ауыл тұр­ғындарының, ауыл әкімінің атынан хат жазылу қажеттігін түсіндірді. Депутат хатты алған соң, бұл мәселені мәслихат сессиясында көтеретіндігін, Пешков ауылынан тұщы су табу, ауызсу құбырын тарту жұмыстарына қажетті қаржы 2016 жылдың бюджетіне жүктелуіне күш салатындығын да айтты. Мұнан кейін Пешков ауылының тұрғыны Рита Гузь депутатқа «ауылға көгілдір отын құбыры қашан тартылады?» деп сұрақ қойды. Пешков ауылында 2800 адам тұрады. Бір мектеп, екі балабақша бар, жақында аурухана салынды. Осының барлығы от жағып жылытылады. Ауыл тұрғыны өркениеттің жемісін көргісі келетіндігін айтты. Дмитрий Гусак аудан орталығы – Федоров ауылына 2017 жылы газ құбырын тарту жоспарланғанын, алдымен ол жерге тарату стансасы  салынуы тиіс екендігін түсіндірді. Содан кейін ғана айналасындағы елді мекендердің газдандырылуы шешіледі. Федоров пен Пешковтың арасы 25 шақырым болады. Газ құбырын тартуға бұл алыс қашықтық болып саналады, миллиондаған теңге қаржы кетеді. Газ құбырынан бұрын, оның жобалық-сметалық құжаттарын жасауға, сол үшін қаржы сұрауды шешу керек екендігін айтты депутат. Айналдырған сүт пісірім уа­қытта алыстағы Пешков ауы­лының тұрғындары облыстық мәслихат депутатынан өзін толғандырған сауалдарға жауап алды. Бастысы «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» өркениет жемісі – интернет мүмкіндігі деген осы. Үйде отырып, үлкен мәселені шешуге болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.