05 Тамыз, 2015

Әлем жаңалықтары

344 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Егер президент болып сайлана қалса... 111 (34) Кентукки штатынан сайланған рес­публикашыл сенатор Рэнд Пол егер АҚШ президенті болып сайлана қалса, өзінің шетелге алғашқы сапарын Қытайға немесе Ресейге жасауға ниетті екенін білдірді. Сенатор мұны «Сайлаушылардың президенттік форумы» телебағдарламасы эфирінде мәлімдеген. Ол Құрама Штаттар үшін «бүкіл әлеммен өзара әрекеттестік» ерекше маңызды екендігін атап өткен. Сенатор, сондай-ақ, «Қытай мен Ресей АҚШ-тың қарсыласы болса да, біз бұл ұлы державалармен өзара әрекеттестік жасаймыз деген ойдамын» деп айтқан. Республикашыл партиядан президенттік бәсекеге 15 адам түсіп отыр. Ал президенттік сайлау 2016 жылдың 8 қарашасында өтеді. Ұрып-соққандары Каддафидің ұлы ма? Ливияның прокуратурасы осы елдің бұрынғы басшысы Муаммар Каддафидің ұлы Саадиді Триполидегі түрмеде ұрып-соғып жатқан бейнежазбаның интернеттен көрінгендігіне байланысты тексеруді бастады. «Рейтер» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бейнежазбада 42 жастағы Саади Каддафиге ұқсас адамды жауап алу кезінде түрме күзетшілері ұрып-соғып жатқаны көрінген және әлгі адамның қатты айқайлағаны естіліп тұрған. Триполи прокуратурасы бейнежазбадағы күзетшілерді тауып, жауапқа тартпақ ниет танытып отыр. Құқық қорғаушы ұйымдар «Аль-Хадба» түрмесіндегі осы оқиғаға қатысты алаңдаушылық білдіруде. Екі ел тұрғындары арасындағы кикілжің 111 (1) Қырғызстан мен Тәжікстанның шекаралас жатқан елді мекендерінің тұрғындары арасында орын алған тұрмыстық кикілжің салдарынан бес қырғызстандық жарақат алды. Бұл жөнінде «Новости» ақпарат агенттігі хабарлады. Бұдан басқа Қырғызстан аумағындағы тұрғындардың жеті үйі мен бірнеше автокөлік бүлінген. Қақтығысқа 200-ге жуық адам қатысқан және олар бір-біріне тас лақтырған. Кикілжің қырғызстандық Көк-таш селосы тұрғындарының ашу-ыза танытуларынан басталған сияқты. Өйткені, тәжікстандық Майск селосының тұрғындары қырғыз ағайындарды жергілікті зиратқа өткізбей қойса керек. Оның есесіне, қырғыздар тәжікстандық Чорку селосына су жеткізетін каналдағы суды жауып тастапты. Кикілжің екі тараптың жергілікті билік және құқық қорғау органдарының түсінік жұмыстарын жүргізуі нәтижесінде әрең басылған. Қысқа қайырып айтқанда: ● Кеше түні Түркияның Карс провинциясы аумағындағы Баку – Тбилиси – Карс – Эрзурум газ құбырының учаскесінде жарылыс болды. Әзербайжан еліне қарайтын бұл газ құбырымен газ беру уақытша тоқтатылды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. ● Ағылшын ғалымдары ұшақта бомба жарылған жағдайда, оның жарылыс күшін едәуір азайтатын сөмке ойлап тапты. Сөмке инновациялық материалдардан жасалған, ол бұйым кевлар және басқа бірегей маталардан тігілген. ● Иранның оңтүстігінде ауа температурасы Цельсий шкаласы бойынша 74 градусқа жеткен. Ал су 33 градусқа дейін ысыған. Ауа райын болжаушылар осы аптада Иранның оңтүстігінде көлеңкеде сынап бағанасы 50 градустан төмендемейтінін айтады. ● Француз кеденшілері Корсика аралында құны кем дегенде 27,4 миллион долларға бағаланатын Пабло Пикассоның картинасын тәркіледі. «Жас әйелдің портреті» картинасы кемеден табылған. Кеме капитаны картинаны бір елден екіншісіне шығаруға рұқсат беретін ресми құжатты көрсете алмаған. Құлаған ұшақ 20 адамның өмірін қиды 111 (3) Сирияның МиГ әскери ұшағы Эрих қаласындағы көкөніс сататын базарға құлады. «Ассошейтед пресс» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, ұшақ апаты салдарынан жиырмаға жуық адам мерт болған және бірнеше тұрғын үй қираған. Эрих қаласын осы жылдың мамырында оппозиция күштері басып алған еді. Наурыз айынан бері Сирия әскерлері елдің солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясы үшін күресте жеңіліске ұшырап келеді. Эрих қаласы осы провинцияның аумағында орналасқан. Атап өтейік, Сирияда азаматтық соғыс 2011 жылы басталды. Соғысқа бүгінде әртүрлі топтар қатысуда. БҰҰ-ның мәліметтері бойынша, жанжалдар салдарынан 220 мыңнан астам адам қаза тапқан, бір миллионға жуық адам жараланған. Әскерилер 178 тұтқынды құтқарды Нигерия армиясының әскерилері «Бока харам» исламдық топтар содырларының тұтқынындағы 178 адамды құтқарғандарын мәлімдеді. Бұл жөнінде «Рейтер» ақпарат агенттігі хабарлады. Арнайы операция содырлардың жиналатын орталығы болып табылатын Борно штатында жүзеге асырылған. Әскерилердің мәліметі бойынша, құтқарылған 178 адамның 101-і балалар, 67-сі әйелдер, қалғандары ер адамдар. Бұдан бөлек, әскерилер содырлардың командирін қолға түсірген және Бама қаласы маңайын терроршылардан тазартқан. Сонымен қатар, Нигерияның әскери әуе күштері «Боко харам» топтарының содырларына әуеден соққы берген. Чемоданға жасырынып жантәсілім етті 111 (2) Чемоданға жасырылған Солтүстік Африканың тұрғыны паром үстінде жантәсілім етті. Әлгі ер адамның Испанияның африкалық бөлігінен Еуропаға бағыт алған паромдағы «сапары» бес сағатқа ғана созылыпты. Багаж, яғни чемодан автомобиль ішінде екен. Автомобиль рөлінде жантәсілім еткен мигранттың бауыры болған. Паром Альмерии жағалауына жеткенде, ол жергілікті билікке өзінің бауырының жағдайы нашар екенін хабарлаған. Құтқарушылар қаншама әрекеттенгенмен, оны аман алып қала алмапты. Осындай оқиға осы жылдың мамырында да болған. Онда испандық шекарашылар рентгеннің көмегімен чемоданға жасырылған 8 жасар баланы тауып алыпты. Интернет материалдары негізінде әзірленді.