23 Маусым, 2015

Астана. Алтын белгі. Алаулаған армандар

400 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ERA_2865+ Өткен сенбіде «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша өз білімдерін дәлелдеген елорда түлектеріне «Алтын белгі» төсбелгілерін табыстады. Дәстүрлі Алтын белгі төсбел­гілерін табыстау рәсіміне Қа­зақ­­стан Республикасы Пар­ламен­тінің депутаттары, қалалық мәс­лихат депутаттары, Білім және ғылым министрлігінің өкіл­дері қатысты. Әкім мектеп бі­ті­ру­шілерді үлкен өмір са­парына бастаған атаулы күн­мен және білімдерін растайтын алғашқы құжатты алулары­мен құттықтады. Қала басшысы, сондай-ақ, биыл Алтын белгі иегерлерінің саны 84-тен 111 түлекке дейін өскенін атап көр­сетті. Астана қаласында биыл Ұлт­тық бірыңғай тестілеуге 3399 тү­лек қатысты. Олардың 111-і Ал­тын белгі иегері атанды. Ай­та кетейік, №59 орта мектептің түлегі Риана Мұстафина ҰБТ қо­рытындысы бойынша 125 бал­ға қол жеткізді. Сонымен қатар, №10 және №70 орта мектептерінің екі түлегі 124 балл еншіледі. ҰБТ қорытындысы бойынша Астана қаласы бойынша орташа көрсеткіш 86,26 баллды құрады. 2015 жылы елорда алғашқы рет ҰБТ-ның композиттік индексі бойынша еліміздің басқа аймақтарының арасында бірінші орынды иеленді. Әділбек Жақсыбеков жылдар бойы оқу­шы­ларға сапалы білім, саналы тәрбие бер­ген ата-аналар мен мұғалімдерге алғыс білдірді. – Елордада білім деңгейі жыл­дан-жылға артып келе жатқаны қуанышты жайт. Астана білім сапасы бойынша елімізде бірінші орында тұр, – деді әкім. Сонымен қатар, қала басшысы елімізде 2011-2020 жылдарға арналған білім саласын дамытудың мемлекет­тік бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, жақында ғана Білім және ғы­лым министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі арасында бекітілген 2015-2017 жылдарға арналған білім жүйесін жетіл­діруге бағытталған меморандум да қаламызда білім сапасын арттыруға септігін тигізбек. ERA_3081+ – Астанада білім саласының дамуына инфрақұрылымдық даму жағдайы да оң әсер етеді. 17 жылдың ішінде елордада 44 мектеп салынды. Сонымен қатар, биыл 5075 орынға есептелген жалпы білім беретін 5 мектеп пен 1050 орындық мектепке қосымша ғимарат салынбақ, – деді елорда басшысы. Әкімнің атап өтуінше, елімізде білім саласын дамытуға Мемлекет басшысы ерекше назар аударады. Бүгінгі күннің өзінде-ақ оң нәтижелерді байқауға болады. Үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша 399 оқушы халықаралық олим­пиадалар мен ғылыми жарыс­тар­ға қатысты, соның ішінде 238-і медальдармен марапатталды. – Бүгінде елордада еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары орналасқан, олардың есіктері сіздер үшін әрдайым ашық және бұл мекемелерде отандық және шетелдік білікті мамандар жұмыс істейді, – деді әкім. Суреттерде: кештен көріністер. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.