17 Ақпан, 2015

Тасқынға тас-түйін дайындық

274 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Шығыс Қазақстанда көктемге әзірлік шаралары жүргізілуде. Өзге өңірлерге қарағанда Алтай­дың алқымындағы алапта қар қа­лың түседі. Еліміздегі су ресурс­тарының басым бөлігі де Шығыс Қазақстан облысының аумағында. Бүгінде өңірдің 8 аймағында қар ылғалдылығының көтерілгені бай­қалды. Оның үстіне соңғы күндері облыс аумағында қар қатты еріп, жаң­быр жауды, көктайғақ та, бұр­қасын да, қатты жел де тұрды. Сон­дықтан, өңір тұрғындарының алаң­даушылығын түсінуге болады. Жуықта облыс аумағында 4 ша­қырымдық тасқынға қарсы бөгет салынды және бұрыннан қолданыста келе жатқан бөгеттердің 1,2 ша­қырымы жөндеуден өтіп, берік­тігі күшейтілді. Бұл жөнінде об­лыс­тық төтенше жағдай депар­таменті басшысының орынбасары міндетін атқарушы Сұлтан Ахметов пен төтенше жағдайдың алдын алу бөлімінің басшысы Евгений Шатурный мәлімдеді. Тө­тенше жағдай департаментінің өкіл­дері соңғы күндері күннің күрт жы­лынуына байланысты халық­ты алаңдатқан сауалдарға жауап берді. – Облыс әкімінің қаулысымен «2015 жылдың көктем маусы­мын­дағы тасқынға қарсы іс-шаралар жоспары» бекітілді. Тасқын ке­зеңінде су деңгейі көтерілуінің алдын-алу және жедел жою үшін Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің 844 адамдық жеке құрамнан тұратын тобы, 149 арнайы техника, 22 жүзу жабдығы, 9 мототомп әзірленді. Жолсыз жерлерде іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу мақсатында 7 шынжыр табанды ауыр техника­ларымыз бар. Төтенше жағдай орын алған аумақты барлау және зар­дап шегушілерді құтқаруға арнал­­ған «Шығыс Қазақстан облысы әуе бөлімшесі» КМҚК 7 тік­ұша­ғы дайындалды, – деді С.Ах­метов. Сондай-ақ халық, коммуникация, шаруашылық нысандарын қар көшкінінен қорғауды қамтамасыз ету мақсатында «Қазселденқорғау» мекемесі көшкін жүретін қауіпті аймақтарға бақылау жүргізуде. 2014 жылдың қарашасынан 2015 жылдың ақпан айына дейін қар көшкіні құлауының алдын-алуға арналған 14 шара өткізілді. Е.Шатурныйдың айтуынша, соңғы жылдары бұл салада қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, кешенді жұмыстар жүргізілді. Дегенмен, «апат айтып келмейді». Табиғаттың райына ноқта кигізе алмайсыз. Төтенше оқиға орын алған жағдайда зардап шеккендерді уақытша орналастыру және оларды азық-түлік, киім-кешекпен қамтуға қажетті материалдық-техникалық ресурстар, құрал-жабдықтардың қосымша қоры құрылды. Департаменттің жалпы сыйымдылығы 600 адамға жететін шатырлы лагері бар. Былтыр жазғы-күзгі маусымдарда облыстағы қалалар мен аудандарда айтарлықтай кешенді шаралар өтті. Су деңгейінің көтерілуі мүмкін өзендердің табаны тазаланып, тереңдетіліп, жағалауы кеңейтілді. Арық-каналдар жүйесі тазаланды. Жанар-жағармай, қап сияқты қажет дүниелердің қосымша қоры әзірленді. Су тоспаларының ахуалы қатаң қадағаланып келеді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.