05 Тамыз, 2015

Бала – болашағымыз

568 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Тайдың – мінілгені, баланың – жұмсалғаны білінбейді» десек те, егемен елдің ертеңі болар бүгінгі өрендерге жан-жақты тәрбие беріп, әлеуметтік тұрғыдан барынша қамтамасыз етіп, толыққанды білім алуына жағдай жасау әрбір азаматтың міндеті. Бұл ретте ата-аналардың ғана емес, мемлекеттің де атқарар рөлі зор. Сондықтан билік балалардың мұқтаждығын өтеу үшін бюджеттен арнайы қаржы бөліп, олардың тиісті білім алуына, денсаулықтарын қадағалауға, жаман әдеттерге ұрынбауына осы секілді тағы да басқа көптеген мәселелерді қамтуды мойнына алып отыр.

111 (21)

Мысалы, Қызылорда облысы бойынша 4852 мүмкіндігі шектеулі балалар тіркеуге алынған. Олардың 2790-ы білім алуға жолдама алған. Айталық, арнайы түзету мектеп-интернаттарда 226, арнайы түзету сыныптарында 126 бала оқып жатыр. Ал 873 жеткіншек үйінде білім алса, 1507 бала жалпы орта білім беру мектептеріне жіберілген. Осының өзінен-ақ жастайынан тағдырдың соққысына түскен балаларға қамқорлықтың қаншалықты екені аңғарылса керек.

Аймақта ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға да жүйелі қолдау көрсетіліп келеді. Білім беру жүйесінде 70 бала, әлеуметтік бейімдеу орталығында 31 бала, облыстық мамандандырылған сәбилер үйінде 22 бала, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар жүйесінде балаларға арналған психоневрологиялық интернат үйінде 55 бала тәрбиеленіп жатыр. Әрине, бала үшін ата-ананың орны айырықша бөлек. Дегенмен, жоғарыда аталған мекемелерде балалардың еш мұқтаждықсыз өсуіне барлық жағдай жасалған. Шындығында, Қызылорда облысы республика бойынша жетім балалар саны аз аймақтардың бірі болып саналады. Осының өзі көңілге үлкен қуаныш сыйлайды. Айтпақшы, жетім балалардың жазғы демалысы да тиісті жоспарға сәйкес жүргізілді. Ол үшін жыл басында мамандар жұмыстарын жүйелеп, алдағы демалыстың күндерін қызықты етудің жолдарын қарастырған болатын. Соған сәйкес, маусым айында «Арай-Санрайз» лагерінде 24, «Сырдария» қала сыртындағы лагерінде 13, Жаңақорған ауданындағы «Тау самалы» лагерінде 24 бала демалды. Шілде айында «Тау самалы», «Талды су» лагерьлерінде 62 бала тынықса, тамыз айында Сырдария ауданындағы «Жалын» лагеріне 62 баланы аттандыру жоспарланған. Осы арада мына мәселені айтпай кетуге болмайтын шығар. Қызылорда облысында отбасы ыңғайындағы «Атамекен» балалар ауылы ашылды. «Жетімдер үйі» деген сөздің өзі баланың психологиясына жақсы әсер ете қоймаса керек. Жаңадан ашылған балалар үйін қызылордалық мамандардың балалар ауылы деуінің сыры осы арада жатса керек. Ал бұл ауылдың салынып, пайдалануға берілуіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың үлкен еңбек сіңіргенін айтқан абзал. Балалар ауылында әкімшілік ғимарат, спорттық алаң, 8 екі қабатты үй салынған. Онда бір немесе екі отбасының балалары 7-ден 10 балаға дейін тәрбиеші-анасымен орналасқан. Балалар ауылының отбасында балаларды күтіп-бағуды және тәрбиелеуді жүзеге асыратын тәрбиеші аналар да үлкен сұрыптаудан өтіп барып қана қызметке қабылданды. Қысқасы, мұнда балалар отбасының тәрбиесін алып, жылуын сезініп өседі. «Жетім қозы тас бауыр» деген болмайды. Қайта өз мемлекетінің аялы алақанын, жан жылуын, қамқорлығын сезініп өседі. Облыстағы 292 мектепте оқитын оқу­шыларға медициналық қызметпен қам­тамасыз ету жұмыстары жүйелі жүргі­зіледі. Оның 275-інде медициналық кабинет­тер қызмет атқарады. Былтыр білім меке­мелерінде 425 аяжан медициналық қызмет көрсетті. Ал 2014-2015 оқу жылында мектеп­тердегі медкабинеттердің жалпы саны 275-ті құраса, ондағы стоматологиялық кабинеті бар мектептер саны едәуір артып отыр. Атап айтқанда, стоматология қызмет көрсету жұмыстарын Арал ауданы­ның – 7, Қазалы ауданының– 9, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарында – 2, Шиелі ауданының – 3, Жаңақорған ауданының – 4 және Қызылорда қаласының 12 мектебінде жасақталған. Облыс бойынша 93,1 пайыз оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. 45504 бала тегін ыстық тамақпен қамтылса, оның ішінде 1-11 сынып оқушыларының ішінде аз қамтамасыз етілген отбасының балалары тегін тамақтанады. Айта берсе, өңірде атқарылған шаруа көп. Ең бастысы, ата-анасы бар, жетім қалған, мүмкіндігі шектеулі балалардың ешқайсысы оқулықтан, ішер астан, медициналық көмектен таршылық көріп жатқан жоқ. «Жерде бір жетім жыласа, көкте мың періште күңіренеді» деген тәмсілді ұстанатын халықпыз ғой. Сондықтан, Қызылорда облысы бойынша жас жеткіншектердің өмірдің қиыншылығын көрмей өсуіне барлық жағдай жасалып жатыр.

Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы.