Жақында Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркінде «Бұл – біздің таулар» деп аталатын фестиваль өтті. Біздің таулар деп кеудені мақтаныш керіп, ауыз толтырып айтатындай бар.
Жоғарыда аспанмен амандасқан, басын сіреу мұз басқан, қары ерімейтін алып тау, етегі ит тұмсығы батпас қалың ну, көкке өрлеген қарағай, ішкі сарайыңды ашқан арша, таудан құлап аққан, жолындағыны жаңқадай жұлып әкететін арынды өзен, тамылжыған табиғат осылай дегізеді.
Теңіз деңгейінен 1500 метрдей биіктегі алаңқайда Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараны ұйымдастыру жұмыстарына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі, Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму және туризм басқармасы, «Нұр Отан» партиясының «Жас отан» жастар қанаты, Төле би аудандық әкімдігі, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, облыс әкімі жанындағы спорттық-экологиялық туризмді дамыту және экологиялық тәрбие жөніндегі қоғамдық кеңесі қатысты.
Сайрам-Өгем шатқалының шығыс жағында биіктігі 3535 метр, адам аяғы баспаған шың бар. Осы шыңға тәжірибелі тау нұсқаушысы Шамиль Рафиков бастаған альпинистер шығып, еліміздің Көк байрағы мен Ассамблея туын тігіп, атау бермек.
Салтанатты жиында Парламент Мәжілісінің депутаты Розақұл Халмұрадов сөз сөйледі. Қазақ жерінің тұтастығы, ел тәуелсіздігі үшін күрескен Абылай ханның дүниеден өтер кездегі айтқан армандарын атай келіп, бүгінде соның бәрі Елбасының сындарлы саясаты арқасында мүмкін болғандығын, Қазақстанның әлемдік саясатта орны ерек орнықты мемлекет екендігін атап өтті. Осының бәрі Қазақстан халқының бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай татулығының арқасында жүзеге асқандығын айта келіп, жаңа шыңды бағындырушыларға сәт сапар тіледі.
Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов биылғы жылы мемлекеттік деңгейде аталып өтетін мерекелердің мәнін тарқатып, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына лайықты тарту жасамаққа бекінген ерікті топқа сәттілік тіледі.
Альпинист Виктория Воробьева шыңды бағындыру оңай шаруа еместігін, бірақ, Қазақстан халқының тұтастығының мерекелі жылына лайықта тарту жасағылары келетіндіктерін ортаға салды. Ал топ жетекшісі, тау нұсқаушысы Шамиль Рафиков: «Шыңға қарай қиын да ауыр жолдармен жүреміз. «Сазан ата» шатқалын бойлай отырып, кешке қарай үлкен жазыққа жетіп, сонда түнейтін боламыз. Бұйыртса, ертең таңертең жолға шығып, шыңға жетеміз деп ойлаймын. Еліміздегі тұрақтылықтың символы болған шыңды бағындыру – мен үшін үлкен бақыт», – деді.
Кәсіпқой фотограф Богдан Руденко шыңға өрмелегенде жеңіл жүктің өзі ауыр болатындығын, сондықтан мейлінше жүкті азайтқандарын, бірақ фотоаппаратын міндетті түрде алып шығатынын айтқан. Өйткені, адам ізі баспаған, табиғаттың қайталанбас сәттерін, жеңісті жорықты бастан-аяқ тарих парағына жазу үшін сәтті түсірімдер керек-ақ. Қызық болғанда, тау шыңын бағындырмақ болған 20 альпинистен бөлек, тау шатқалдарында қар барысындай жүріп жүрген 12 ерікті бірге бармаққа ұсыныс білдірді.
Альпинистер шыңды бағындыруға аттанып кеткен күні шатқалда қалған топта суретшілер конкурсына қатысушылардың пленэрі өтті. Екі күннің қорытындысында облыстағы Ә.Қастеев атындағы колледждің оқытушысы Қарлығаш Қансейітова бірінші орынды жеңіп алды.
Туристер алау басына жиналғанда кешқұрым Төле би ауданы этномәдени орталықтарының өкілдері келіп, концерт берді. Лагерь коменданты, «Бұл – біздің таулар» фестивалінің ұйымдастырушысы әрі рухани дем берушісі, өзіміздің сыралғы досымыз Кеңес Исмаилов тау баурайында өткен екі күндік іс-шараның ойдағыдай өтуіне үлкен еңбек сіңірді.
Тау шыңын бағындырғандар жексенбі күні етекке түсті. Бәрі дін аман, көңіл-күйлері көтеріңкі. Топ жетекшілері Шамиль Рафиков, Виктория Воробьева және Ербол Оразалиннің баяндауынша тәжірибелі альпинистерден бөлек, еріктілер де жаңа тау шыңына ойдағыдай шыққан.
Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов шыңды бағындырғандарға облыс әкімінің атынан арнаулы дипломдар тапсырды. Енді Сайрам-Өгем шатқалындағы жаңа шың атауы облыстық онамастика комиссиясының қарауына ұсыныс ретінде беріледі.
Облыстық Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов: «Сөз бен істің бірлігін қатар ұстаған абзал. Еліміздегі ынтымақты сөзбен ғана айтып қою жеткіліксіз, еліңнің жетістігіне сүйіспеншілікті іспен дәлелдеу керек. Шың басына шыққандар осы мерейлі міндетпен қатар, ішкі туризмнің мүмкіндігін ашуға өлшеусіз еңбек сіңірді», – деді.
Сайрам-Өгемдей жер жәннатында атаусыз қалған жалғыз шың өгейсіп тұрар еді. Енді ол Қазақстан халқы бірлігінің символына айналды.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.
–––––––––––––
Суреттерді түсірген
Қайсар ШЕРІМ.