05 Тамыз, 2015

Отандық өндіріс үлесі

548 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана ЭКСПО-2017» халық­ара­лық мамандандырылған көрмесі нысан­дарының құрылысына бүгінгі күні 101 қазақстандық кәсіпорын тар­тылған. Жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 88 млрд. теңгені құрап отыр.

111 (1) Елбасының көрме құрылысына және оны дайындау ісіне аймақтық бизнесті тарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді жеткізетін отандық кәсіпорындармен ынты­мақ­тастықты кешенді өрістетуде. Қазіргі күні Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының әкімдіктерімен және Астана қаласының әкімдігімен бірқатар меморандумдарға қол қойылған. Осы меморандумдар шеңберінде жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша, 83 кәсіпорынмен 87 млрд. теңге жұмыс көлемі жөніндегі келісімшарттарға қол қойылды. Олардың ішінде 65 компания Астанадан (іргетастың қазықтары, бетон, қиыршық тас, құрылысқа арналған ерітінділер, анкерлік бұрандамалар, ағаштан жасалған қалып, газ блоктары, дизельдік отын, химиялық қоспалар, сэндвич-панельдер, сорғыш жабдық және т.б.), 1 компания Солтүстік Қазақстан облысынан (металл құрылмалары, монтаж), 12 компания Қарағанды облысынан (металл бұйымы, металл құрамаларын шығару, темірбетонды бұйымдар, іргетастың қазықтары, арнаулы жұмыс киімі, радиаторлар, құбырлар және полипропиленнен жасалған фитингтер), 2 компания Павлодар облысынан (металл бұйымы (арматура), кабельдік өнім), 2 кәсіпорын Оңтүстік Қазақстан облысынан (трансформаторлық жабдықты шығару және жеткізу) және 1 компания Шығыс Қазақстан облысынан (минералмақталық тақтайлар) қатысып отыр.

ЭКСПО-2017 нысандарының құрылысына қатысып отырған 101 кәсіпорынның ішіндегі 18 кәсіпорын меморандумдар аясынан тыс келісімшарттар бойынша жұмысқа тартылған. Олардың ішіндегі 13 компания Ақмола облысынан (битумдық эмульсия, инерттік материалдар, газ блоктары, пенополистирол, металдан жасалған бұйымдар және іргетастың қазықтары) және 5-уі Алматыдан (шыныпакет, қоршауға арналған витраждық құрылмалар, бентолайнермен жасалған су өткізбейтін материал, ауаны сыртқа және ішке тартатын желдеткіштерге арналған жабдық, іргетас қазықтары) қатысуда. ЭКСПО-2017 нысандарының құрылысына қатысушы отандық кәсіпорындардың ішінде Қарағандының «Имсталькон» зауытын ерекше атап өткен жөн. «Имсталькон Қарағанды металл құрылымы зауыты» ЖШС кез келген күрделілік жағынан ірі габаритті құрылымдарды дайындау бойынша еліміздегі көшбасшы болып табылады. Кәсіпорын металл құрылымды, соның ішінде жеке жобалар бойынша өнімдер жасай отырып, ішкі нарық қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. «Қазіргі уақытта зауыттың жылына 30-35 мың тонна металл конструкцияларын шығаруға мүмкіндігі бар. Ай сайынғы көлем 3 000 тонна металл құрылымды құрайды. Біздің өзіміздің құрылымдық бөліміміз бар. Өнімнің жеке түрлері бойынша біздің зауыт Қазақстандағы жалғыз өндіруші. Негізінен, бұл – аспалы көпір құрылымдары», – дейді «Имсталькон Қарағанды металл құрылымы зауыты» ЖШС бас директоры Нұр Нұрғалиев.

Жарас СӘДУАҚАСОВ.