Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрайымдығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссия отырысын аша отырып, Гүлшара Әбдіқалықова «Болашақ» стипендиясының елді институттық реформалау үдерісіндегі айрықша рөлін айта келе, болашақтықтардың әлеуетін Мемлекет басшысының «бес институттық реформасын іске асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындауға барынша тарту қажеттігін атап өтті.
Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов «Болашақ» халықаралық стипендиясының 2016-2020 жылдарға арналған даму жоспарының жобасын ұсынды. Жоспардың мақсаты экономиканың орнықты дамуы үшін сапалы білімнің қолжетімдігін қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылатыны жеткізілді.
Комиссия мүшелері «Болашақ» бағдарламасы бойынша Split PhD іске асыру тұжырымдамасын мақұлдады. Тұжырымдама Қазақстанның Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде елдегі жоғары оқу орындарында ғылыми кадрлар даярлаудың жаңа жүйесін енгізуді көздейді.
Комиссия отырысында алдын ала конкурстық іріктеуден өткен үміткерлерге «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау мәселесі қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша Гүлшара Әбдіқалықова Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмысын одан әрі ұйымдастыру аясында бірқатар тапсырмалар берді.
Отырысқа аталған комиссияның мүшелері қатысты.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».