Бұрнағы күні «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ атсалысуымен Қазақстандағы Франция елшілігі Alstom компаниясымен бірлесе отырып, «SunTrip – From Expo to Expo» имидждік веложарысының қатысушысы Паулинде ла Марньемен салтанатты кездесу рәсімін ұйымдастырды. Француз велосипедшісі ЭКСПО-ның үш астанасы – Милан (2015), Анталья (2016) және Астанаға (2017) саяхат жасады.
Паулин 9 мың шақырымдық жолды жүріп өтіп, «Бәйтерек» монументі жанындағы алаңға велосипедімен жетті. Салтанатты кездесуді Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Франсис Этьен сәлемдесу сөзімен бастады.
Бұл саяхаттың мақсаты Еуропа мен Қазақстан арасындағы жақындықты көрсету. Сонымен қатар, Паулиннің велосипеді күн энергиясы көмегімен қозғалатындықтан, веложарыс «таза» энергия идеясын ілгерілетуді көздейді. Мұндай велосипедпен күніне шамамен 200 шақырым жолды сағатына 40-60 шақырым жылдамдықпен жүріп өтуге болады. Француз қызының сөзіне сүйенсек, ең бастысы, велосипедші төзімді болуы керек. «Сіз табиғатқа және энергия көздеріне ұқыпты қараудың жарқын үлгісін көрсеттіңіз. «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналған Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу қарсаңында бұл мәселе өте өзекті», – деді өз сөзінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК кеңесшісі Роза Асанбаева. Қазіргі таңда ұлттық компания елорданың туристік жолбағдарын жетілдіру және «RecommendedbyEXPO» белгісі қойылған туристерге арналған ең үздік бағыттардың тізімін құру бойынша жұмыс жүргізуде. Солардың бірі «Түнгі Астана шырақтары» саяхаттық бағдары Паулинге сыйлық ретінде табысталды. Қайсар велосипедші жиналғандарға алғысын білдіріп, Қазақстанның елордасы өте сұлу екендігін атап өтті. Ол «міндетті түрде ЭКСПО-2017 көрмесіне келемін» деп уәде берді. «Менің саяхатымның мақсаты – кез келген адам табиғатты бүлдірместен елдерді аралай алатынын көрсету. Сондай-ақ, техникалық инновацияларды «гаражда» отырып-ақ өз қолыңмен жасауға болатынын көрсетуге бағытталды», – деді Паулин. Айта кетейік, «Sun Trip» жобасы 2013 жылы экологиялық көлік түрлерін ілгерілетуге бағытталған тың бастама ретінде іске қосылды. Соның шеңберіндегі веложарыс барысында бірнеше ондаған адам күн энергиясымен жүретін велосипедпен әлемді шарлауда. Жол-жөнекей спортшылар әртүрлі қалаларда аяңдап, жергілікті халықпен тілдесіп, «таза» энергетиканың дәуірі басталғанын өзінің ісі арқылы үлгі ретінде насихаттап көрсетеді. Биылғы жарысқа көптеген адам қатысып, Миланнан Антальяға қарай саяхатқа шықты. Алайда, Антальядан Астанаға дейін жетуге тек Паулин ғана бел буған көрінеді.
Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».