23 Маусым, 2015

Ынта танытылды

286 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Саксония Федералдық жері үкіметінің және Фрайберг тау-кен академиясы басшыларының шақыруымен жақында Қазақстанның ГФР-дағы елшісі Болат Нүсіпов Саксонияға жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Саксония Премьер-министрі әкімшілігінің басшысымен, Саксония Федералдық жерінің статс-министрі Фритц Екелмен келіссөздер өтіп, онда неміс тарапы металлургия және кен өндіруші өнеркәсіп салаларына маманданған Қазақстанның облыстарымен әріптестік қарым-қатынастар орнатуға қызығушылық танытты. Фрайберг тау-кен акаде­мия­сының ректоры Бренд Майермен кездесу барысында тараптар геология және тау-кен мамандығы бойынша Қазақстаннан келетін мамандарды дайындауға ниет білдірді. Ынтымақтастық құралы ретінде неміс тарапы Фрайберг қаласында қазақ-герман «Білім үйін» ашуға ұсыныс жасады. Фритц Екел елімізде тұрақ­тылық пен ұлтаралық келісімді қам­тамасыз етуге Қазақстан бас­­шы­лығы үлкен үлес қосып отыр­ғанын атап көрсетіп, оған жоғары баға берді. Кездесудің соңын­да Қазақстан аумағында инвес­ти­циялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде ынтымақтас­тық­тың мүмкіндіктері, сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу туралы бірқатар мәселе бойынша пікір алмасу өтті. Осы күні жергілікті жетекші кәсіп­­орындар басшыларының қаты­суы­мен өткен дөңгелек үстел ба­ры­сы­нда қазақстандық дип­ломат өнеркәсіп пен техно­ло­гия салаларындағы ынты­мақтас­тық шеңберінде қазақ-гер­ман экономикалық қарым-қатынас­тарының өзекті мәселе­лері және Қазақстандағы  инвес­тициялық ахуал ту­ралы баяндама жасады. Саксо­ниялық іскер топтарды Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бас­тар жол» Жаңа Экономикалық Саясатының негізгі мақсаттары және міндеттері мен сондай-ақ, бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының ережелерімен таныстырды. Саксония Оңтүстік Герма­ния­ның серпінді дамып келе жатқан өңірлерінің бірі болып табылады, онда тамақ және химия өнеркәсібі, машина жасау, логистика және элек­троника салалары жақсы дамыған. «Егемен-ақпарат».