07 Мамыр, 2015

Алматыда эколог Мэлс Елеусізовтің үйі өртеніп кетті

340 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
7-5-2015-eleusizov 01АСТАНА. 7 мамыр. Алматыда «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізовтің үйі өртеніп кетті. Отқа оранған үй аталған одақтың кеңсесі ретінде де пайдаланылып келген. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады. Қазіргі таңда кеңселерінің күлі көкке ұшқан экологиялық одақтың қызметкерлері жұмыссыз қалды. Өрттің шығу себептері туралы бірнеше нұсқа айтылуда. Әзірге нақты себебі белгісіз. Көпшіліктің пайымдауынша, тілсіз жау электр сымдарының тұйықталуынан пайда болуы мүмкін. «Біз Балқаш көлінде ұйымдастырылған желкенді қайықтар жарысынан түнделетіп оралдық. Келсек, кеңсеміз өртеніп жатыр. Бұл жерде базамыздың директоры тұратын. Алайда, ол бұл кезде үйде болмаған. Ауруханада жатыр», – дейді Мэлс Елеусізов. Өрт кезінде үйде база директорының әйелі мен балалары болған. Түн ортасында келіншек түтіннің иісі мен сатырлаған дауыстан оянып кетіп, ажал аузынан аман қалған. Әйел балаларын далаға шығарып, құжаттарын ғана алып үлгерген екен. Қазіргі таңда зардап шегушілер уақытша туған-туыстарын паналауда. Көмекке «Табиғат» одағының мүшелері келіп, киім-кешек пен ақшалай қолдау көрсетті. Өрт салдарынан шатыры ортасына түскен үйден қаңқасы мен іргетасы ғана қалған. Үйдің 70 жыл бұрын салынған. Бұл жөнінде Елеусізов мырза: «Өте ескі құрылыс. Кеңес заманында салынған. Қаңқасы қамыстан жасалған. Сол себепті де лаулап, тез өртеніп кетті», – дейді. Кейбіреулер үйдің әдейі өртелуі мүмкін екенін де жоққа шығарған жоқ. Оған Мэлс Елеусізовтің соңғы кездердегі белсенділігі себеп болуы мүмкін. Бұл ретте экологқа қарсы жасалған өткен жылғы қастаңдық әрекеті назарға алынды. Айта кетейік, 2014 жылы бұзақылар Елеусізовтің Алматыдағы қоқыстарды сорттайтын кешенін қиратып кеткен болатын. Еламан Қоңыр. Дерек сурет: КТК телеарнасы.
Соңғы жаңалықтар

Елдік тұжырымдама

Пікір • Бүгін, 08:50

Ғасыр үні жаңғырған кеш

Руханият • Бүгін, 08:30