05 Тамыз, 2015

Өңірлер ЭКСПО-ға белсенділікпен қатысады

272 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Павлодар облысы шағын және орта бизнесінің кәсіпорындары ЭКСПО-2017 жобасына барынша кеңінен қатысуды көздеп отыр. Олар құрылыс жұмыстарына ғана емес, сонымен бірге, логистикаға, қауіпсіздік пен қоғамдық тамақтандыру жүйесін ұйымдастыруға кеңінен тартылмақ. Осындай ұсыныстар Павлодар облысының кәсіпорындарымен таяуда өткен жұмыс барысындағы кездесудің күн тәртібіне қойылды.

111 (5)

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК бас мердігерлерімен кездесу­ге осы аймақтың 30 өкілі келді. Кез­десудің мақсаты – павло­дар­лық кәсіпорындарды, өңірдің шағын және орта бизнесін ЭКСПО-2017 жобасына белсенді түр­де тарта отырып, көрмедегі жер­гі­лікті мазмұнның көлемін ұл­ғайту.

«Келісімшарт алдындағы мәмілелерге бұдан бұрын Пав­ло­дарда өткен кездесуде қол қой­­ыл­ған болатын. Бүгінгі кездесу – біздің бірлескен жұмы­сы­мыздың жалғасы. 2014 жылы біз материалдың алғашқы партиясын жеткіздік. Павлодардың металлургиялық кәсіпорындары арматураны 40 мың тоннаға дейінгі көлемде жеткізуге дайын, бұл шетелден әкелінетін шикі­­заттың орнын толығымен алмас­тыратын болады», – деп атап өтті кездесу кезінде Павло­дар облысы әкімінің орынбасары Николай Дычко. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК және Пав­лодар облысы әкімдігі арасында ын­ты­мақтастық туралы меморан­думға 2014 жылдың жел­тоқ­санында қол қойылған бола­тын. Биылғы жылдың 1 шілде­сін­дегі жағдай бойынша қазірдің өзінде Павлодар облысынан құры­лысқа 3 отандық тауар өндіруші тар­тылып, жасалған келісімшарт­тар­дың жалпы сомасы 760 млн. теңгені құрап отыр. Кездесуге металлургия, маши­на жасау, химия, жиһаз және жеңіл өнеркәсіп секілді түрлі сала­лардағы кәсіпорындар қатысты. Олардың арасында болат құю зауытына өкілдік ететін «Кастинг» ЖШС, сым-өткізгіш өнімдерді өндіретін «ҚазЭнергоКабель» АҚ және автокөлік жолдары мен әуежай жабындары құрылысында қолданылатын пенополистиролды өндіретін «СТИРОЛ компаниясы» ЖШС болды. «Біз өткен жылдан бастап материалды жеткізумен айналысып келеміз, келісімшарттардың сомасы әзірше үлкен емес, алайда «темірбетон кезеңі», кейін әр­леу кезеңі және сым-тетіктерді жүргізу кезеңі болатынын түсі­неміз. Сондықтан біз екінші кезеңде жеткізілім сомасы өседі деп үміттеніп отырмыз. Қазір біз «BI Group» және «Базис-А» компанияларымен жұмыс жасап жатырмыз, ал «Mabetex» компаниясымен келіссөздер жүргізудеміз», – деді «ҚазЭнергоКабель» АҚ бас директоры Олег Крук. Сондай-ақ, кездесуге «Астана ЭСКПО-2017» ҰК-пен тығыз ын­тымақтаса жұмыс жасайтын «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының өкілдері де қа­тысты. Қазіргі таңда отандық тауар өндірушілердің тізімі қалып­тас­тырылып жатқаны атап өтілді. Бұл тізімнің ішіне металлургия, машина жасау, кабельдік өнімдер саласындағы компаниялар ғана емес, сонымен бірге қызмет көр­сету саласындағы, әрлеу жұмыс­тарымен айналысатын кәсіп­орындар да кіргізіліп отыр. Тізім «Астана ЭКСПО-2017» бас мердігерлерімен арадағы қатынас-байланысты жақ­сы қамтамасыз ету үшін қазақ­стандық тауар өндірушілерді бірыңғай тізімге жүйелеуге мүм­кіндік бермек. Кездесу кезінде «Астана ЭСКПО-2017» ҰК басқарма төр­аға­сы­ның орынбасары Алмаз Жаманбеков бас мер­ді­гер­лер мен отандық тауар өн­дірушілерді диалогқа шақырып, ЭКСПО-2017 жобасына қаты­су­дың түрлі шарттары ұсынылға­нын еске салды. «Қазір көрменің ресми қатысушыларына ұсыны­латын тұрғын үй құрылысы жүргі­зі­луде. Шағын және орта бизнес те сонда дамуы тиіс. Тек құры­лыс­тың шеңберінде тұйықта­лып қалмаңыздар, өздеріңіз­дің компа­нияларыңызды түрлі сала­лар­дағы жұмыстарға тартыңыздар. Павлодарда шағын және орта бизнес жақсы дамыған. Сондықтан бұл мүмкіндікті логис­тикадан бастап, көлік, тамақ­тандыру жүйесі, құқық қорғау қыз­метін ұйымдастыруға дейінгі жұмыс­тарға тарту қажет», – деп атап өтті Алмаз Жаманбеков тауар өн­ді­рушілерге арнап айтқан сөзінде. Мұндай кездесулер алдағы уақытта Қазақстанның барлық облысының өкілдерімен өткі­зі­леді. Қазіргі таңда «Астана ЭКСПО-2017» көрме ны­сан­дары­­ның құрылысына 101 қазақ­стан­дық кәсіпорын тартылып, жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 88 млрд. теңгені құрағанын еске саламыз. Қа­зір­дің өзінде Қарағанды, Қызыл­орда, Солтүстік Қазақстан, Пав­лодар, Шығыс Қазақстан, Жам­был облыстарының әкім­дік­­тері­мен және Астана қаласы­ның әкім­дігімен тиісті меморан­думдарға қол қойылған.

«Егемен-ақпарат».