05 Тамыз, 2015

АҚШ-та Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған деректі фильмнің ресми тұсаукесері өтеді

303 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Үстіміздегі жылы 3-12 тамыз аралығында АҚШ-та Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры Андрей Хазбулатов, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Асқар Тәжиев, сонымен қатар, Ұлттық музей қызметкерлері қатысып жатқан IVLPondemand халықаралық сапарлар бағдарламасы өтуде. 111 (9) Бағдарламаның ашылуы «WorldLearning» кеңсесінде өтті. Салтанатты шараға қазақстандық делегация мүшелерімен қатар, АҚШ Мемлекеттік депар­таментінің өкілдері де қатысты. Делегация жұмысы Смитсон институты, Тарихи нысандарды сақтау Ұлттық қор ассоциациясы, Джордж Вашингтон университеті, Нью-Мексико штатының Петроглиф ұлттық ескерткішіндегі ресми кездесулер, келіссөздер және тәжірибе алмасуды қамтиды. Сапар аясында Вашин­г­тондағы Джордж Вашингтон университеті мен Нью-Йорктегі Роберт Де Нироның «Tribeca» киностудиясында Қазақ ханды­ғының 550 жылдығына арналған деректі фильмнің тұсаукесері өтеді. «Қазақ хан­дығына 550 жыл» фильмі Қазақ хандығының құрылу тарихына арналған. Ол көне және орта ғасырлардағы Шығыс Азия мен Ұлы Жібек жолы, моңғол шапқыншылығы мен әлемнің геосаяси бөлінуі, қазақ халқын жаулап алу тарихнамасы, Шыңғысхан мұрагер­лерінің арасындағы талас, 1465 жылы алғашқы дербес Қазақ хандығының құрылуы туралы баяндайды. Сондай-ақ, кинофильмде Керей және Жәнібек, олардың ұлдары Қасым және Бұрындық билігі туралы жаңа деректері орын алған. 1952 жылдан бастау алатын IVLPondemand халықаралық сапарлар бағдарламасы – АҚШ Мемлекеттік департаментінің ең көне және беделді кәсіби ал­масу бағдарламаларының бірі. АҚШ-қа қысқа мерзімді сапар­лар барысында түрлі сала мамандары америкалық әріптестерімен кездесіп, ұзақ мерзімді ынтымақтастықтарын дамытады. Жыл сайын АҚШ-қа IVLP бағ­дарламасы бойынша 5000-нан астам шетелдік қаты­су­шылар келеді. Жалпы алғанда, 200 000 шетелдік маман амери­калықтармен IVLP бағдарламасы көмегімен байланыс орнатты. Олардың арасында 330 қызметтегі және бұрынғы мемлекет басшылары мен департамент жетекшілері бар. «Егемен-ақпарат».