02 Шілде, 2010

ТАҒДЫР

901 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Мұнай-газ мұнарасына соғылған са­мал­дың сыбыры ма, әлде кәрі Каспий­дің толқынына құлаған Ақжайық ағы­сының сылдыры ма, осы беткейге жол шықсам, менің құлағыма бір ғажап ән­нің әуені келеді, бұл сан ғасыр сарсыла күткен, бабаларға арман болып, біздің ұрпаққа ғана жеткен Еркіндіктің әні еді! Бес ғасыр қойнауынан бала кезімде құлағыма сыбыр болып жеткен: “Жайық­­ты келіп алғаны – Жағаға қол­ды салғаны”, деген Мөңке ақынның өзек­ті жарар өкініші талайдың санасына салмақ болғаны тарихтан мәлім. Ал енді сол Жайық тиді өзіңе. Онымен қоса бес ғасыр аңыз болып келген, тілін ұмытқан ұрпақ, қасиетін де ұқпай бара жатқан “Қыз Жібек” дастаның да, Мұхит – ән, Құрманғазы – күй, Сырым батырың, Исатай-Махамбетіңмен ғасыр қойнауы­нан қайта тіріліп келгендей күй кешесің. Өзіндік күтпеген оқиғасымен, өзіндік ес жимаған санасымен, қиындық-қателігі қуанышқа араласқан Еркіндік келді Далаға. Басқа ұлт көлеңкесінде жалтақ­тап сөйлеп үйренген, өзгенің қаласын Астанам деп, өзгенің даласын Отаным деп, өзгенің тауын асқақтатып жырлап үйренген ұрпақ өзіне-өзі келе алмай, нені қайдан бастауын біле алмай тұрған­да, көгілдір аспанға желбірей көтерілген көк туға тамсанды. Жүректерді шы­мырлатқан тылсым бір сезіммен қуаныш әні құйылды. Тарих сахнасына жаңа дүние есігін ашып, көне Қазақ елі шық­ты. Ол өз еркіндігін паш ете шықты. Бұрын намысшыл Шаях­метовын, қажы­мас Қонаевын іштей тынып, сүйеніш көріп, мақтан тұтқан ұлт енді өз халқын өз азаматы басқара­тын күнге де жетті. Өз ана тілінде сөй­леп, өз дала­сының қурайын жиып, жусанын сүйіп, Алатау баурайында бұлақ сыл­дыры­нан ән тыңдап өскен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа ғасыр көші­нің тізгінін өз қолына алды, қазақ даласының жаңа дәуірі басталды. Осынша үлкен жауапкершілікті өз мойнына алу, бұл елді бұрын болмаған сүрлеумен жүргізу, барды жоғалтып, жоқтан бар жасау, жаңа қоғамға жаңа сана қалыптастыру Назарбаев маңдайы­на жазылған тағдыр еді. Ол жол оңай да жол емес еді, оған өзіміз де куә болдық. Тоқсаныншы жылдардың басында менің жыр дәптеріме мынадай жолдар түзіліпті: Даланың уақыт емдер дертін бүгін, Оқитын кезең туар сертін, жырын, Оңайға қайдан түссін бірден алу, Кең дала жас ұрпақтың еркіндігін. Жасыратыны жоқ, өтпелі кезең қиындықтарға толы болды. Жұмыссыз қалған адамдар, өндіріс орындарының жабылуы, жекешелендіруде кеткен қателіктер талайдың көкейіне шерменде болып қатты. Халық байлығы еңбегі сіңбеген ептілердің уысында кеткені де аз емес еді. Табыс көзі жоқ ауылдар малын сатты, үдере көшті. Ең үлкен қателіктің бірі – мектептен тәжірибелі ұстаздардың жалақы іздеп кетуі болды. Ең сауатты дәрігерлер басқа елдерге көшті. Мұның бәрі өлара шақтың қиын­дығын молайта түсті. Сонша қиындыққа төтеп беру, осы кезге дейін өзге мем­лекеттер қатарына қоспаған, көлеңкеде қалып келген қазақ ұлты мен оның кең даласын әлемге танытудағы атқарған Назарбаев саясаты мен өрлігін жоққа шығаруға болмайды. Мұның бәрін оп-оңай шаруа деп кім айта алады?! Ол шеті мен бұл шетіне жетудің өзі қазірде де қиынға соғатын байтақ ме­кені­міздің әлі де адам баспаған шың­дары, әлі де ел қоныс теппеген қырлары барын білеміз. Құмдары қорқытатын, орманы адастыратын игерусіз жатқан кеңістігі бар байтақ Қазақстанды әр адымы санаулы Еуропа елімен салыс­тыру асығыстық. Бейғам, бүгінгі шаруа­ны ертеңге қалдырып өскен, бір-біріне бағына бермейтін қазақи мінезді аз уақытта өзгерту де оңайға соқпайды. Оның үстіне жаңа қоғамның жаңа заңы алғаш Әліппеміз сияқты қайта жазылды. Алғашқы Конституциямызды қабылда­дық, алғашқы Әнұранымызды бекіттік. Бәрін-бәрін тәй-тәй басқан жас балаша бастадық. Сол кезде бұл елді тәй бас­тыру­дың қиындығын да көтеру, тыңнан жол бастау Президентке оңай болды деп кім айта алады?! Сарыарқа! Тұлпарлар тұяғы дүбірі боп Құрманғазы күйінен құлаққа сіңген кең жазық атамекен тіл мен діннен айырылып қала жаздаған ұрпақ меке­ніне айналып бара жатқаны рас еді ғой. Сол жаққа жаңа астана салу да оп-оңай іс емес еді. Бұл аймақтың тың кө­теру саясатына ұшырап, Ақмола Ц­елино­град болып кеткені баршаға аян. Ол жердегі жергілікті халық саны азай­ғанын, туған даламыздың егін мен малға жайлы қо­ны­сында салт пен сана жойыла жаздап тұрғанын сонау қарбалас кезеңде ойлау да көрегендік емес деп кім айта алады?! Бұл күнде Астанамыз бүкіл әлем көз тігіп отырған, бүкіл дамыған елдің басшылары ат басын тіреген атышулы қалаға айналды. Аз ғана жыл ішінде осының өзі үлкен жетістік, үлкен көре­гендік екенін мойындауымыз керек шығар. “Түрі ұлттық, мазмұны социа­листік” сонау кезеңде біздің ұлт өкілдері қазіргі Астанамызда салынғандай зәулім үйлерде тұра алған жоқ. Бұл да егемен­діктің арқасы екенін кез келген қазақ ұғыну керек. Әрине, ғасырлаған дәстүрі бар қалалармен әзірше салыстыру қиындау да болар. Бірақ біздің ұлт өз есеюінің деңгейін де сезінгені жөн. Бізге жаңа дәуірге лайық сауат пен жаңа ғасырға лайық ой қорыта алатын биік мәдениет қажет. Өйткені, кей қазаққа тап-таза тас жолдарда жүру де жаңалық, ол дала шалғынын таптап өскенін әлі де ұмыта алмай, кең дала­дағы далиған мінезі­нен әлі де арыла алмай отыр. Ендеше, жаңа ғасырға өмір сүретін, жаңа мемлекетті қалыптасты­ратын адам санасын оятудың көшбас­шысы болу оп-оңай іс деп кім айта алады?! Бүгін біз ана тілге өз ұрпағымызды оралта алмай шырылдасақ, ата-баба­мыз­дың адам сыйлау дәстүрін қайта жаң­ғыр­тып әуреге түсіп жүрсек, ол сонау бір жылдардың саясаты екенін де ойлауы­мыз керек. Ғасырлап бұзылған жүйені аз уақытта қалпына келтіру қайдан оңайға түссін?! Біз бүгін көк туға, ана тілге деген махаббатты да балабақша мен мек­тептен қайта бастап отырмыз. Нәти­жесіне уақыт керек. Еліміз тыныш, сәби ұйқысы бұзылмаған бейбіт күн біздің ата-бабадан келе жатқан арман, сол елді тыныш жолмен алып жүру, қиын-қыс­тау кезеңнен алып шығу үлесіне тисе, ондай жүк көтеру оп-оңай деп кім айта алады? Бұл Тұңғыш Президенті­міздің ерлігі емей немене?! Иә, егемендік тізгінін ұстау тағдыры жазылған Назарбаевтың дүниеге келуі жайлы әңгімеге құлақ түріп, сәл шегініс жасасақ.... Біздің ұлт – жаратылысынан ұл тілейтін ұлт. Оның үстіне бала сүю үшін әулие кезетіні бар, түнейтін қа­сиет­ті әулиесі бар ұлт. Сонау бір есте жоқ ескі заман жұмбақтары кейде біздің ұлттың ғажайып қасиеттерін де аша түседі. Оған дәлел біздің мәңгіден жат­тап келген дастандар мен ертегілеріміз емес пе? “Байбөрі осылай деп жүрді жылап, Құдайдан күні-түні бала сұрап”, дегенді білмейтін қазақ аз. Содан әулие кезіп, түней-түней “темір етіктен теңге­дей қалғанда, темір таяқтан тебендей қал­ғанда” түс көріп, үйіне оралып, ақы­рында ұл сүйеді. Аруаққа табынып, Құдайға жалынып сүйген перзент ерекше қасиетті болады, оның тағдыры да, өмір жолы да өзгелерге ұқсамайтын өзінше болады. Міне, біздің Президент те сондай сұрап алған ұл екенін өмір­баяны арасында сөз еткені есімде. Енде­ше, сол ерекше ұлдың тағдыры болып Қазақ елінің еркіндігіне қызмет ету бұйырған. Оған біз куә болдық, ол – шындық. Президентіміздің көптеген бағдарла­масы арасында тарихымызға бет бұрғыз­ған “Мәдени мұра” бағдарламасы сол әулие рухтар әсері ме деп қаласың. Аз­да­ған уақытта, қарбалас кезеңде бұрын ұмыт болған қаншама ерлердің есімі тіріліп, қала мен дала бабалар ескерткі­шіне толды. Даналар ескерткіші мен әулиелер кесенесі тарих көлеңкесінен бой көтеріп, ертеңгі ұрпаққа мұра болып қалмақ. Ақ Жайық бойында бұрын өз ұлтымыздың мәртебесін көтеретін шара­лар өте аз өтсе, сахнадан домбыра­мен ән салуға жасқанып қалған Құрман­ғазы мен Мұхит ұрпағы егемендіктің алғашқы ауыр жылдарында Қазақ драма театры­ның іргетасын қалап, салтанатты театр ғимаратын салды. Әрі батыр, әрі шешен Сырым баба қаланың қақ ортасында тұлпарын қарғытып тұр. Ақиық ақын Жұбан Молдағалиев: “Мен қазақпын – осындай байтақ елмін, қайта тудым, өмірге қайта келдім, мың бірінші тіріл­дім мәңгі өлмеске, айта бергім келеді, айта бергім”, – деп жас ұрпағына мақ­тана қарап тұр. Осының бәрі еркіндіктің бақыты екенін, мұның бәрі оңайлықпен келмейтінін кім жоққа шығара алады? Президентіміздің сонау бір жылдары мәдениет қызметкерлерімен кездесуде сөйлеген сөзінде: “Біздің қаламгерлер халық арасына барсын, Алматыда иіріліп отыра бермей, жаңа Астанаға қоныс­тансын, жаңалық жырын айтсын, елге сүйеніш болар сөздерін айтсын, артық-кемді болжап кеңестерін берсін”, деген пікірін айтқан болатын. Менің жүрегіме бұл сөз қонғаны сонша, өзіме Ақ Жайық жеке тигендей қуанып, оны өз жырымда жекешелеп алғандай сезініп, оның үстіне сол кезгі Батыс Қазақстанға әкім бол­ған Қырымбек Көшербаев та шақы­рып, еліміздегі өсіп келе жатқан жас қыз бен сіңлілеріңізге көрген-білген аналық ақылыңызды айтуға керексіз деген сөзі үшін ойланбастан ару Алма­ты­дан мен де өз көшімді Ақ Жайыққа бұрдым: Көрген білгенімді айта қалайын деп, Көңілдер сырын байқап қалайын деп Жалған күлкілер шаршатқан жанарды Мөлдір айдынға шайқап алайын деп Оралдым саған, Ақ Жайық. Досым боп келсе, қарсы алу үшін, Қосылып бірге ән салу үшін, Көгілдір туға, егемен елге Туған жерімде тамсану үшін Оралдым саған, Ақ Жайық. Иә, өзге тіл, өзге діннің ықпалы көбі­­рек тиген бұл жағалау Қазақ елінің өзге өңірінен ерекшелеу еді. Тек бабалар ру­хы­ның мықтылығынан өз келбетін, өз сал­тын сақтап, бірін тапса, бірін жоғал­тып отырғаны рас қой. Еліктегіш, сен­гіш, аңғалдау да болатын қазақ ұрпа­ғын, әсіресе, ұлт ұрпағына ана болатын қазақ қызының батысқа қатты еліктейтін өңірі де осы жер. Бұл – менің көкейім­дегі өмір бойы басты мәселем, тақы­рыбым да. Міне, сол пікірімді әлім жеткенше айту үшін, аналық, ақындық парызды өтеу үшін елге оралғаныма да сегіз жыл­дан асып барады. Кіндігін ашқан қыз­дар­ды кері бұрудың оңай емесін сеземін. Ал Президент жастарымыз оқысын деп “Болашақ” бағдарламасын жүзеге асырды. Әлемнің барлық қалаларында жоғары оқу орындарында қаракөз қазақтың қаншама ұл-қызы білім алып, елге оралды. Оларға қыруар қаржы бөлініп отырғанына да бәріміз куәміз. Алғашында көкелерінің қолдауымен оқуға түскен жәйттер де болмай қалған жоқ. Ал соңғы жылдары өз сауатымен бәйгеден озғандар оқып, білім алып, сауатты жастар қатарын көбейтуде. Әрине, мұның бәрін бір адам қадағалай алмайды. Ұлтымыздың ертеңгі ұрпағы сауатты, салауатты болсын деп жағдай жасап отырған басшыны қостаушылар да сондай сезімде болғаны дұрыс. Ұрпақ ісін сеніп тапсырғандар бұл жолы да жауапкер­шілікпен еңбек еткендерді елге үлгі етсе дер едім. Тапсырманы да, заң­ды да орын­дау Елбасы сенген басшы­ларға байла­ныс­ты және ол олардың азаматтық борышы. Иә, тыңнан салған жолдың қиын­дығы мен қателігі болатыны заңды. Жасы­ратыны жоқ, ақшаға құрылған жаңа кезең біздің жырымызды да, кіта­бымызды да, беделімізді де арзандатты. Табыссыз, жұмыссыз, қобалжып қалған талант иелері бұл кезде қатты қиналды, қажыды. Оңай олжа тапқандар өздерін ойшылдардан ақылды санады. Ойлап отырсам, ондай кез бұрын да болғанға ұқсайды. Айтқыш бабалар айтып-ақ кеткен екен. “Неше мықты болса да, жауға мінбе жалсызды, неше шешен болса да, дауға салма мал­сызды”. Иә, дауда ақшалының айтқаны дұрыс, әлсіз кінәлі болғанын да көрме­дік емес, көрдік, көндік. Қағазға түсіп үлгерген­мен, өмірде қолданысқа жетпей жатқан заңдар мен орындал­маған тапсырмалар әр жерде наразы сөйлеуге себепші болғанын да жасыра алмаймын. Біз үшін бәрінен қымбаты осы еге­мен­дік, осы бостандық, осы еркіндік. Оның қадірін біліп, бағасын сезінуді әр қазақ ата-бабасы тапсырып кеткен өсие­тіндей қастерлеу керек. Тыныштық пен ынтымақ, бірлік пен тірлік адамзат ғұ­мыры үшін ең қымбат нәрсе екенін көр­ші қырғыздардан көріп отырмыз. Өздері саусақпен санауға болатын бір ата­ның баласы бірін-бірі қанға бояуы деген не сұмдық. Ақымақтыққа аз уақыт та жете­ді. Ал біздің құшағы кең қазақ даласына сонау жылдары кімдерді әкел­меді. Әлі де үй ішінен үй тіккісі келетін топ жоқ емес, әлі де кең жері­мізге ала көзбен қарай­тындар жоқ емес. Ұлы мақсат үшін кейде шыдау керек кезде шыдамды­лық­тың да маңызы зор болмақ. Президент бойындағы талай басшыға көрсеткен шыдамдылық та оның өз тағдырын мойындау, өз жүгін нар тұлға­мен көтере білу қабілетінің зор екеніне дәлел. Нұрекең Ақ Жайыққа ат басын тіре­ген сайын өзі тағайындаған әкімге мол тапсырма жүктеп кететіні сөзсіз. Соңғы үш жыл ішінде облысқа Бақты­қожа Із­мұхам­бетов әкім болғалы атақты Қара­шығанақ газының үстінде тоңып отыр­ған талай елді мекен көгілдір отын­ға қол жет­­кізді. 500 шақырым газ құбыры тар­ты­лып, сонау сынақ аймағы болған Бөкей ордасы ауданы газ жағып отыр, бұл күнде ол ауылдар құм беткейге мың­ғыр­тып малын бағып, әнін салып деген­дей күн кешіп жатыр. Жақында Сырым, Қара­төбе аудандарына да газ құбыры жетті. Газ бен мұнай даңқын асырған Ақ Жайық бойы соңғы жылдарда біраз жақсылықты бастан кешіп отыр. Үсті­міз­д­егі жылы 49 жоба бекітіліп, оған 271,5 млрд. теңге бөлініпті. Соның ішін­де 9 жоба республикалық ин­дустриялық-инновациялық жобаға еніп, 4-уі бірінші жартыжылдықта бітпек. Облыс өз тұр­ғындарын азық-түлікпен толық қамтып, болашақта артық өнімнен табыс табуды көздеп отыр, оны үнем­деуге өзінен шығатын арзан газ көмегін тигізетін болады. Президент бұл жағалау жағдайын біліп, қадағалап отырғаны да ақиқат. Келген кезде ақ жарылып сөйлеп, аң­қыл­дап күліп жүргенмен, талай қиын­дық барын сезеді. Ұлттар достығы, Ресей­мен қатынас, кеден мәселесі де осы жақта көп көңіл бөлетін шаруа. Тіліне жетік, ежелден көрші елмен кеден қатынасын күрделендіруге болмайды ғой. Еуропа мен Ресей Қазақстанға көбі­не Орал арқылы кіреді. Достық қатынас бізге сақталу үшін, сақтану үшін қажет. Баяғы Әбілқайырды да достық үшін қол қойды деп әлі күнге кінәлай­тындар бар. Ол кезде де кең далада шашыраған ұлт ұрпағын аман сақтап қалу үшін басқа шара қалмаса қайтпек? Отырып алып ақыл айту – ең оңай шаруа. Жау жағадан, бөрі етектен талаған қазақтың тұқымын аман сақтап қалу үшін талай данышпан ұлдар от пен суға түспеп пе еді? Қазір де тыныштық пен достықтың тигізер пайдасы аз бол­маса керек. Әттең, бұл кезде де жағаға жармасып, етектен тартушылар жоқ емес. “Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос”, деген Абайдың пікірін әлі де ұқпағандар бізде жеткілікті екені рас. Тыныш күн, тыныш ұйқы, сабырлы кеш. Көгілдір экран алдында отырып, әлемнің жаңалығы арасынан өз Қазақ­станың жайлы мақтанышқа толы көрі­ніске де көзің үйренгендей. Әлем бас­шы­лары арасынан маңдайы жарқырап, жымия күлімдеп, аяғын батыл басып келе жатқан, даусын биік алып, сабырлы да салмақты сөз бастайтын мінбелерден өз Президентіңді көресің, өз еліңнің барын сезесің. Кеудеңді кернеген еркіндік бақытының бағасын айтып жеткізуге де қиналасың. Ол – әр жүрек түкпірінде жатқан ғажайып сезім, асыл арман, ұлы мақсат. Президент шетелде жүріп те осы халықтың ертеңін ойлайды. Осы елдің көркеюі үшін келіссөз жүргізеді. Оның жүрегінде Қазақстан мен қазақ тағдыры, соларға жауап беруге жаралған өз тағдыры тұрады. Еліне келіп сөйлеген сөзінде: “Қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлессін”, деді Президент. Оны тыңдап отырғандар аз, оның үстіне бизнес тілі, интернет тілі, техника мен экономика, медицина тілі әлі қазақша емес. Қазақ­ша сөйлеу – әр отбасының борышы, намысы. Біздің қазақтар қазір балаларын шетел тасып, тіптен қазақша сөйлеме­ген­ге мақтанып та отыр, қызын шетел­дікке күйеуге тиді деп қуанып жүргендер де жоқ емес. Өз қазағын “мәмбет” дей­тін жастар да жетіп жатыр. Осының бәрі ұлттық дәстүрлі тәрбиенің бұзылуынан кеткен қателік. Шығыс тәрбиесі – ең мәдениетті тәрбие, оған дәлел – жапон халқының әйелдерінің мәдениеті мен отбасында беретін ата-баба дәстүріндегі сақталған өнеге. Біз оны жоғалтып ал­дық. Оған да Назарбаев кінәлі емес, қо­ғам, саясат, біз өмір сүрген кезең кінәлі. Тәрбие саласына қаламгер мен өнер­лілер, таланттар жегілмей қалды. Олар­ды ақшалы қоғам ысырып тастағаны да үлкен қателік болды. Ең үлкен наси­хат­шы солар еді ғой, оларды жаутаңда­тып қою, әрине, қателік. Әлі де қоғам­дағы оқыстан байығандар өнерліге оқшы­рая қарайды, сыртқы киімге қарап бағалай­тын да кез болады. Ал ондайды да біздің даналық ескерткен еді. Қожа­насыр бір жиынға келсе, жандайшаптар оны би­лік­ші мен бай-манап отырған ортаға жібер­мейді ғой, содан Қожекең бір мықты танысының зерлі шапанын киіп келсе, бәрі төрлеңіз деп иіліп-бүгіліп қар­сы алады. Сонда Қожекең табаққа жеңін малып: “Же, шапаным, же”, демей ме. Қазір де сондай жағдай жоқ емес, бар. Осындай қоғамдағы алалықты түзету де Президент шаруасы емес, ол әр пенденің ішкі мәдениеті мен тәрбие деңгейіне байланысты. “Дүние өтерінде шыр айналды, бай болмақ, кедей бол­мақ Құдайдан-ды”, деген сал-серілер айтқан сөзді әжем қайталайтыны жадымда қалыпты. Бәрінің әділ-төре­лігін сол кісі реттейтін көрінеді. Әжем­нің айтуынша, байлығын берсе, қайта­дан денсаулығын алады, қайырым­сыз болса, ұрпағы қасірет шегеді, әйтеуір адамзат ғұмыры жатқан бір жұмбақ. Бүгінгі егемен Қазақстан халқы тарих дөңгелегінің осы бір тұсында өмір сүріп отыр­мыз. Әлем таныды, көк ту биікте, көк төлқұжат бүкіл шет мемлекет есептесе қа­райтын иелігімізге айналды. Әлемді шар­лап қазақтың жастары кетті. Жер бай­лығы жағынан бәрі-бәрі қызығатын қа­сиетті мекен бар бізде. Енді соған ие бола­тын на­мысты ұрпақ керек. Сол жолда бей­біт күн­дердің қадіріне жетіп, Ел­ба­сы­ның сая­саты­на үн қосып, ертеңгі бола­шақ­ты нұрлан­дыру үшін еңбектену бар­ша­мыздың боры­шы­мыз деп білген жөн. Егемендік алғалы әлемнің қай түкпі­ріне барсаң да жол ашық. Кеден қыз­мет­­керлері тіліңді ұқпаса да, түріңе қа­рап, төлқұжатты ашып жатып-ақ “Қазақ­­стан – Назарбаев” дегенді қосып ай­тып, жылы қабақ танытады. Ендеше, әлем танып отырған Елбасымыз біздің бүгінгі мақтанышымыз болуға әбден лайық. Тұңғыш Президентіміздің азаматтық­тың қадірін, достықтың маңызын, сый­ластықтың бәсін біліп, елін сүйіп, оның өнерін қастерлейтін қасиетін жо­ғары қоюы­мыз керек. Бұл – кез кел­геннің бойында кездесе бермейтін сирек құбы­лыс, ерекше қасиет. Ол – ата-баба қаны­нан сіңген ұлттық ерекше мінезі­міздің бірі. Бұл да кез келгеннің маң­дайына жазылмайтын, бойына дарымай­тын ерекшелік. Ендеше, ондай Прези­дент­пен мақтану – біз үшін үлкен жетіс­тік. Сүйер ұлың болса, сүйе біл демей ме қазақ! Ақ Жайық бойында “Аманғалидың әні” дейтін мынадай жолдар бар. Жігітке қиын екен жұртқа жақпақ Көңілін бай, кедейдің бірдей таппақ, Қақ жарып қара қылды жүрсем-дағы Кетеді біреу мақтап, біреу даттап. Осы әнді сонау Қазан төңкерісінен бері неге ұмытпайды, ол несімен көкей­лерде қалады десек, оның ішінде өмір шындығы бар. Ал шындық қашан да жоғал­майды. Біздің бүгінгі тарихи кезең­нің тізгінін ұстау Назарбаев маң­дайына жазылғаны да тарихи шындық, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ал тарих басқа шындықтарын да теңіз толқыны сияқты тербеп, екшеп жағаға шығарары сөзсіз. Әйтеуір көш басындағы өзінің Назарбаевымен Қазақ даласы жаңа бір дәуірге қадам басып бара жатыр, құтты қадамы болғай деп тілейік. Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА. ОРАЛ.